АЭС соты: журналистерге видеоға түсіруге рұқсат берілмеді

Бүгін сағат 15:00-де АЭС құрылысына қарсы шыққан белсенділердің ісі бойынша сот отырысы өтуі тиіс болатын.
Айыпталушыларға «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға талпыныс» және «қылмыс жасауға оқталу» баптары бойынша айып тағылған. Бүгін олар соңғы сөзін айтуы керек еді.
Сот залына айыпталушылардың туыстары мен белсенділер жиналғанымен, процесс басталмай жатып судья Ернар Қасымбеков бір сағаттық үзіліс жариялады. Ол журналистерге бейнежазба жасауға тыйым салып, залдан шығуды талап етті.
Алматы қалалық мәслихатының депутаты Еркінбек Рахишев те сот залынан шығарылды. Ол журналистердің не себепті қуылғанын судьядан сұрамақ болған еді.
Алматыда АЭС құрылысына қарсы шыққан бес белсендінің ісі қаралып жатыр. 21 тамызда прокурор Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковты «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» және «Қылмысқа оқталу» баптары бойынша айыпты деп танып, әрқайсысына 5 жыл түрме жазасын тағайындауды сұрады.
Сонымен қатар прокурор тергеу изоляторында өткізген уақытты «бір күнге – бір жарым күн» есебімен қамау мерзіміне қосу ұсынылғанын айтты.
Белсенділер бұған дейін тағылған айыптарды жоққа шығарып, өздерінің қудалануы АЭС құрылысына қарсы пікір білдіруімен және референдум қарсаңындағы саяси жағдаймен байланысты екенін айтқан.
Айта кетейік, 2024 жылғы 29 қыркүйекте Алматыда АЭС құрылысына қарсы шыққан 12 белсенді ұсталған болатын. Солардың жетеуі — Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аққузова, Жеңіс Мақсутова, Рақыш Токманбет, Азат Төлеухан және Ерболат Аубакиров — кейін үйқамақ пен қолхатпен босатылды. Ал қалған бесеуі екі айға қамалып, кейіннен қамау мерзімдері бірнеше рет ұзартылды.
Негізгі сот отырысы 2025 жылғы 10 шілдеде басталды. Полицейлер белсенділерді «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды» деп айыптап, олардың чаттарында митингке шақыру, қаражат жинау және «билікке қарсы күрес» туралы үндеулер болғанын мәлімдеді.
Алайда сотта тәуелсіз сарапшы Абай Қайыржанов, адвокаттар өтініші бойынша шақыртылып, белсенділердің әрекеттерінде тәртіпсіздік ұйымдастыру немесе экстремистік идеялар жоқ екенін, қаражат жинау да жүргізілмегенін айтты.