АЭС. Германия қимаған ақшаны Қазақстан қайдан алады?
Германия соңғы атом электр станциясының жұмысын тоқтатты. Бұл Қазақ қоғамында бір көтеріліп, бір басылып, бірақ нүкте қойылмай келе жатқан «АЭС салу керек пе, әлде жоқ па?
» деген сұраққа қайта жан бітіре бастады.
Халықтың пікірі де қақ жарылған. Бірі – экологиялық тиімді, әрі арзан атом электр станциясының қызығын көріп отырған өркениетті мемлекеттерді алға тартса, екіншісі – оның аса қауіптілігін тілге тиек етіп, наразылық танытуда. Дегенмен билік алдағы уақытта энергия тапшылығы болуы мүмкін дегенді ескеріп, АЭС-тің керектігін мақұл көріп отыр. Бірақ бірден кірісіп кеткенге халықтың қарсылығынан асып кете алмай жатқандай. Тіпті президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі «бұл мәселе тек референдум арқылы шешіледі» дегенді айтуға мәжбүр болды. Дегенмен кейбір деректерге қарағанда болашақ АЭС тұрғызылатын (Алматы облысы Үлкен ауылы) жер белгіленіп қойғанға ұқсайды. Бірақ атом станциясын кім салады, бұл мәселе әлі таразыға тартылып жатыр? Дегенмен Қазақстанға АЭС салуға үмітті шет елдік компаниялар баршылық. Олар: EDF (Франция), Росатом (Ресей), CNNC (Қытай), KHNP (Оңтүстік Корея), NuScale Power (АҚШ), Hitachi (Жапония). Бұлардың қай-қайсыда қуаты әр түрлі деңгейдегі атом станцияларын салуға бейімделгендер, әрі бұл саланы табыс көзіне айналдыра алғандар. Осы тұста өзге әлемге көз салсақ, жер бетіндегі 32 мемлекетте 440 атом реакторы жұмыс істеп тұр. 54-і салынып жатыр. 201 атом станциясы жабылыпты. Өзге ұсақ-түйектерін есептемегенде, өткен ғасырда аса ірі Чернобыль, осы ғасырда Фукусима секілді атом реакторларында апат болды. Зардабы шексіз, қасіреті әлі жойылған жоқ. 15 сәуірде Германия соңғы атом электр станциясының жұмысын тоқтатты. Неге? Иә, ендігі әңгіменің ауанын осыған қарай бұрайық. Өркениетке иек артып, технологияның соңғы мүмкіндіктерін пайдаланып отырған Германия неге атом станцияларынан түбегейлі бас тартты? Мәселе былай екен. Кез келген АЭС 35- 40-50 жыл жұмыс істейді. Одан кейін кем дегенде 10-15 жыл «демалады» екен. Сосын барып, оны демонтаждау, утилизациялау басталады. Мәселен, станцияны салуға ондаған миллиард доллармен 10-15 жыл кететін болса, оны бұзудың өзіне сондай жыл керек екен. Яғни одан шығатын жарты миллион тоннаға жуық радиоактивті қалдықтарды бөлшектеп алып, қауіпсіз жерге көму ұзақ уақытты алмақ. Оның үстіне, радиоактивті қалдықтар арнайы капсулаларға салынып көмілмек. Мұның бәріне миллиардтаған еуро керек. Шығын екі еселене түспек. Бұл бір, екіншіден, ядролық қалдықтардың қауіпсіздігін сақтау мыңдаған жылдарға кетеді. Бұл мемлекетті мәңгілік шығынға батыру деген сөз. Сонда пайда қайда? Осының бәрін таразыға тартқан немістер атом станцияларынан ерікті түрде бас тартқан.
Осы жерде мынаны еске ала кеткен жөн-ау. Мәселен, кеңес заманында Ақтауда салынған АЭС-тің жұмысы 1997 жылдан бері тоқтап тұр. Тура 26 жыл. Енді келіп, оның қауіпсіздігі үшін, жылына облыс бюджетінен 690 миллион теңге бөлінеді. Осының өзі-ақ АЭС-тің мемлекетке салар қаржылық салмағы ауыр екенін көрсетіп тұр емес пе? Онда неге АЭС керек деп даурығып жүрміз.
«АЭС салу ойыншық жасау емес. Үлкен қаржыны қажет етеді. Су көп керек. Балқаштың жағасына салмақ екен. Ертең бұл көл де Арал теңізінің кебін кимеске кім кепілдік береді. Байқоңыр ғарыш айлағының өзі бүкіл Сырдың суын сорып алып, Арал айтақырға айналды емес пе? Мұны ұмытуға болмайды. Сондай-ақ Атом электр станциялары ХХ ғасырдың «жемісі». Біз ХХI ғасырда өмір сүріп отырмыз. Қазір артық шығынсыз күннен, желден қуат алатын заман келді. Қазақтың даласы кең. Күннен энергия алатын алып станцияларды көптеп салып тастасақ болды. Одан тыс желден қуат алуға болады. Үнемі жел соғып тұратын өңірлер бар. Бізге осындай қоршаған ортаға зиянсыз, адам баласына қауіпсіз, арзан энергия көздерін меңгеретін уақыт келді. Онсыз да даламызда 8 миллион тонна көлемінде радиоактивті һәм 225 млн тонна төменгі активті қалдықтар төгілген. Соның зардабын халық көріп отыр. Орташа қуатты атом станцияларында кем дегенде 2-3 мың маман жұмыс істеу керек. Өкініштісі, бізде атом саласында жұмыс істейтін мамандар жоқтың қасы. Бәлкім, енді даярлауға көшкен болар. Демек біз станцияны салып берген компанияның, елдің мамандарына тәуелді боламыз. Оларға қаржы төлеуге тура келеді. Бұл үлкен шығын. Бұл бізге керек пе, өзі?» дейді экологиялық «Байтақ» партиясының жетекшісі Азаматхан Әміртай. Ақиқатын айтар болсақ, қазіргідей қиын кезеңде АЭС салу үшін 15-25 млрд доллар қаржы шығару ақылды адамның тірлігі деуге келмес. Бұл қаржыны қайдан аламыз? Әрине, Ұлттық қордан. Ол да түпсіз, шыңырау емес. Халықтың әл-ауқаты төмендеп, қымбатшылық бел алған тұста, ел игілігіне жұмсалар қаржы талан-таражға түсіп кетпей ме? Өйткені Қазақстанда бастау алған ірі жобалардың ешқайсысы түбегейлі орындалған жоқ. Екіншіден, Қазақстан өте ауқымды энергияны қажет ететін ірі индустриалды мемлекет емес. Барды үнемдей алсақ, соның өзі олжа. Біз негізі өзге жұртты көбірек үлгі тұтатын елміз. Осы орайда Германияның АЭС-ке байланысты ұстанымын неге ескермеске!