Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:30, 09 Желтоқсан 2024

Шерзат Болат тарапының адвокаты Нұрқанаттың сотқа дайындалып жүргенін айтты

1
Фото: из открытых источников

Шерзат Болат тарапының адвокаты Саида Тәуекелова Нұрқанат Ғайыпбаевтің қазасы жөнінде тың деректерді айтты.

Адвокат: "Қылмыстық кодекстің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Шерзат ісі бойынша Нұрқанатпен тергеу амалдарына күнделікті жауап алу кезінде бірге қатыстық. Ауыр психологиялық жағдайын байқамаған едік. Ол жауап алу сәттерінің бәрін батыл түрде өткерді. Оқиға орнына барғанда да. Сәрсенбіде сотқа баруымыз керек еді. Ол сотта біз “жала жабу”, БАҚ-та “жалған ақпарат тарату” бойынша арыз түсіргенбіз. Сол бойынша сот басталуы керек еді. Дайындалған едік. Кеше де байланысты болдық. Материалдық қиындықтарға, ет дүкеніндегі жұмыстарына қарамастан, олардың осы істі қозғағанына қуанған едім. Ара-тұра оларға көмектесуге де тырыстық. Отбасында кіріс болсын дедік. Олар ешкімнен ештеңе сұрамады. Бұл жаңалық – бәрінің төбесімізге жай түскендей болды, – дейді адвокат Саида Тәуекелова қаза шыққан үйдің алдында журналистерге.

Адвокаттың айтуынша, Шерзат ісі бойынша тергеу амалдары аяқталуға жақын. 

"Біз сотқа дайындалып жатыр едік. Ол басты куәгер әрі жәбірленушінің бірі еді. Себебі оған да сол кезде үш рет пышақ салынған. Бүгінгі жаңалық – отбасына да, бізге де үлкен трагедия. Оқиғалар желісін алдағы уақытта қосымша хабарлаймыз. Қазір тергеу амалдарына баруымыз керек", – деді адвокат.

Айта кетейік, бұған дейін Талғар қаласының маңынан 30 жастағы ер адамның мәйіті табылғаны белгілі болған. Алдын ала болжам бойынша, ол өз-өзіне қол жұмсаған. Кейіннен оның марқұм Шерзат Болаттың ағасы екені мәлім болды. Кейіннен полиция оның өлер алдындағы хатын жариялады. Хатта ол қоштасып, өзін інісінің жанына жерлеуін сұраған.

 

Тегтер: