Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Ағалық қамқорлықтың не екенін ұқтырды

 Ғалым Доскен
Фото: ашық дереккөз

Білім мен парасаттың шамшырағы болған Ғалым Доскен асыл ағамыздың өмірден өткені – бәріміз үшін ауыр қаза.

 Өмірін ұлт руханиятына арнаған ағаның жарқын бейнесі, ақылы мен адамгершілігі ел жадында мәңгі сақталады. Ағамыздың қазасы туралы естіген кезде көкірегіміз қарс айырылып, орнымыздан тұра алмай қалдық. Алматыға келіп, әншілік мектептің басы-қасында болып, көзімізді аша бастағаннан Ғалым ағаны танимыз. Тұрсынжан ағамыз арқылы Ғалым ағаны толық тани бастадық. Тұрсынжан ағаның жан досы, қай кезде де шамшырағы, шырақшысы болған Ғалым ағаның біз үшін де орны ерекше. Кейде Тұрсынжан ағаның ойына түспей қалған әндердің иірім-қайырын түзетіп, кейде сөздерін орнына қойып отыратын. Кей әндерді артығымен, жеткізіп орындасақ, балаша қуанып қалушы еді. Менің шығармашылық жолыма ағалық қамқор жасаған, үлкен септігін тигізген кісі осы Ғалым аға еді. Менің алғашқы концерттеріме, ең алғаш түсірген бейнебаяндарым, ең алғаш үлкен сахнада айтқан әнім, сөйлеген сөзіме дейін үлкен қолдау білдірген. Ғалым аға «Ел» продюссерлік орталығын басқарып отырған кезінде арнайы студияға шақырып, бүкіл әнімді жаздырған еді. Кейін радионың алтын қорына өткізіп қойған. Міне, талай ағалық қамқорлығын көрсетіп еді. Бұдан бөлек, қазақ өнеріне қосқан үлесі, жасаған еңбегі ұшан-теңіз. Сонау «Үзеңгі жолдас», «Ақжүніс», «Алтын сақа», «Мәңгілік сарын», «Қазақтың мың әні», «Қазақтың мың күйі» сынды антологиялардың бәрін толтырып еді. Қазақ даласынан шыққан алдыңғы, орта, кейінгі буын әншілерді «Мәңгілік сарынға» арнайы шақырып, әдетте жиі айтылмайтын, ұмыт болған, авторы адасқан туындыларды орындатып, бәрінің шып-шырғасын шығармай жиып-теріп, архивке сақтаттырған еді. Сөйтіп Ғалекең кезінде авторынан адасып қалған ән-күйлерді қайтадан тірілтіп, ғылыми айналымға түсіріп, иесімен табыстырды.

Ғалым ағаның тұсында Қазақ радиосы өзінің шарықтау шыңына жетті деуге болатын шығар. Талай жасты радиоға жұмысқа тартты. «Ән мен әнші» бағдарламасын жасау, ұйымдастыру барысында көп үлес қосты. Талай әнші мен дарынның бағын жаққан да Ғалым аға еді. Әсіресе қолына қара қобызы мен домбырасын ұстап, талай өнерпазға ағалық қамқорлығын жасап, үй алып берген еді. Ел алдында жүрген сан мың дарынға лайықты атағын, кеудесіне тағатын төсбелгісін алып берді. Тіпті жастардың үстіне киетін киімі, қолына ұстайтын домбырасына дейін демеуші бола алды. Бүгінде кенжелеп қалған сыбызғы өнерінің қайта жаңғыруына еткен ықпалын атап өтпеске болмас. Қытай мен Моңғолияда жатқан қалың қазақтың ішінен сыбызғышыларды іздеп жүріп алып келді де, алпыс-жетпіске тарта күйді тарихымен бірге архивке қосқан еді.

«Жауһардың сынығы да жауһар» демекші, Ғалым аға Мағауиннің мықты, оқ бойы оза шапқан шәкірттерінің бірі еді. Өткен ғасырдың өткен белесінде еңбек етіп, мына ғасырда да өмірінің соңына дейін қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек етті. Сан мың фильмдер түсіріп, талай еңбектер жазды. Осының бәрі – Ғалекеңнің бір ғана ғұмырында бір минутын да бос жоғалтпай, қалың ой әрі қалың еңбекпен істеген жұмысы деуге болатын шығар. Ғалекең сол үшін де халқының есінен кетпек емес. Маған шын ағалық қамқорлықтың не екенін ұқтырған жан. Ағамыздың иманы саламат, жаны жаннатта болғай. Отбасына, жақын-жуықтарына Алла сабыр берсін.

Рамазан Стамғазиев

Тегтер: