Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:20, 26 Наурыз 2025

Африкада да аты шыққан Машкевич еді...

Машкевич пен Назарбаев
Фото: akorda.kz

Қазақ қоғамы «Машкевич қайтыс болды» деген хабарды өзгеше қабылдады. Әдеттегідей «иманды болсын!» айтқандар сирек болды. Керісінше, «былық-шылығын» қазып кеткендер көп болған түрі бар. Оның себебі де жоқ емес еді...

Жері кең, байлығы мол, адам саны аз Қазақстанда халықтың тұрмыс өресі неге төмен деген сұрақ үнемі алдымызда көлденеңдеп тұрады. Бірақ елдің дамуына экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай климат емес, жемқорлық кінәлі екенін жұрттың бәрі біледі. Ұшан-теңіз қазба байлығымыз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткені жасырын емес.

Қазақстанның байлығы қайда кетті? Ең алдымен оның қызығын 30 жыл билікте отырған шенді-шекпенділер көрді. Жоғары қызметте болған көптеген адамның шетелде қос-қостан қымбат мүлкі, жасырған қаржысы бар екенін тәуелсіз зерттеулер анықтап отыр. Одан бөлек, ресми билік өзі мойындаған, көп көлемде ақша ұрлап, шетелге қашып кеткен, сырттай сотталғандар да аз емес.

Бұдан бөлек, билік басындағыларға ұнаған, соларға жақын жүрген кәсіпкерлер майшелпекке қарық болды. Оның кейбірі ірі шенділерге «кошелек» болып күн көрсе, кейбірі билікпен ымыраға келе отырып, ірі олигархқа айналды. Мұндай бизнесмендердің бірнеше ортақ ерекшелігі бар.

Біріншіден, олардың көбі бір күнде байып кеткен пысықайлар. Яғни 90-жылдардағы жабайы жекешелендірудің жемістері. Олар билікпен жең ұшынан жалғасып, елдің ірі кен орындарын алдымен басқаруға алып, кейін жекешелендіріп алды. Кеніштерді өмір бойы игеріп, шетелге шикізат күйінде сатып байыды. Екіншіден, олардың ешбірі өндіріспен, өнеркәсіппен айналысқан жоқ, тек қазба байлықты тонналап сатуды ғана білді. Үшіншіден, олардың көбі Қазақстанды тек табыс көзі ретінде ғана көрді. Коррупцияға батқан билік жүйесін тиімді пайдаланып, ырғын дәулетке ие болды да, климат бұзыла бастағанда шетел асып кете барды.

Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов
Александр Машкевич, Патох Шодиев және Алиджан Ибрагимов

«Еуразиялық үштік»

Осы белгілерді айтқанда көп адамның көз алдына «Еуразиялық үштік» атанған Александр Машкевич, Патох Шодиев және Әлижан Ибрагимовтер келеді. Әрине, олардың заңсыз жолмен байығанын ешкім дәлелдеп, заңды жауапқа тартқан жоқ. Бірақ Қазақстан байлығының тең жартысына жуығын шеңгелдеп, алюминий, хром, темір, көмір кеніштерін уысында ұстаған олигархтарға айтылар сын көп. Халықаралық ұйымдар Машкевич пен Шодиевті айыптап, тергеу де жүргізген.

Қазақстандағы ең ірі холдингтердің бірі – Eurasian Resource Group-тың (ERG) «Қазхром», «Қазақстан алюминийі», Соколов-Сарыбай тау-кен байыту бірлестігі, «Еуразиялық энергетикалық корпорация» АҚ, «Шұбаркөл көмір» АҚ кіреді. Сондай-ақ үштіктің активінің құрамында «Еуразия қаржылық компаниясы», «Еуразиялық өнеркәсіп компаниясы» және «Еуразиялық өндіріс компаниясы» бар. Нақты айтқанда, «Еуразиялық үштік» Қазақстанның тау-кен, металлургия кешені, энергетика және теміржол нысандарының үштен бір бөлігіне иелік етіп отыр.

Түсінікті болу үшін мұндағы бірнеше компанияның табысын жаза кетейік. «Қазхром» трансұлттық компаниясының 2023 жылғы табысы – 1,29 трлн теңге, таза пайдасы – 485,9 млрд теңге болған. Ол елдегі 50 ірі өндіріс орнының қатарына кіреді. Ал «Қазақстан алюминийі» АҚ-ның 2023 жылғы табысы – 245,8 млрд теңге, таза пайдасы – 57 млрд теңге. «Қазақстан электролиз зауыты» АҚ-ның 2023 жылғы табысы – 309,3 млрд теңге, таза пайдасы – 50,8 млрд теңге. «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігінің» 2023 жылғы табысы – 407,7 млрд теңге, таза пайдасы – 166,9 млрд теңге. Сондай-ақ «Шұбаркөл Көмір» АҚ 2023 жылы 116,6 млрд теңге табыс әкелсе, таза пайда 7,4 млрд теңге болды.

Міне, осынша ырғын пайдаға кенеліп отырған ERG холдингінің үш ірі акционерінің бәрі – шетел азаматы. Әрі үшеуі де шетелде дүниеге келген. Мысалы, ERG-дің 18,6 пайыз акциясына иелік ететін Шодиев Өзбекстанда туған. Ресей, Өзбекстан, Қазақстан азаматтығы болған. Қазір Бельгия азаматы. Бір кездері атақты Forbes журналы оның байлығын 3,7 млрд долларға бағалап, Бельгияның ең бай азаматы атаған. Шодиев туған жері Өзбекстанға көптеп қаржылай көмек беріп тұрады. Ибрагимов те Өзбекстан тумасы. Ортада Қазақстанның көк паспортын алып, күреп ақша тапқаны болмаса, кейін Ұлыбритания азаматы атанған. 2021 жылы Бельгияда көз жұмды.

Ал ERG-дегі басты адам, 20,7 пайыз акциясы бар Машкевич Қырғызстанда дүниеге келіп, саудадағы жолын сол жақта бастаған. Кейін Қазақстан және Канаданың паспортын алды. Еврей ұлтының өкілі болғандықтан, ең соңында Израиль азаматы атанып, сол елдің пайдасына еңбек етті. Ол да серіктесі Шодиевтен қалмай, ең соңғы отаны Израильдегі дәулеттілер тізімінде 6-орынға жайғасқан. Биыл 22 наурызда Машкевич Лондонда қайтыс болып, сол жердегі еврей зиратына жерленді.

машкевич
Фото Tengrinews.kz / Турар Казангапов

Еуразиялық үштіктің басты тұлғасы

Машкевич 1954 жылы Бішкекте дүниеге келген. Филология мамандығында оқып, педагог болған. Бірақ 1980 жылдары бақалшық саудаға бет бұрып, тұрмыстық тауарлар сатқан. Сөйтіп жүрген жерінен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Қазақстанға келіп, жекешелендіру кезінде аяқ астынан миллиардерге айналып шыға келді. Оның Қазақстанға аяқ басуына ақын Олжас Сүлейменов әсер етті деген ақпарат бар. Өйткені Машкевич «Невада-Семей» қозғалысына атсалысқан көрінеді.

Машкевич экс-президент Назарбаевпен достық қарым-қатынаста болды, түрлі халықаралық форумдарда онымен тізе қоса жұмыс істейтін. Тіпті Қазақстан президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің мүшесі әрі Қазақстан ат спорты федерациясының құрметті президенті ретінде қызмет атқарды.

Машкевич, Шодиев және Ибрагимов үштігі Eurasian Natural Resources Corporation (ENRC) компаниясын 1994 жылы тіркеді. Уақыт өте адамдар топтағы басты адам Машкевич екенін байқаған. Кейбіреу бұған оның тіліне аспандағы бұлт үйірілетін филолог болғаны әсер етті десе, кей жұрт Назарбаевпен жақындығы маңызды рөл ойнады деп санайды. Саяси сарапшылар «Еуразиялық үштіктің» ішінде Назарбаевқа ең жақыны Машкевич болғанын айтады.

Қалай болғанда да Назарбаев кезінде қалыптасқан экономикалық жүйе билікке жақын олигархтардың шексіз баюына жол ашты (қазір де жалғасып жатыр). Ел билігі сол олигархтардың заңсыз баюына ғана емес, тапқан табысын заңсыз шетел асыруына да мүмкіндік берді. Сол қатарда Машкевич те бар байлығын баяғыда шетелге шығарып алған деген ақпарат бар. Жаңа Қазақстанның шетел асқан активтерді елге қайтару ұраны Машкевич сияқты миллиардерлерге әсер ете ме, жоқ па, белгісіз. Мына митыңмен бұл ғасырда қолымыз жете қоймас.

Қырғызстанда туып, Қазақстанда байып, Лондонда өмірден өткен Машкевичтің байлығын Forbes журналы 2019 жылы 2,4 миллиард долларға бағалаған. Бұл оның сәл «кедейленген» кезі. Әйтпесе бұрын оның қаржысы 3,3 және 3,7 млрд доллар екені айтылатын. Осынша қазынаға кенелген олигархты Қазақстан үкіметі бетінен қақпағанымен, халықаралық дауларда оның аты бірнеше мәрте аталған.

Мысалы, 2010 жылы адам саудасы мен жезөкшелер үйі қызметін ұйымдастыру қылмысының жолын кесу мақсатында өткен арнаулы операциядан кейін Машкевич Түркия ақпарат құралдарының назарына ілікті. Түрік басылымдары Бодрум курортына жақын жердегі Машкевич жалдаған яхтада Қазақстан мен Ресейден келіп, эскорт қызметін көрсететін қыздармен бірге жүрген кәсіпкерлер мен шенділер ұсталғанын жарыса жазды. Бірақ бұл даудан біздің олигарх таза шықты. Одан бөлек, ERG Африкада қаржы жымқырды, балаларды еңбекке жекті деген сынға ұшырады.

Сондай-ақ 2022 жылы ақпанда Ұлыбритания парламентінде Қазақстандағы жемқорлыққа арналған талқы өтіп, ағылшын депутаттары елдегі байлықтың басым бөлігі билікке жақын санаулы адамға тиесілі екенін әрі олардың бұл байлыққа заңсыз жолмен жеткенін айтты. Сол кезде депутат Маргарет Ходж атаған «халық байлығын тонап отырған 28 тұлғаның» тізіміне біз сөз етіп отырған Машкевич те енген.

Ағылшын депутаттары Қазақстан билігі өзі мойындаған «ел байлығының 55 пайызы 162 адамға тиесілі» деген уәжді алға тартып, олардың көбі Назарбаевтар отбасының мүшесі немесе жақын серігі екенін айтты әрі заңсыз байыған олигархтарға санкция салуды ұсынды. Бірақ бұл іс аяғына шыққан жоқ, Британия тарапы ешкімге санкция салуға ұмтылған жоқ.

«Еуразиялық үштік» тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда Қазақстанда иесіз қалған металлургия мен басқа да зауыттардың негізгі бөлігін сатып алды. Жоғарыда біз атаған алпауыт компаниялардың көбін ERG жаңа ғасырдың басына дейін жинап болған. Машкевичтер оның көбін өте арзанға немесе мүлде су тегінге алды. Шетелдік сарапшылар заңсыз байыған олигархтарды ел билігімен ауыз жаласқан деп санайды. Мысалы, The Guardian журналисі Том Бёрджис бір мақаласында «жаппай жекешелендіруден кейін Назарбаев та, «Еуразиялық үштік» те керемет байыды» деп жазды.

Сол кездегі алмағайып жағдайды Машкевичтің өзі «Қазақстанда халық абдырап, не істерін білмей жатты, қазақтар жаңа заманда қалай өмір сүріп, қалай жұмыс істеу керектігін білмеді» деп, еске алады. Ал 2021 жылы бір форумда «қазақстандықтар осындай елде өмір сүріп жатқаны үшін Құдайға шүкірлік айтуы керек» деп, ақыл айтқаны тағы бар. Ол тіпті Қазақстанда жеке медиа-актив ұстап, жағымды имиджін жасауға күш салғаны да ұмытыла қойған жоқ. Қанша тыраштанса да қазаққа сүйкімді бола алмаған, «осындай елде» өмір сүргені үшін, байлық жиғаны үшін шүкір айтпастан шетел асып кеткен Машкевич Қазақстанда емес, Лондонда жерленгеніне шүкір айтқан болар.

Қуаныш Қаппас