Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:28, 28 Маусым 2022

АЭС-тің адвокаттары...

None
None

 АЭС-тің адвокаттары – қазақтың жауы тегі, бұлар да қоймайды екен. Қояр да қоймай, Қазақстанда АЭС салынатын жер ретінде Алматы облысындағы Үлкен ауылын таңдап қойды, ақыры.

Мұхтар Жәкішев «бұл жалғанда энергияның атом энергетикасынан басқа көзі жоқ», деп дүңк еткізіпті журналист Вадим Борейкоға.

Сонда не демек ол? Күн, жел, су, газ, көмір, геотермалдық энергия қайда? Білсеңіз, алдағы 20-30 жылда тіпті суық термоядролық синтезден энергия алынуы мүмкін. Халықаралық энергетика агенттігінің дерегінше, 2040 жылға қарай әлемдік қуат өндірісіндегі күн энергиясының үлесі 24 пайызға өседі екен. Ал Wood Mackenzie деген жаһандық зерттеу және консалтинг тобы сарапшыларының дерегінше, 2020 жылы күн энергетикасы нарығының орташа өсімі 49%-ды құрады.

2030 жылға дейін күн энергетикасының шығындары 25 пайызға азаяды, ал одан кейін күн энергиясы АҚШ, Канада, Қытай және тағы 14 елде энергияның ең арзан көзіне айналады, деп болжап отыр әлемнің озық сарапшылары. Шындығында, ең болашағы зор қуат көздері – тиімділігі тек күшейе беретін күн, жел және су энергетикасы. Әсіресе жел электр стансалары жағынан Қазақстанға тең келетін ел бірен-саран болар. Оңтүстік өңірлерімізде күннің көзі тіпті қыста да молынан жетеді. Ал енді бұл билік Балқашта АЭС салды делік. Сосын не болады? «Оның ары кетсе 600 гигаватт болатын қуаты Қазақстан энергетикасының проблемаларын шешпейді, бірақ ол қазақтың «мәңгілік геморройына» айналады», деп жазады физика-математика ғылымының кандидаты Эльдар Кнар.

Қазақтың ертеңгі болашағына, мемлекетке қандай қауіп төнуі мүмкін екеніне қазақтың қоғамы ғана алаңдайды. Бірақ билігі емес. Турасын айтқанда, АЭС деген үйдей бәле. Ол экология мәселесі, су ресурсы проблемасы, инфрақұрылым жағы, мониторинг жыры, бақылау мен жөндеу, түбі орын алатын түрлі апаттар, тендер мен мемлекеттік сатып алу дауы, жемқорлар, тоқалдар, бай баласы мажорлар деген қазақтың сорын одан сайын сорғалатады. Қазақстанда «адам факторы» деген қауіптің аса жоғары екенін ескермеске болмайды. Ғалымның сөзінше, АЭС салдыртқан Қазақстан Ресейдің мәңгілік құлына айналады. – Соны біздегі АЭС-тің адвокаттары неге ұқпайды екен? Қазақстандағы АЭС пен атом энергетикасын толығымен ресейліктер бақылайды. Біздің халық ертең бір митинг-шерулерге шыға қалса, Ресей өзінің жоғары атом технологияларын жергілікті «жабайылардан» қорғау үшін Қазақстанға әскерін кіргізе алатын болады. Немесе Ресей Украинада жасағанындай, ертең Балқаш АЭС-ін «Росатомның» меншігі деп жариялай салуы мүмкін, – дейді ол.

Енді бір болжам бар. Қазақстандай кілең қу жемқорлар билеген елде АЭС сықылды аса қымбат ірі жобаның құрылысы да «ойпырмай» деп басталып, ақыры аяқталмай қалуы бек мүмкін. Атышулы LRT мен соған ұқсас көптеген мысалдар бізде жетерлік еді ғой? «Откат» пен «подкат», мемлекетік сатып алу, «тендер-жеңдер», «крыша», Панам аралдары және тағысын тағы деген ескі Қазақстанның «дәстүрлі» технологиялары қаңтардан кейін құрып кетті деп кім айтты? Ертең Балқаш жағасындағы үлкен бетон қорап Астанадағы LRT бағаналарынан кейінгі екінші «жемқорлық ескерткіші» боп қалса ше? Ол да мүмкін. Украинаны үш күнде басып аламын деп оңбай ұрынған Ресейдің қазақ жеріне АЭС салатын мұршасы болмауы мүмкін. Сонымен «ядролық геморройға тап болмауымыз үшін біз не істеуіміз керек» деген сұраққа сарапшы мынадай шешімдер ұсынады: Біріншіден, қазаққа үндемей ғана өзінің ұлттық энергетикалық жүйесін (электр тарату линияларын, электр желілерін, инженерлік желілерін, станция мен подстансаларын және тағы басқасын) толықтай аппаратты және бағдарламалы түрде жаңартып алу керек. Осылай-ақ Қазақстан ең кемінде 30-50%, тіпті одан да көп электр энергиясын үнемдей алады. Екіншіден, көмір және жылу электр стансаларында заманауи экологиялық тазарту технологияларын енгізуді міндеттеу керек. Атмосфераны ластауды 50-90% пайызға азайтсақ, Париж келісімін оңай орындаймыз. Үшіншіден, Қазақстанның әр жеріне 200 ірі фото-станция мен 200 ірі жел станциясын салу керек. Төртіншіден, крипто-майнингке тыйым салып, ондайды құрушылар мен ұйымдастырушыларды қылмыстық жауапкершілікке тарту керек. Бұл ел бойынша 10-30 электр қуатын үнемдеуге жол ашады. Бесіншіден, электр қуатын тұтынуы 30-50 пайызға жететін «қазақстандық автоөндіріс» сияқты өтірік «отандық құрастырушы» зауыттарды жауып тастау керек те, оның орнына тұтынуы 5-10 пайыздан аспайтын аграрлық секторға мән беру қажет. Алтыншыдан, АЭС-тің адвокаттарының аузына қақпақ қою керек.

Айтпақшы, Мұхтар Жәкішев АЭС-тің жілігін шаққан ұлы маман емес, ол бар-жоғы уран өндірісіне басшылық еткен адам. Ал уран өндірісі мен АЭС деген екі бөлек дүние. 2021 жылдың қарашасында «Қазақстандық атом электр санциялары» АҚ бас директоры Тимур Жантикин «Интерфакс-Қазақстанға» берген сұхбатында екі блокты атом стансасының құны қазір нарықта 7-11 миллиард долларға түседі деген. 1,2 гигаватт алу үшін 7-11 млрд доллар жұмсауға не жорық? Оның үстіне, ол ақшаның жартысы ұрланып, АЭС бәрібір салынбай қалатын болса? Қазақстанның энергетикалық стратегиясы тым қарапайым: қуатты көтеру емес, үнем мен тиім арқылы энерготиімділікті арттыру. АЭС бізге 23-24 Гвт берсе, энергияның үнемділігі кемінде 30 Гвт береді. Осының бәрін саралай келгенде, Қазақстандағы АЭС тегінде энергетика үшін емес, талан-тараж жасау үшін керек боп тұр-ау. Бір кездері Астанадағы LRT құрылысын да бір топ адам бірнеше миллиард долларды қымқыру мақсатында бастаған еді. Ескі Қазақстаннан аузымыз күймеген бе? – Қазақстанның болашақта тап болатын ең басты және өмірлік мәселесі энергия емес, су және су ресурстары екенін айтудан жалықтым. Су тапшылығы – біздің болашағымыз бен мемлекетіміздің сақталуына тікелей қауіп төндіреді. Ал енді АЭС саламыз десек, онда мынадай үш талап орындалуы тиіс: Қазақстан Конституция қабылдап, азаматтық қоғамы дамыған демократиялық мемлекет болуы керек. Атом жобасына Қазақстанда геосаяси мүддесі бар Ресей, АҚШ және Қытай қатыспауы тиіс. АЭС шағын болуы керек және Германия, Жапония, Канада немесе өзге бейтарап елдердің технологияларына негізделуі тиіс. Осы үш талап орындалса, Қазақстан халқының көпшілігі еліміздегі АЭС құрылысына қарсы болмас еді. Ал дәл қазіргі жағдайымызда АЭС саламыз деп даурығуымызға мүлдем болмайды, – дейді сарапшы.

Тегтер: