Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 11:47

АЭС соты «тапсырыс» орындай ма?

АЭС соты
Фото: ulysmedia.kz

Алматы қаласы Алмалы аудандық сотында былтыр АЭС референдумы қарсаңында ұсталған бес азаматтың (Нұрлан Жаулыбаев, Жанат Қазақбай, Фазылжан Сыздықов, Нұрлан Темірғалиев, Айдар Мүбәраков) соты жалғасып жатыр.

7 тамыз күні өткен сот отырысы әдеттегідей даумен басталды. Бұл дауды «әдеттегідей» деуіміздің де себебі бар. Жұрт арасында «АЭС соты» аталып кеткен сот отырысы басталғаннан бері дау тоқтамай келеді. Мысалы, 17 шілде өткен сот процесі де дәл осылай басталған. Бұл күні судья Ернар Қасымбеков сотқа қатысушылардың телефоны шырылдағаны үшін орнынан тұрып, төмен түсіп, бірнеше азаматты залдан шығарып жіберген. Судьяның бұл шешіміне наразылық білдірген азаматтардың бірі: «Қиын қылыпсың, шықсам шығамын. Бюрократизм. Назарбаевтан әулие емессің. Жазықсыз отыр балалар. Жаламен отыр. Ертең көремін, ертең осы балалардың орнында сен отырасың», – деген еді. Алайда Қасымбеков бұл әрекетіне еш қысылмайтындай сыңай танытып: «Істі мен қарамасам басқа судья қарайды, бәрібір шешім шығуы керек», – деген болатын.

 судья Қасымбеков
Фото: qaz.ulysmedia.kz

Осы оқиғадан соң кейбір журналистер өздерін судья Қасымбеков сот залынан шығарып жібергенін айтты. Сондай журналистердің бірі – Қойшыбек Мүбәрак. Журналисті 7 тамыз күні сот отырысынан күштеп шығарып жіберген. Істің барысы түсірілген видеоны журналист YouTube әлеуметтік желісіндегі «The Qazaq Times» каналында жариялады, онда судья Қасымбеков бірнеше журналисті сот залынан шығарып жіберуді бұйырады. Тіпті: «Шығармасаңыздар сағат сегізге дейін отыра беремін», – дейді. Бірақ журналистің «сотқа БАҚ өкілдерін қатыстырмау туралы қандай да бір қаулы шығарасыз ба» деген сұрағына нақты жауап бермей: «Мына жерде тәртіпті орындайтын адамдар бар ма? Егер шығармасаңыздар, сегізге дейін ұстаймын, айтқаным айтқан», – дейді. Содан соң блогер Абзал Достияров пен журналист Қойшыбек Мүбәракты СОБР мәжбүрлі түрде сот залынан шығарып жібереді.

Журналист Қ.Мүбәрак судья Қасымбековтің бұл әрекетін өзінің сот залынан ақпарат таратқанымен байланыстырады, әрі мұны заңбұзушылық деп есептейді.

«Мені бұған дейінгі сот отырысынан да шығарып жіберген. Алғашқы сот отырысында кейбір белсенділер судьямен келіспей қалып өз наразылықтарын білдірген болатын. Мен соны видеоға түсіріп, YouTube каналыма салғанмын. Осыдан соң мені сот залына кіргізбей қойды. 7 шілде күні де сот залынан күштеп шығарып жіберді. Бірақ ешқандай себеп айтпады.

Қылмыстық кодекстің 29-бабында «соттың жариялылығы» туралы жазылған. Cоған сәйкес, ашық сот болған жағдайда журналист сот туралы ақпарат таратуға құқылы, Қасымбеков осыған кедергі келтіріп отыр. Сондай-ақ судья бұл әрекетімен сотқа ақпарат құралдарының қатысуына бөгет болды», – дейді.

Журналист өзіне жасалған қысым соттағы қандай да бір шалағайлықтармен қатысты болуы мүмкін екенін айтады. Әдетте мұндай қысымдар саяси сипаты бар соттарда жиі жасалады дейді.

қойшыбек мүбәрак
Фото: ашық дереккөз

«Жүріп жатқан сотта шалағайлықтар бар. Әуелі осы адамдарды тергеп-тексерген кезде кеткен шалағайлықтар болуы мүмкін. Сонан соң судья айыпталушы тараптың куәгерлерін тыңдауы тиіс еді, бірақ оларды тыңдаудан бас тартты. Негізі судья іс барысында өзінің заңнан аттап кеткен тұстарын жақсы біледі. Енді сол заңсыздықтар ақпарат құралдары арқылы халыққа тарап кетпеуі үшін осылай істеп отырған болуы мүмкін. Бұған дейін де мұндай оқиғалар жиі кездескен. Әсіресе Қаңтар оқиғасына қатысты соттарда бізді сот залынан жиі шығарып жіберетін. Мұндай соттарды қоғам «саяси сот» деп атап жүр. Саяси соттарда судья қандай да бір тапсырысты орындауы мүмкін. Журналистер сот залынан еркін ақпарат таратса судьяның «тапсырысты» орындап отырғаны жұртқа жария болуы мүмкін. Судья осыдан сақтанып, кейбір журналистерді әдейі сот залынан шығарып жіберді деп санаймын», – дейді Қ.Мүбәрак.

Естеріңізде болса, өткен жылы АЭС референдумы қарсаңында бес азамат ұсталған. Оларға «жаппай тәртіпсіздікті ұйымдастыру» және «жаппай тәртіпсіздікке дайындалу» баптары бойынша айып тағылған. Алайда күдіктілер тағылған айыптармен келіспейді. Олар бұл істі АЭС құрылысына қатысты айтқан пікірімен байланыстырады.

Біз соттың мән-жайын сұрап, күдіктілердің қорғаушысы Ғалым Нұрпейісовке хабарластық. Адвокат: «Қорғауымдағы азаматтар тағылған айыптаулармен келіспейді. Бұл істің саяси астары бар деп есептейміз. 14 тамыз күні жарыс сөз басталады. Одан кейін үкім шығады. Ал біз үкім шыққанға дейін сот процесі туралы ешқандай пікір білдіре алмаймыз. Біздің қандай да бір айтқан пікіріміз «судьяға қысым көрсету» болып саналуы мүмкін», – деп қысқа қайырды.

Өткен жылы, 6 қазанда Қазақстанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтіп, ресми жарияланған нәтижеге сай халықтың 71 пайыздан астамы АЭС құрылысын қолдайтыны айтылды. Ал биыл маусымда Қазақстан үкіметі бірінші АЭС-ті салу бойынша халықаралық консорциум көшбасшысы Ресейдің «Росатом» компаниясы болатынын айтқан. Кейіннен екінші станцияны салу бойынша консорциумға Қытайдың көшбасшылық ететіні белгілі болды.

Жақсылық ҚАЗЫМҰРАТҰЛЫ

Тегтер: