Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 14:00

АЭХА: Иранның Натанздағы ғимаратынан радиация сыртқа шықты

1
Фото: Maxar Technologies/Handout/REUTERS

Израиль Натанздағы Иранның ең ірі уран байыту орталығына соққы берді. АЭХА мәліметінше, салдарынан ғимараттан радиация бөлінген.

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) бас директоры Рафаэль Гросси 13 маусым, жұма күні Иранның Натанз қаласындағы уран байытатын стратегиялық нысанына Израильдің жасаған шабуылынан кейін радиация сыртқа бөлінгенін хабарлады.

«Натанз нысанының сыртындағы радиация деңгейі өзгерген жоқ. Қауіпсіздік шаралары арқылы бақылауда», – деп келтіреді агенттіктің баспасөз қызметі Гроссидің сөзін.

Иран Атом энергиясы ұйымының басшысы Мұхаммад Ислами, өз кезегінде, Израиль шабуылы Натанздағы нысанға елеулі зақым келтірмегенін және радиация сыртқа шықпағанын мәлімдеді.

«Зақым жер үсті деңгейінде болды және адам шығыны жоқ. Халықты алаңдатуы мүмкін радиацияның бөлінуі байқалмады. Қазіргі уақытта келген шығын көлемі бағаланып жатыр», – деді ол.

Бұған дейін Исфахан провинциясының губернаторының қауіпсіздік жөніндегі орынбасары Акбар Солехи де Натанзда  улану тіркелмегенін айтқан болатын.

Рафаэль Гроссидің айтуынша, мемлекеттер арасындағы қайшылықтар мен қатынастарға қарамастан, ядролық нысандарға ешқашан шабуыл жасалмауы тиіс.

«Мұндай шабуылдар жер бетіндегі халыққа да, қоршаған ортаға да қауіп төндіреді. Сонымен қатар, ядролық қауіпсіздік пен кепілдіктерге, аймақтық және жаһандық бейбітшілікке кері әсер етуі мүмкін», – деп мәлімдеді БҰҰ баспасөз қызметі АЭХА басшысының сөзін келтіре отырып.

Тегтер: