АЭС-ке қарсы шыққан белсенділердің соты басталды

Тоғыз ай қамауда отырғандарға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпынды» деген айып тағылды.
Алматыда Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салу жөніндегі референдум қарсаңында ұсталған бес белсендіге қатысты сот процесі басталды. Олардың қамауға алынғанына тоғыз ай болды. Айыптау тарапы бұл азаматтарды «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпынды» деп айыптап отыр.
Қамауда отырғандар: Нұрлан Жаулибаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев және Айдар Мүбараков. Оларды 2024 жылдың қыркүйегінде ұстаған. Ол кезде елде АЭС салу жөніндегі мәселе кеңінен талқыланып, референдум өткізу жоспарланған болатын. Қамауға алынған Нұрлан Жаулыбаев, Нұрлан Темірғалиев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықовтарды адвокат Төлеген Берліқожа қорғайтын болды. Ал Айдар Мүбараковты адвокат Ғалым Нұрпейсов қорғауына алды.
Қамалған белсенділердің үшеуі 60-тан асқан егде жастағы кісілер. Олар: Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай және Фазылжан Сыздықов.
- 54 жастағы Нұрлан Темірғалиевтің де денсаулығы нашарлап емделіп жүрген екен. Денсаулықтары нашар, үнемі дәрі ішіп жүретін кісілерді үйқамаққа шығара ма деген үміт болған, - дейді қоғам белсендісі Абзал Достияров.
Тергеу нұсқасы бойынша, белсенділер Алматыда жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болған. Алайда айыптау ісінің нақты мазмұны жария етілмеген. Адвокаттар бұл айыптауларды дәлелдейтін нақты дәйектердің жоқ екенін айтып, соттан айыпталушыларды үйқамаққа ауыстыруды және туыстарын қоғамдық қорғаушы ретінде қатыстыруды сұрап отыр.
Сот процесі барысында қорғау тарапының өтініштері қаралып, айыптау куәгерлері тыңдалуда. Процесті құқық қорғау ұйымдары мен қоғамдық бақылаушылар жіті қадағалап отыр.
Бұған дейін Human Rights Watch және БҰҰ Қазақстанда белсенділердің ұсталу процесінің ашық еместігін атап өткен. Бұл, әсіресе, әлеуметтік маңызы бар мәселелер талқыланған кезде байқалды. 2024 жылдың қазанында АЭС салу жөніндегі референдум өтіп, оған қатысқандардың басым бөлігі жобаны қолдаған. Дегенмен бірқатар экологиялық және қоғамдық ұйымдар дауыс беру процесінің ашықтығына және азаматтардың қауіп-қатер туралы ақпараттандырылуына күмән келтірген болатын.
Бес белсендіні қамауға алу дәл осы референдумға аз уақыт қалғанда жүзеге асты. Олар тоғыз ай бойы тергеу изоляторында отыр. Айып – Алматы қаласында «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпынды» дегенге негізделді.