АЭС – энергия тапшылығын шешудің оңтайлы жолы
АЭС салу мәселесі бір шулатып, бір тыншып тұр. Алдымен елде атом электр станциясын салу тақырыбы, одан соң құрылыстың Балқаш маңында жүргізілетіні қоғамда қызу талқыланғаны есімізде. Одан кейін Алматы облысы Үлкен ауылында жария тыңдалым өтіп, бұқаралық ақпарат құралдары мен белсенділер тағы дүр сілкінді.
Артынша, АЭС салу мәселесі референдумға шығарылатыны айтылды. Алайда халық «атом» деген атынан, оны «Росатом» салады деген болжамнан үркіп әлі жүр. Ақпараттандыру жұмыстары да қарқын алды деп айта алмаймыз. Бірақ бұл мәселе энергетика министрлігінің күн тәртібінен түскен емес. Қазір шорт-листтегі 4 елмен АЭС салу жобасы бойынша ұсынылатын шарттарды талқылау бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Негізгі сұрақ та осы – АЭС-ті кім салады? Ықтимал жеткізушілер – Ресей, Франция, Қытай, Оңтүстік Корея. Олардың қайсысы жобаны ұтып, құрылыс жүргізетіні қандай критерийлерге сүйене отырып таңдалады? «Жас Алаш» осы тақырып төңірегінде ғалым, Ядролық физика институты бөліну физика зертханасының жетекші ғылыми қызметкері, физика ғылымының докторы Данияр Маралұлымен арнайы тілдесті.
Ешкім МАГАТЭ-нің рұқсатынсыз АЭС сала алмайды
Адамзат XX ғасырдың ортасынан бастап атом энергиясын өз пайдасына жаратып келеді. Одан бері 70-80 жылдай уақыт өтті. Қазіргі таңда атом электр станцияларын әлемнің 30 шақты елі қолданып отыр. Олардың дені дамыған мемлекеттер. Соның ішінде Еуропа елдері, АҚШ, атом өнеркәсібі мен энергетикасы жақсы дамыған Ресей бар. Соңғы жылдары көрші Қытай да белсенділігін арттырып отыр. Энергия тапшылығын шешудің ең оңтайлы жолы АЭС екенін түсінген Қытай бүгінде 14 энергоблок салып жатыр, тағы 30-дан астамы жоспарланған. Кейінгі кездері араб елдері де атом энергетикасына бет бұрды. Енді осы елдердің қатарына Қазақстан да қосылуы керек.
Қазақстанда АЭС салуға үміткерлердің шорт-листі белгілі – Ресей, Франция, Қытай және Оңтүстік Корея. Жобаны салатын ел немесе компания қандай критерийлерге сүйене отырып таңдалады десек, әңгіме алдымен Атом энергиясы халықаралық агенттігіне келіп тіреледі (МАГАТЭ). АЭХА АЭС салуға қауқарлы елдер мен компанияларды белгілейді. Ешқандай ел индустриямыз, технологиямыз дамыған, қолымыздан келеді деп АЭС құрылысын жүргізуге өз бетінше шешім қабылдай алмайды. Өйткені АЭХА жердің құрамынан бастап, ауаның құрамына дейін әр детальға тиісті стандарттарды белгілеген. Оған қоса, құрылыс жұмыстары мен жалпы АЭС салуда ең қарапайым электр сымдарының қалыңдығына дейін қатаң талаптар қойылады. Басты назарда – қауіпсіздік. Салғанға дейінгі талаптардан бөлек, салынып болған станса «техсертификациядан» өтеді. Яғни АЭХА өкілдері келіп тексереді де, талаптарға сай болмаса, лицензия бермей қояды. Оларға ақша ұсынып, параға сатып ала алмайсың. Не кемшілігіңді өзгертіп, түзетесің, не АЭС іске қосылмай құр тұрады. Бұл бірінші кезекте жобаны алған компанияның халықаралық деңгейдегі жауапкершілігі мен репутациясы.
Жоспар бойынша Қазақстан 3+ санатындағы (ұрпақ) су-сулы реактор салмақ. Ол жаңа типті реактор емес, технологиясы соңғы 30-40 жылдан бері белгілі. Мұндай АЭС жоғарыда айтылған 30 шақты елдің 20-ға жуығында жұмыс істеп тұр. Бірақ ол елдердің бәрі су-сулы реактор салуда тәжірибелі деп айта алмаймыз. Ішінде тек 4-5 мемлекет құрылыс жүргізуге қауқарлы.
Сөзсіз, әлемде салынған ешбір АЭС-тің сапасы нашар емес. Бірақ салыстырмалы түрде қарастыруға болады. Демек, бірінші кезекте аталған 4 елдің тәжірибесі мен портфеліне, бұрынғы жобаларына мән берілуі керек. Елдің өзіне, басқа да факторларға емес, атом саласындағы технологиясы мен тиімділігіне қарауымыз қажет.
Шорт-листтегі 4 елдің қайсысы тәжірибелі?
Бұл тұрғыда ең тәжірибелі үміткер Ресей.Әрине, саяси турбуленттілікке байланысты аталған нұсқа қазақстандықтарға түрпідей тиіп жатқаны рас. Алайда техникалық-ғылыми перспективадан қарасақ, «Росатом» Ресейде де, басқа әлем елдерінде де белсенді түрде құрылыс жүргізіп жатыр. Нақтыласақ, Ресейдің өзінде 3 энергоблок және шетелдік тапсырыстар негізінде 33 энергоблок салып отыр. Соның ішінде Түркия, Үндістан, Венгрия, Бангладеш, Қытай, Мысырда жобалары жүріп жатыр. 2023 жылы Беларусьта АЭС құрылысын аяқтаса, қазір Бразилия, Қырғызстан, Мьянма, Нигерия, Сауд Арабиясы, Өзбекстан, Шри-Ланка сынды елдермен келіссөздер жүргізуде. Және Қазақстанның конкурсына қатысуды жоспарлап отыр деуге болады.
Ресейге мықты қарсылас – француздар. Францияда 56 өнеркәсіптік реактор бар. Ондағы электр энергиясының 80 пайызға жуығы АЭС-тен алынады. Осылайша, бұл ел уран өндірмесе де, АЭС-тен энергия алу бойынша көшбасшылар қатарында. Бірақ олардың үлкен бір кемшілігі – жобаның құны тым қымбат болып кетуі мүмкін. Өйткені Франция Ресейге қарағанда әлдеқайда көп қаржы сұрауы ықтимал. Әрі логистикалық шығындар да артығырақ болары анық.
Қытайды алып қарайтын болсақ, онда жұмыс күші арзан, технология дамыған, баға жағынан мәселе бола қоймас. Алайда бұл ел тек өз аумағында ғана АЭС құрылысын жүргізген, басқа елдерге салуда тәжірибесі жоқ. Тағы бір ескерерлік жайт, Қытай әлемге ашық ақпарат жариялай бермейді. Ол жақтан тек фильтрленген ақпарат таратылатынын, көп нәрсе айтылмай қалатынын ескерсек, ондағы стансаларда ақаулық немесе апаттар болған-болмағанын білмейміз... Кореяның да тәжірибесі Қытаймен шамалас. Олардың Сауд Арабиясында, БАӘ-де жобалары бар. Шетелден салған стансаларында тек кәріс мамандар жұмыс істейді, шарттары сондай. Ал бізге ондай шарттың қажеті шамалы, өз мамандарымыз да жетеді.
Маман даярлау өз елімізде жүргізілуі тиіс
Маман дайындау жағы өз алдына бір тақырып. АЭС-те тек теориялық білім алған мамандар жұмыс істеп кете алмайды. Оларға реакторға барып, көріп, ұстап, радиацияны өлшеп, қауіпсіздік датчиктерін қадағалап үйрену және т.с.с. жұмыстарды жасау қажет. Отынды қалай салады, алады, қалай сақтайды, физикалық қорғау мен радиациямен жұмыс тәжірибе арқылы меңгерілуі тиіс. Бізде ондай реактор бар. Алматыдан 20-ақ шақырым жерде, Ядролық физика институтында орналасқан реактордың жұмыс принципі АЭС-тің реакторының жұмыс принцімен пара-пар. Тек жылуды шығаратын контурларындағы қуаты әртүрлі. Институттағы реактордың қуаты – 6 МВт, ал АЭС-те – 1200 МВт болады. Сондықтан мамандар даярлау ісін өзімізде жүргізуге еш кедергі жоқ. Бұл орайда АЭС-ті салатын ел бізге келіп кадр дайындауы тиіс. Құрылысты ұтып алған ел біз қойған талаптарға келісуі керек, керісінше емес.
Кадр мәселесінен бөлек, отын мәселесі де жіті талқылануы керек. Себебі отынды өзімізде өндірмесек, тағы тәуелділік туындайды. Қандай да бір заман туып, отын тасымалдаушы ел «отын жоқ» десе, АЭС тоқтап қалады. Жалпы, соңғы 20 жылда біздегі атом өнеркәсібі алға жылжыды. Прогресс баршылық. Енді отын өндіретін деңгейге де жете жатармыз.
P.S. Әлеуетті жеткізушілер ретінде ҚХР «CNNC» hpr-1000 реакторы, РФ «Росатом» ВВЭР-1200, ВВЭР-1000 реакторлары, Оңтүстік Корея «KHNP» APR-1400 реакторы және Франция «EDF» epr1200 реакторы қарастырылып отырғаны белгілі. Олардың қайсысы жобаны алып, құрылыс жүргізетінін үкімет шешеді. Ал қоғам басқасы-басқа, Ресей деген нұсқаға оң қабақ танытпайтынын байқатуда... Референдум туралы айтылғалы шорт-листтегі үміткерлермен келіссөзден бөлек, «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» заң жобасы әзірленіп, Қазақстан делегациясы АЭХА-ның жыл сайынғы бас конференциясына барып қайтты. Әрі АЭХА мамандары АЭС құрылысын жоспарлау бойынша миссиялар жүргізу арқылы Қазақстанға консультативтік қолдау көрсетіп жатқан көрінеді.
Жазып алған: Баян Мұратбекқызы