Адвокаттар мен құқық қорғаушылар белсенділердің қудалануына алаңдайды

27.05.2019, 03:15

31

25 мамырда Нұр-Сұлтанда құқық қорғаушылар жас белсенді Әлімжан Ізбасаровты қолдап, баспасөз жиынын өткізді. Оған қатысқан азаматтық белсенділер, жастар белсенділігімен көзге түскеннен кейін әскерге шақырылған Бейбарыс Толымбеков, Аслан Сагутдинов, Данияр Хасенов тәрізді жас белсенділердің мәселелерін де талқылады.

Жуырда осындай шақырту алған Әлімжан Ізбасаров өзін әскерге жылдам аттандырып жіберуге тырысып жатқан әскери комиссариат пен оны көшеден ұстап алып кетпек болған полицияның әрекетін өзінің саяси белсенділігімен байланыстырды. Ол 1 мамырдағы митингтен соң полицияның өзіне және айналасындағы таныстары мен туыстарына «ерекше назар» аудара бастағанын айтты.

— Мен әскерден қашпаймын, бірақ денсаулығымның кінәраттары бар. Оны медкомиссия кезінде дәлелдейтін боламын. Мені қатты қынжылтатыны көшеден ұстап алып кетпек болған полиция мен әскери комиссариаттың әрекеті. Мен оның заңдық тұрғыдан бағалануын талап ететін боламын, — деді ол баспасөз жиынында.

Белсенді Әлімжан Ізбасаровты қолдап келген азаматтар. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2019 жыл. /> Белсенді Әлімжан Ізбасаровты қолдап келген азаматтар. Нұр-Сұлтан, 25 мамыр 2019 жыл.

Әлімжан Ізбасаров өзінен бөлек Қазақстанның әр өңірінен Бейбарыс Толымбеков, Аслан Сагутдинов, Данияр Хасенов сияқты жас белсенділерді әскерге жіберу арқылы билік оларды қоғамнан алшақтатуға тырысып жатыр деп санайды. Ол Қазақстан билігіне жастардың белсенділігі қатты үрей тудырып, ұнамай барады дейді.

Адвокат Василий Садықов Қазақстан 2005 жылы ратификациялаған Саяси және азаматтық құқықтар туралы халықаралық пакті шарттарын сақтамай отыр деп есептейді. Ол адамның ортаға шығып, өз ойын айтуға құқығы Конституцияда да анық жазылғанын еске салды. Оның сөзінше, әскерге шақырту қағазын тапсыруға тек әскери комиссариат өкілі ғана емес, бірнеше полиция қызметкерінің қатар келуінің заңдық негізі жоқ.

"Қазақстандағы парламентаризмді дамыту" қорының жетекшісі Зәуреш Батталова ішкі істер және қорғаныс саласы қызметкерлерінің бірігіп, көшеден қарапайым азаматтарды ұстап алып, күштеп әскерге жібермек болғанын ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан қарау керегін айтады.

— Әлімжан ғана емес, басқа дәл осылай аяқ асты әскерге шақырылған жастардың әскери борышын өтеу жасында екендігімен ешкім дауласпайды. Сөз жоқ, ол — міндет, борыш. Бірақ олардың оқуға және денсаулығын сақтауға құқылары бар. Біз бұрын полициялық мемлекет болсақ, мына жағдаймен концлагерьге айналамыз. Сондықтан тез арада ұлттық қауіпсіздікті басқарып отырған елбасына үндеу жариялап, ішкі істер және қорғаныс министрі әркеттері парламентте талқылануы тиіс, — дейді Зәуреш Батталова.

24 мамыр күні Әлімжан Ізбасаровты бірнеше полиция өкілі көшеден ұстап алып кетпек болған. Олармен бірге келген әскери комисариат өкілі Азаттыққа әскерге шақырту қағазына Ізбасаров жеке қол қоюы тиіс болғандықтан келгенін айтқан еді.

Оқи отырыңыз:Әлімжан Ізбасаровты полиция көшеден ұстап алып кетпек болды.

Бұған дейін Алматы марафоны кезінде «Шындықтан қашып құтылмайсың» деген баннер іліп, акция өткізген Бейбарыс Толымбековті әскери комиссариат шақырып, борышын өтеу мерзімін шегеру туралы арыз жазғанына қарамастан әскер қатарына алған.

6 мамырда Оралдағы орталық алаңға жазуы жоқ таза плакатпен шыққан азаматтық белсенді Аслан Сагутдинов те алаңға шыққан бірнеше күннен соң әскерге шақырту алған. Бірақ 19 мамырда Қазақстан қорғаныс министрлігі белсенді Сагутдиновті «аневризм» диагнозына байланысты әскерге жарамсыз деп таныған болатын. Қорғаныс министрлігі әскерге шақыртуды белсенділігімен байланыстырған Сагутдинов сөзін жоққа шығарған.

23 жастағы Әлімжан Ізбасаров — 1 мамыр күні наразылыққа шығып, әуелі "құқық қорғау орган өкіліне бағынбады" деген айыппен бес күнге қамалған еді. Артынша «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны» үшін оған он күн қосылған.

Белсенді қамаудан шыққан соң да түрлі жиындарға қатысқан. 22 мамырда астанада белсенділер ұйымдастырған бейбіт жиын өткізу құқығын талқылау шарасында Ізбасаров «1 мамыр халықтың өз қорқынышын жеңген күн болды. Қадам жасалды. Біз жастар, топтасуымыз керек. Сол кезде біздің қасымызға ата-анамыз да қосылады» деген еді.

Оқи отырыңыз: Аслан Сагутдинов: «Егер өзгермесек, жағдай нашарлай бермек»
Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36