Ағадырға бет бұрылды
Бұдан бұрын Ағадыр кентінің тұрғындары үйлерінің техникалық жағдайының сын көтермейтінін айтып, биліктен баспаналарына жөндеу жұмыстарын жасап беруді сұраған болатын.
Тәуелсіздік Қазақстан көшесіндегі 8 пәтерлі үйде үш отбасы тұрады. Осы баспанаға аудандық бюджеттен қаражат бөлінді. Жылу маусымы басталғанша бұл үй ретке келтірілуі тиіс.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шет ауданына жасаған жұмыс сапары барысында аталған үйді аралап көрді.
– Бұл үйдің төбесі құлап, жауын -шашын кезінде төбеден су аға бастады. Күзге дейін ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қыс басталғанша аяқтайтын боламыз. Алдағы сессияда бюджеттен 12 млн теңге бөлінеді, – деді Ағадыр кентінің әкімі Азамат Әбілдин.
Сапар барысында Е. Бөлекпаев, Ағадырдың жылу беру маусымына дайындығын пысықтады. Өңір жетекшісі Шет ауданындағы тұрғын үй салу және абаттандыру барысын да көріп шықты.
Кентте жылумен жабдықтауды жақсарту үшін үш қазандықтың жабдықтары жаңартылып, алты қазандық ауыстырылады. Міндет қыркүйек айының ортасына дейін аяқтау жоспарлануда.
Ағадырда үй кезегінде тұрғандар халыққа сегіз жеке үй салынуда. Ол тұрғын үйлер жалға беріледі.
Бүгінде кент басындағы А. Ермеков атындағы мектептің қосымша ғимараты салынуда. Ол арада спорт залы мен асхана орналасады. Нысанды «МСК Строй» корпорациясы" ЖШС тұрғызуда. Мұның алдындағы мердігер жұмысты уақтылы және тиянақты орындамағандықтан келісімшарт үзілді. Облыс әкімі білім ордасындағы құрылыс жұмысын аралап көрді. Одан әрі Ермағанбет Бөлекпаев күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан аудандық ауруханаға барды.
Өңір басшысы ауыл ішінде салынған жолдардың сапасын да бағалады. Кент әкімнің айтуынша, биыл көшені асфальттауға аудандық және облыстық бюджеттерден 11 қаражат бөлінді. Оған алты көшеге асфальт төселген. Ал аулалар кезең-кезеңімен абаттандырылады.
Шағын аудандардың бірінде балалар алаңы жаңартылып, автомобиль тұрағы өңделген. Сонымен қатар, биыл бес үйдің шатыры жаңартылып, көшелердің 95 % жарықтандырылған. Биыл тағы төрт көшеге шам тартылады.
Айтпақшы, Ағадырдағы магистральдық су құбырының апаттық учаскелері толығымен ауыстырылады.
Ермағанбет Бөлекпаев жергілікті әкімге барлық жұмыстарды мерзімінде аяқтап, сапасын үнемі бақылап отыруды тапсырды.
Айтбала Сүлейменқызы Қарағанды облысы