АЕ/АР президенті: Үкіметтер коронавирус туралы шындықты жасырады, біз адамдарды құтқаруға тырысамыз

31.05.2020, 20:59

36

Пандемия кезінде Азат Еуропа/Азаттық радиосы тілшілері жариялаған мақалалар көптеген елдерде ақпаратты жасыру әдеттегі жағдайға айналғанын көрсетті. Азат Еуропа/Азаттық радиосының президенті Фжейми Флай 29 мамырда осылай деп мәлімдеді.

«Пандемия аяқталғанға дейін біз істейтін елдерде ақпаратты жасыру және жалған ақпарат таратуға жиірек куә боламыз, бұл вирустың жылдамырақ тарауына әсер етіп, қоғам денсаулығына қауіп төндіреді» деді Джейми Флай.

Оның сөзіне қарағанда Азат Еуропа/Азаттық радиосының Ресей, Қазақстан, Тәжікстан, Иран және өзге елдердегі оқырмандары медиакорпорацияның мақалалары адамдардың өмірін қауіпсіз етуге көмектесетінін, ақпараттың пайдалы екенін және үкіметтерді жағдайға реакция танытуға итермелейтінін айтады.

Джейми Флай «Настоящее время» телеарнасы, Фардо радиосы, сонымен бірге Орыс және Қазақ қызметтерін атап өткен.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда коронавирустан 37 адам қайтыс болған. Шын мәнінде одан көп пе?

Оның сөзіне қарағанда ресми статистикаға сенбей отырған Тәжікстанда Азаттықтың Тәжік қызметі коронавирустан қайтыс болғандардың тізімін құрастырып жатыр.

Тәжікстан билігі бір айға жуық уақыт бойы ДДСҰ кеңестеріне құлақ түрмей, елде коронавирус барын мойындамай келді. Тек 30 сәуірде денсаулық сақтау министрлігі елде 15 адамға вирус жұққанын хабарлады.

«Тәжік билігі 30 сәуір мен 15 мамыр аралығында 33 адамның коронавирустан қайтыс болғанын хабарлады. Ал Душанбедегі зиратта 50 адамның жаңадан жерленген бейіті пайда болды» деді медиакорпорация президенті.

Оның айтуынша, Озоди радиосының мақаласы жарық көргеннен кейін билік журналистердің зиратқа кіруін шектеп, видео түсіруге тыйым салған.

Тәжікстанның СІМ Озоди радиосының 8 тілшісіне аккредитация бермей, кешіктірген және қоғам шынайы ақпаратқа зәру кезінде тілшілер жұмысын жалғастыра алмай отыр. Джейми Флайдың айтуынша, сонымен бірге Facebook-та жалған үкіметшіл аккаунттар тәжік бюросы қызметкерлеріне шабуыл ұйымдастырып, журналистердің ар-намысына тиетін комментарийлер мен карикатуралар жасаған.

«Бұлар әлемдегі ең батыл журналистердің бірі, олар қоғамға қызмет ету үшін өмірін қауіпке тікті. Үкімет және оның өкілдері шындықты жоққа шығаруға тырысып, әрбір қадам сайын кедергі келтіреді. Үкімет бізбен „текетіресіп“ жатқан шақта біз адамдарды құтқару үшін ақпарат беріп отырмыз» деді корпорация президенті.

Пандемия кезінде Азат Еуропа/Азаттық радиосы материалдарына сұраныс еселеп артты. Наурыз айында алдыңғы айлармен салыстырғанда АЕ/АР сайттарына кіргендер саны 48 пайызға өсіп, 77 миллионды құраған.

Мамыр айында сайттар мен әлеуметтік желідегі оқырмандар саны 128,5 млн құрап, өткен аймен салыстырғанда 43 пайызға артқан. АЕ/АР-дың Facebook, Instagram парақшаларындағы оқырмандар саны да артты. Сәуір айында Инстаграмда жазылушылар саны күрт артып, наурыз айымен салыстырғанда 72 пайызға ұлғайған.

Тегтер:

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Аңдатпа


  • Қабырғасы қақыраған құрылыстан қашан құтыламыз?
    28.11.2020, 11:09
  • Қазақстанда қылмыстың 12%-ын әйелдер жасайды
    28.11.2020, 16:52
  • 30 пайыз: «Шымбұлақ» жаңа маусымды карантиндік шектеулермен бастады
    28.11.2020, 13:30
  • Жастарға жол бермей жатқан ешкім жоқ
    27.11.2020, 09:16
  • Автовокзалға баласын тастап кеткен әйелдің кім екені анықталды (видео)
    27.11.2020, 11:36