АЭС жобасы: Қазақстанда жаңа энергетикалық кезең бастала ма?
Қазақстанда АЭС салу мәселесі талайдан бері көтеріліп келді. Алайда әлемде болған кейбір апаттардан үрейленген жұрт атом станциясы десе, төбе шашы тік тұратын. Соңғы жылдары елімізде энергия тапшылығы қатты сезілген соң бұл мәселе азды-көпті талқыға салынып, нақты шешім қабылданды.
Әрине, АЭС салу оңай шаруа емес. Оған қыруар қаржы мен ондаған жыл керек. Мұның қажеттігі жайында халық арасында талқылаудан кейін жалпыхалықтық референдум өтті. Содан кейін алғашқы атом станциясы салынатын орын айқындалып, қолайлы әрі тиімді орын ретінде Алматы облысы, Жамбыл ауданындағы Үлкен ауылы таңдалды. Былтыр Ресейдің РосАТОМ компаниясы салатын алғашқы «Балқаш» АЭС-нің іргетасы да қаланып, салтанатты түрде тұсауы кесілді. Алдағы екі жыл көлемінде зерделеу, бағдарлау жұмысы пысықталып, он жылға созылатын құрылыс жұмысы басталмақ.
Мамандардың айтуынша, Қазақстанға бір АЭС салу жеткіліксіз. Мұны президент те бірнеше рет тілге тиек етті. Ол өз пікірінде: «Экономиканы тұрақты дамыту мәселесін бір АЭС шешпейді. Сол себептен екі, үш атом станциясын салуды жоспарлау керек» деген болатын. Осылайша, екінші АЭС те Алматы облысынан бой көтеріп, оны Қытай мойнына алмақшы.
Елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту мен көмір шығарындыларын азайту мақсатында қолға алынған бұл бастаманың халықаралық серіктестікті қажет ететіні айқын. Осыған орай, Қазақстан мен шетелдік көшбасшы мемлекеттердің тәжірибесі ерекше назарға алынуда.
Ұлттық энергетикалық даму саласын реттейтін орган – Қазақстан Республикасы Атом энергиясы жөніндегі агенттік басшысы Алмасадам Сәтқалиев соңғы мәлімдемесінде ҚХР-дың атом саласындағы технологиялық мүмкіндіктерін ерекше атап өтті.
«Біз Қытай Халық Республикасымен атом энергетикасы саласында жеке келісімге қол қоюды жоспарлап отырмыз. Қазақстанда қытай технологияларын қолдануды қалаймыз. Бұл тәжірибе біздің алғашқы АЭС жобамыздан кейін жаңа стансалар салуға да пайдаланылуы мүмкін. Біз қытайлық әріптестердің құрылысты жылдам әрі сапалы жүзеге асыратын мүмкіндіктерін жақсы түсінеміз және осы бағытта жұмыстарды бастадық», – деді Сәтқалиев.
Шын мәнінде, еліміздің оңтүстігі мен солтүстігінде энергия тапшылығы сезілуде. Бұған халықтың тығыздығы мен кәсіпкерліктің дамуы сеп.
Энергетика саласының маманы, энергетикалық саясат зерттеушісі Нұрлан Жұмағұлов АЭС салуды тек қуат алу көзін құру ғана емес, елдің технологиялық даму стратегиясының маңызды бөлігі санайды. «АЭС – Қазақстанның ұзақ мерзімді энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жүйе. Бұл көмірге тәуелділікті азайтып, электр энергиясының тұрақты әрі таза көзіне жол ашады», – дейді.
Төлеген ӘШІМ