Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 27 Мамыр 2025

АЭС салынатын жерге байланысты белсенді Ілияшев үкіметті сотқа берді

Ілияшев
Фото: zhasalash.kz

Азаматтық белсенді Альнұр Іляшев Қазақстанда атом электр станциясын (АЭС) салуға қатысты үкімет қабылдаған нормативтік-құқықтық актінің заңға қайшы екенін айтып, сотқа арыз түсірді,

Іске негіз болған үкімет қаулысы 2023 жылдың желтоқсанында қабылданған. Ол бойынша АЭС Жамбыл ауданы, Алматы облысы аумағында салынуы тиіс. Белсенді бұл қаулының заңдылығын даулап отыр. Оның айтуынша, аталған аумақ Сарышаған сынақ полигонына тым жақын орналасқан, ал бұл халық үшін қауіп төндіруі мүмкін.

Айта кетейік, Сарышаған әскери полигоны Балқаш көлінің солтүстік-батысы мен батысында, Бетпақдала жазығында орналасқан. Ол Қарағанды және Жамбыл облыстарының аумағын қамтиды. Ашық дереккөздерге сәйкес, бұл полигон Ресей Федерациясына жалға берілген.

Астана қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық соты Ілияшевтің арызын тіркеді, бірақ сот отырысының нақты уақыты әлі белгіленген жоқ.

Бұған дейін, 2025 жылдың ақпанында, АЭС-ті Жамбыл ауданында салу туралы үкімет қаулысы ресми жарияланып, күшіне енген болатын.

Қазақстан билігі құрылыс процесін қазақстандық органдар ғана емес, сонымен қатар халықаралық ұйымдар, соның ішінде МАГАТЭ бақылайтынын хабарлаған еді.

2024 жылдың қазан айында елде АЭС салу мәселесі бойынша референдум өткен. Халыққа: «Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген жалғыз сұрақ ұсынылды. Орталық референдум комиссиясының мәліметінше, дауыс бергендердің 71,12%-ы АЭС құрылысын қолдаған. Ал дауыс беруге құқығы бар азаматтардың 63,66%-ы референдумға қатысқан.

Тегтер: