АЭС соты: Бес белсенді 5 жылға түрмеге қамалуы мүмкін

Алматыда АЭС құрылысына қарсы шыққан бес белсендінің ісі қаралып жатыр. Бүгін Алмалы аудандық сотында өткен жарыссөз кезінде прокурор айыпталушыларға бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады.
«Власть» басылымының хабарлауынша, прокурор Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев пен Айдар Мүбәраковты «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыру» және «Қылмысқа оқталу» баптары бойынша айыпты деп танып, әрқайсысына 5 жыл түрме жазасын тағайындауды сұрады.
Сонымен қатар прокурор тергеу изоляторында өткізген уақытты «бір күнге – бір жарым күн» есебімен қамау мерзіміне қосу ұсынылғанын айтты.
Белсенділер бұған дейін тағылған айыптарды жоққа шығарып, өздерінің қудалануы АЭС құрылысына қарсы пікір білдіруімен және референдум қарсаңындағы саяси жағдаймен байланысты екенін айтқан.
Айта кетейік, 2024 жылғы 29 қыркүйекте Алматыда АЭС құрылысына қарсы шыққан 12 белсенді ұсталған болатын. Солардың жетеуі — Нұргүл Жексембиева, Ақмарал Шатемірқызы, Галина Аққузова, Жеңіс Мақсутова, Рақыш Токманбет, Азат Төлеухан және Ерболат Аубакиров — кейін үйқамақ пен қолхатпен босатылды. Ал қалған бесеуі екі айға қамалып, кейіннен қамау мерзімдері бірнеше рет ұзартылды.
Негізгі сот отырысы 2025 жылғы 10 шілдеде басталды. Полицейлер белсенділерді «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды» деп айыптап, олардың чаттарында митингке шақыру, қаражат жинау және «билікке қарсы күрес» туралы үндеулер болғанын мәлімдеді.
Алайда сотта тәуелсіз сарапшы Абай Қайыржанов, адвокаттар өтініші бойынша шақыртылып, белсенділердің әрекеттерінде тәртіпсіздік ұйымдастыру немесе экстремистік идеялар жоқ екенін, қаражат жинау да жүргізілмегенін айтты.