АЭА: Смайылов 10 есе ұтылған жобаны Сұлтанғазиев ұқсата ала ма?
Қазақстандағы арнайы экономикалық аймақтар (АЭА) үмітті ақтамай отыр. Тіпті бұл аймақтарда не болып жатқанын үкімет нақты білмейді.
Қазір сарапшылар осылай деп дабыл қағып отыр. Бұл мәселе өткен аптада парламент сенатында да көтерілді.
Елімізде АЭА 2001 жылы құрыла бастағанда «енді адам айтқысыз күйде дамимыз, экономикамызға инвесторлар кедергісіз тартылады» деп Назарбаев тұсындағы билік сенімді түрде айтқан. Алғашқы арнайы экономикалық аймақ – елорданың жаңа нысандарын салуға тартылған инвесторларды салықтан босатуға қызмет еткен «Астана – жаңа қала» еді. Содан кейін елде АЭА-лар бірінен соң бірі құрыла бастады. Қазір елімізде 13 АЭА бар. Әйтсе де, мұндай ерекше статусы бар аймақтардың экономикасы дүрілдеп, халқының әл-ауқаты көтеріліп, дамып кетті деп тағы айта алмаймыз. Керісінше, сенаторлар «арнайы экономикалық аумақтарға құрылғалы бері мемлекет тарапынан 4 триллион жұмсалған. Қазіргі күні біз салық ретінде соның тек 350 миллиард теңгесін ғана алдық» деген мәліметті жария етті. Бұған қарап сала мамандары да «аталмыш аймақтарға қаражат салған үкімет 10 есеге ұтылды» деп отыр.
Мысалы, Атырауда орналасқан ұлттық мұнай-химия паркі арнайы экономикалық аймағын алайық. Бұл аймаққа кейінгі жылдары 162 млрд теңге салынған. Ал 2013-2020 жылдар аралығында аталмыш аймақтан бюджетке түскен салық 16 млрд теңге. Яғни мемлекет осы аралықта 162 млрд теңге салған да, салық жағынан бар-жоғы 16 млрд теңге түскен. Салған қаражаттың 10 ғана пайызы. Міне, он есеге ұтылу дегеннің бір дәлелі – осы. Бұдан бөлек үкімет таяуда «G4 City» АЭА басқарушы компаниясын құру жұмыстарының жүріп жатқанын хабарлады. Жаңа аймақ Алматының 4 серіктес қаласын салу үшін қажет. Алматы облысының аумағында 30 мың гектар жерді қамтып жатқан «G4 City» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Көлемі жағынан ең кішкентай мемлекет ретінде қарасақ, мұндай аумаққа екі Лихтенштейн мемлекеті сыйып кетеді.
Лихтенштейн өнеркәсібі өте жоғары дамыған мемлекет. Жан басына шаққандағы ЖІӨ жөнінен әлемдегі жоғары орындардың бірінде. 11 ауданға бөлінген 40 мыңға жуық халқы бар бұл мемлекеттің экономикасы айналасы 10-15 жылдың ішінде дамып, шаруасы дөңгелеп шыға келген. Ал біз Алматы облысы бойынша тура осындай экономикалық аумақты қамтитын АЭА жұмысын жандандыруды 2048 жылға дейін жоспарлап отырмыз. Осы аралықта бұл экономикалық аймаққа 3,7 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту, құны 17 трлн теңгеден астам қызметтер мен тауарлар өндіру, сондай-ақ 60 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспарланып отыр.
Бірақ бұл арада үкіметтен бөлек Алматы облысы әкімі Марат Сұлтанғазиевтің іскерлігіне күмән келтіретіндер де жетерлік. Облыстағы шешілмей жатқан түйіткілдердің көп екенін мысал еткен мамандар 30 мың гектарлық АЭА-ны Алматы облысының әкімі ұқсата алмайды дейді. Экономист-сарапшы Меруерт Молдабаева былай дейді:
«Мен өзім сол Алматы облысы Іле ауданының тұрғынымын. Облыста шешілмей жатқан мәселелер жетіп артылады. Ауыл мен ауылдың арасын жалғайтын кішігірім көшелер қаншама жыл жөнделмеген. Соңғы отыз жыл бойы жөндеу көрмеген көшелер бар. Электр энергиясының үп еткен жел тұрса сөніп қалатынын, күз бен көктемде көшедегі батпақтан аяқ алып жүре алмайтынын, ауыз суға жарымай отырғандарын айтып жұрт әкімнің алдын тоздырып жүр. Сұлтанғазиев бұл мәселелерден хабардар. Сонда кішігірім ауылдардағы осы мәселелерді шеше алмай отырып АЭА-лар жайлы қалай ұялмай сөз қозғаймыз? Өз басым, АЭА экономикаға орынсыз жамау деп есептеймін. Осы уақытқа дейін бірде-бір экономикалық аймақтың экономиканы өрге сүйреді дегенін естімедік».
Маманның айтуынша, қазақстандық АЭА-ның бәрі қосылып, әлемдегі ең кішкентай болса да біз мысал еткен ең ауқатты елдердің бірі болып табылатын Лихтенштейннің тырнағына татымай тұр. Олар керісінше, мемлекетімізді шығынға батырып жатыр.
Жалпы, президент Тоқаевтың өзі де бұл аймақтар инвестиция әкелу үшін тиімді бола алмады деп бірнеше мәрте айтқан. Президент экономикалық аймақтарға және оның қатысушыларына бюджеттен жүздеген миллиард көлемінде салмақты қолдау көрсетілгенін айтты. Бірақ соңғы үш жылда АЭА аумақтарында өндірілген тауарлардың жалпы көлемі ЖІӨ-нің 1,5 пайызынан да аспады. Ал олардың шетелге өткізе алған өнімдерінің жалпы экспорттағы үлесі бар-жоғы 0,1 пайыз болған. Бұл мәселені реттеуге қатысты Тоқаев 2022 жылы үкіметке бір ай уақыт та берді. «Заңға өзгеріс енгізуден бастап, қажетті шараның бәрін қабылдаңыздар. Іштен және сырттан инвестор тартыңыздар» – деді Тоқаев.
Бірақ Смайылов үкіметі президенттің бұл тапсырмасын естен шығарды ма, әйтеуір үкімет АЭА дамытуға қатысты серпінді идеялар айта қоймады. Артынша, Тоқаев үкіметке «енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшуді» және осы аймақтарға Ресейден кете бастаған шетелдік брендтер мен компанияларды көптеп тартуды тапсырды. Үкімет бұдан да қорытынды шығара қоймаған соң биыл жыл басында президент өңдеу өнеркәсібін, ІТ секторды және жаңа технологияларды дамытуға баса назар аудара отырып, АЭА жұмысын қайта ұйымдастыратын уақыт жеткенін айтты. Содан бері міне, алты ай мерзім өтті, бірақ бұл салада анау айтқандай реформа да, тың идея да әлі тумады. Сондықтан АЭА-ға байланысты сұрақ та, шағым да көп.
Біз тақырыпқа қатысты арнайы сауалдарымызды «Экономика және Құқық» институтының маманы, экономист-ғалым Жанар Күнтуғанқызына қойып көрдік:
АЭА-да не болып жатқанын үкімет білмейді, халық көрмейді.
– Жанар ханым, АЭА озық жобалардың қатарында деп айта аламыз ба?
– Атқарушы биліктің айтуынша, бұл жоба солай болуы керек-тін. Жоба бойынша ең қымбат АЭА-ны айтатын болсақ, мысалы, елдегі 13 АЭА-ның инфрақұрылымына салынған 400 миллиардтан астам қаржының 43 пайызы немесе 162 миллиарды Атыраудағы арнайы экономикалық аймаққа шығындалыпты. Ал шындығында бұл аймақтың елді өркендетуге қатты үлес қосып жатқаны шамалы. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігі атыраулық АЭА-ның озық жобалары қатарында полипропилен, полиэтилен, бутадиен шығаратын зауыттардың құрылысы басталып жатқанын айтты. Біз 2000 жылдардан бастап АЭА жобасын қолға алғанымызды есептесек, әлі зауыт салудың, оның құрылысын енді бастаудың айналасынан шыға алмай жүрміз. Демек, бұл жобаны озық жоба деп айтуға әлі ерте. Бұл жобалар үздік болса бюджетке түсім де көптеп түскен болар еді. Осыған қарап-ақ жобаның өзін-өзі ақтағаныy болмаса ақтамағанын айтуға болады.
–Жоғарғы аудиторлық палатаның дерегінше, Атыраудағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА-сының қатысушылары 7-8 жылда бюджетке небәрі 16 миллиард теңге салық төлеген.
– Иә, ондай дерек бар. Орасан зор қаржы шығындалды. Қазірде бұл АЭА инфрақұрылымының тек 17 пайызы ғана дайын көрінеді. Инфрақұрылымының 80 пайыздан астамы салынбаған.
– Бұдан бөлек АЭА-ға ұлттық компаниялар инвестиция сала бастапты. Инвестицияның 99 пайызы квазимемлекеттік сектордікі болып шыққан. Бұл дұрыс па?
– Рас, кейбір АЭА-ға салынған инвестициялар толығымен дерлік немесе 99, 5 пайызы – квазимемлекеттік сектордың, ұлттық компаниялардың инвестициялары болып шыққан. Әу баста АЭА шетелдік, ең құрыса отандық бизнесті тарту үшін құрылған болатын. Ал ұлттық компаниялар арнайы аймақсыз да басқа салаларға қаржысын сала беретін еді. Дұрысы, ұлттық компаниялар басқа өңірлерді дамыту үшін өндірісін сонда ашқаны жөн. Негізі бізде мұндай аймақтардың алдының пайда болғанына 20 жылдан аса уақыт өтті. Арабтар 20-30 жылда құм бораған шөлде ғажайып Дубайды тұрғызды. Қазақстан үкіметі осы кезеңде барлық АЭА қатысушыларының болмашы салық төлегеніне мәз. Үкімет тарапынан тиісті бақылаудың жоқтығы, депутаттардың үкіметтің айтқанына бас шұлғи беруі де көп нәрсеге ықпал етеді. Үкіметтен бақылау жоқ, оған депутаттардың көңілі тоқ. Меніңше, бұл арада үкімет АЭА жұмысын нақты қадағалап отыру үшін арнайы жұмыс тобын құру қажет. АЭА жобаларының тиімділігін талдап, заңнаманы жетілдірген жөн. Сосын әрбір тоқсан сайын парламентте есеп беріліп, үлкен талқылау болғаны жөн. Сол кезде бәлкім, ол аймақтардың жұмысы тірілер, жанданар, қаражаттың қайда салынып жатқанын халық білер. Ал қазір АЭА-да не болып жатқанын үкімет те білмейді, халық та көрмейді. Тек әйтеуір қыруар қаржы бөлініп жатқаны белгілі. Нәтиже өте аз. Бұл арада индустрия және инфарқұрылымдық даму министрлігі, ұлттық экономика, қаржы министрлігі бірлесіп жұмыс істеуі керек. Үш министрлік АЭА-ға бөлінген қаражатты қатаң бақылауға ала алса жақсы. Ал қаражат орынсыз жұмсалып, бақылау болмаса ешбір жұмыстың оң нәтиже бермейтіні белгілі емес пе?!