Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:10, 03 Қыркүйек 2024

АЭС референдумын өткізуге бюджеттен 15,5 миллиард теңге жұмсалады

к
Фото: pixabay

Қазақстанда атом электр станцияларының құрылысы бойынша референдумды ұйымдастыру және өткізуге бюджеттен 15,5 миллиард теңге жұмсалады. Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының жалпыхалықтық референдум өткізуге арналған алғашқы отырысында айтылды. 

«Конституциялық заңның 28-бабына сәйкес ОСК шамамен шығындар сметасын әзірлеп, үкіметтің қарауына ұсынады. Бүгін таңертең жарлық жарияланғаннан кейін бұл жүзеге асырылды. Мемлекет басшысы референдумның күтілетін мерзімін бірнеше рет айтқандықтан, біз алдын ала дайындалып, жалпы шығын көлемін есептедік, ол біздің болжам бойынша 15,5 миллиард теңгені құрайды», - деді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Сәбила Мұстафина. 

Сонымен қатар, референдумды дайындау мен өткізудің күнтізбелік жоспары бекітілді:

12 қыркүйекке дейін – аумақтық және учаскелік комиссиялардың құрамы, референдум өткізу учаскелері туралы ақпарат жарияланады;

15 қыркүйек – сайлаушылардың тізімдері жасалды;

26 қыркүйек – азаматтарды референдумның уақыты мен орны туралы хабардар ету;

3-5 қазан – бюллетеньдерді тапсыру;

5 қазан – үнсіздік күні;

6 қазан сағат 7.00-ден 20.00-ге дейін – дауыс беру;

Дауыс беру қорытындылары 7-12 қазан аралығында бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануы тиіс.

Жиында ақшаның басым бөлігі сайлау комиссиялары мүшелерінің жұмысына жұмсалатыны нақтыланды. Комиссиялардың құрамына барлығы 70 049 адам тартылады.

Қазақстан бойынша 10 327 сайлау учаскесі, тұрғылықты жері бойынша 9 709 және уақытша тұрғылықты жері бойынша 618 сайлау учаскесі, 63 елде 78 сайлау учаскесі ашылады деп күтілуде.

Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, 12 176 968 қазақстандық Қазақстанда атом электр станциясын салу немесе салмау туралы дауыс бере алады.

Айта кетейік, 2022 жылы Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізу жөніндегі референдумға 16,4 млрд теңге бөлінді. Ал президенттік сайлауға 20,5 млрд. Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлауға – 2023 жылы 33,4 млрд теңге бюджет қаражаты жұмсалды.