Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
14:41, 28 Қыркүйек 2023

Ағайынды Жұбановтар

Ағайынды Жұбановтар
Фото: жеке архив

Қазақта бір әулеттен шығып, еселі еңбегімен елге танылған атақты тұлғалар аз болмады. Соның бірі – атақты Құдайберген мен Ахмет Жұбановтар болатын.

Бұл әулеттің бастауында тұрған Жұбан Батырбайұлы жастайынан мұсылманша оқыған, аздап орыс тілін де білген сауатты кісі екен. Оның екі ұлы болған: Қуан және Тәңірберген (Тәпен). Екеуі де мұсылманша, орысша сауат ашқан. Тәпен қазіргі Ақтөбе облысының Темір өңіріне беделді кісі болыпты. Одан бір ұл мен екі қыз (Нұредин, Бәтима, Рахима) қалған. Қуан да ел ағасы болған, беделді кісі болған екен. Қуаннан Құдайберген, Ахмет, Мұхаммеди деген үш ұл мен Аққат, Дәмет, Ақиба деген үш қыз тараған. Осылардың ішінде елге қызмет етіп, алты Алашқа танылғаны Қуаннан тараған Құдайберген мен Ахмет Жұбановтар болатын.

Қуанның бір қасиеті басқалар секілді мал жимайтын. Балаларын мал соңына салғысы келмеді, олардың білім алғанын қалады. Бар тапқанын солардың оқуына жұмсады. Сондай-ақ ол қазақ, орыс және татар тілдерінде шығатын газет-журналдарға жазылатын. Жаңа кітаптарды алдырып оқитын, балаларына да оқытатын. Қуан заманның ағымын байқай білетін. Содан болар, балаларын жасынан оқу-білімге, өнерге баулып, жаңа өмірге дайындады. Өзі молда болмаса да, мешіт-медресе салдыруға бір кісідей атсалысты. Мешітке ағайынды Омар, Оспан деген молдаларды алдырып, қазақ балаларының білім алуына жағдай жасады. Құдайберген мен Ахмет Жұбановтар алғашқы білімді осы молдалардан алған екен. Қуан мұнымен тоқтамай, Темір өңіріндегі орыс-қазақ училищесін ашуға мұрындық болыпты. Орынборға барып рұқсат алып, оқу мерзімі үш жылдық училищенің бірін өз ауылынан аштырады. Жаңаша білім беретін училищеге «Үміт» мектебі деген атау бергізіп, «Ғалия» медресесін бітірген Әбділлә Беркінов, Троицкідегі мұғалімдер семинариясын бітірген Хұсайын Ашығалиев секілді білімді мұғалімдерді алдырады. Қуан мен Тәпеннің балалары осы училищеде білім алады.

Ағайынды Жұбановтар
Фото:Қазаңтың тұңғыш ұлттық оркестрі, 1934 жыл Алматы

Әбділлә Беркінов бұл жайында:

«...Қуан екі баласын ертіп келіп, мектебімізге қосты. Үлкені Құдайберген, кішісі Ахмет осы «Үміт» мектебінде алғаш қалам ұстап, білім тарауларын ашты. Қуанның екі баласы да зеректігімен көзге түсті. Бір ерекшелігі – үлкені салмақты, ойшыл еді, ал Ахмет күлдіргі, ұтып сөйлейтін», – деп жазған болатын. Жазушы Ғабит Мүсірепов «ғылымның бірінші дәрежелі жарық жұлдызы, аса ірі филолог-ғалым» деп бағалаған Құдайберген Жұбанов жастайынан жазу-сызуға құмар болады. Болашақ ғалым алғашқы білімді жоғарыда айтқан ауылдағы медресе мен осы орыс-қазақ училищесінен алады. 1914 жылы Орынбордағы «Хұсайния» медресесінде білімін жалғастырады. Медреседе Нұғыман Манаев, Жиенғали Тілепбергенов, Шамғали Сарыбаевпен бірге оқиды. Осында жүріп орыс тілін жетік меңгереді. Шығыс тілдерін жақсы меңгеріп, Шығыс әдебиетінің шайырларын сүйсіне оқиды. Фердоусидің «Шахнамасы», Сағдидің «Гүлстаны», Низамидің «Ләйлә-Мәжнүні» секілді Шығыс әдебиетінің классикалық шығармаларын түпнұсқадан оқып-танысады. Бұл жайында академик Iсмет Кеңесбаев: «Құдайберген Жұбанов араб, парсы, шағатай тілдерін тыңғылықтап игеріп алған, яғни «мұсылманша» оқудың орта дәрежелі курсын мұқият аяқтаған. Құдайберген қай жерде, қандай оқу орнында оқыса да, үнемі алдыңғы қатарлы шәкірт болады, «үздік» дегеннен басқа баға алмайды», – деп жазған болатын. Медресені тауысқан соң елге оралып, алдымен Жұрындағы екікластық орыс мектебінде, сосын Күйікқаладағы (Илецк) екікластық училищеде оқиды. Училищені бітірген Құдайберген Қуанұлы тіл маманы болуды армандайды. Академик Ісмет Кеңесбаев бұл жайында: «Қ.Жұбановтың алғашқы шәкірттік кезеңде алған білімдері кейіннен оның жақсы тіл маманы болуына негіз болды. Бұл жылдарда ол құрылысы басқа араб, парсы және орыс тілдерін тәжірибе жүзінде игеріп алады. Құдайберген Жұбанов он сегіз жасқа толмай жатып түркі, араб және парсы тілдерінде сөйлей де, жаза да білген», – деген болатын.

1919 жылы Қуан Жұбанұлы жүрек ауруынан дүние салады. Осы жылы Қуанның інісі Тәпен де ауырып, бақилық болады. Енді екі бірдей отбасыны (өзінің іні-қарындастары мен ағасы Тәпеннің отбасы) асырап-жеткізу міндеті Жұбановтар әулетінің үлкені жиырма жастағы Құдайбергенге түседі. Сондықтан оның ары қарай білімін жалғастыруға мүмкіндігі болмады. Құдайберген Қуанұлының жалынды жастық шағы Кеңес өкіметі құрылып жатқан уақытқа сәйкес келді. Бала оқыту, ағартушылықпен қатар, жаңа құрылыс орнатуға атсалысады. Темір қаласындағы кеңестік бақылау бөлімін басқарады. Уездік атқару комитетінің мүшесі сайланады. Осы кездерде үстінен жала жабылып, түрмеге де қамалады. «Аққа құдай жақ» дегендей, ақырында оған жабылған айыптың бәрі жоққа шығарылады. 1922 жылдан бастап Темір уездік оқу бөлімінде, 1925 жылдан Ақтөбе қаласының губерниялық халық ағарту органында қызмет етеді. Мұнда да іскерлігімен, белсенділігімен көзге түседі.

1928 жылы сол кездегі ел астанасы Қызылордаға қызмет ауыстырады. Халық ағарту комиссариатына жұмысқа қабылданады. Алайда ол мұнда көп істеген жоқ. 1929 жылдың басында ҚазПИ-ге ғылыми қызметкер болып жұмысқа тұрады. Осы жылы Ленинградтағы Шығыс тілдері институтының аспирантурасына оқуға қабылданады. Оның ендігі мақсаты – тіл білімі бойынша теориялық білімін толықтыру болатын.

Ағайынды Жұбановтар Петерборға бірге келеді. Құдайберген КСРО Ғылым академиясының аспирантурасында, Ахмет Ленинград консерваториясында оқиды. Құдайберген Қуанұлының тіл ғылымы саласына түрен салуы, ғалымдық қызметі осы кезден басталды. Аспирантурада оқып жүргенде «Мағынасыз сөздердің мағыналары» атты ғылыми жұмысын жазады. 1932 жылы аспирантураны аяқтап, Алматыға оралады. ҚазПИ-дің профессоры болып қызмет істейді. Ұзамай қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болып тағайындалады. Сонымен қатар аспирантураға шәкірттер даярлайтын курсқа жетекшілік етеді. Кейін оған декан міндетін атқару қоса жүктеледі.

Ағайынды Жұбановтар
Фото: Ахмет Жұбанов

Профессор Құдайберген Жұбанов ҚазПИ-де қызмет еткен жылдары қазақ филологиясы кадрларын даярлауға, тіл ғылымының ғалымдарын шығаруға, қазақ тілі мен әдебиетіне қатысты бастамаларды іске асыруға себепші болады.

Профессор Әбдуали Қайдар бұл жайында: «Қазақ жерінің перзенті, тамаша лингвист-ғалым, профессор Құдайберген Жұбанов – біздің мақтанышымыз. Өйткені ол Қазақстан лингвистикасының аспанынан нұрын шашқан шұғылалы шоғырдың ішіндегі жарық жұлдыздарының бірі» деген болатын.

Құдайберген Қуанұлы ҚазПИ-де қызмет ете жүріп бірқатар қосымша қызметтерді де атқарды. КСРО Ғылым академиясы Қазақ филиалының Лингвистика секторының меңгерушісі болды. Бұл қазіргі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты болатын. Сонымен қатар Халық ағарту комиссариаты жанындағы методика, бағдарламалар, оқулықтар секторын басқарды. Осында жүріп қазақ тілі жайлы тұңғыш монографиялық зерттеу жазды. Мектепке арналған оқу бағдарламасын жасап, қазақ тілі оқулықтарын, әдістемесін дайындады. Одан бөлек профессор Жұбанов фонетика, грамматика (морфология және синтаксис), ұлттық әдеби тілдің дамуы мен тарихы, жазу емлесі, термин, мәдениет пен өнер мәселелері секілді бағыттар бойынша тер төкті. Асқан білімділігі мен ғылыми ізденгіштігінің арқасында ұлттық лингвистикадағы бүтін бір салалардың іргетасын қалады.

Сонымен қатар термин мәселесін бір ізге түсіруге де Құдайберген Жұбановтың еңбегі сіңді. 1933 жылы Халық ағарту комиссариаты жанынан терминологиялық комиссия құрылды. Осы комиссияның төрағасы болып профессор Жұбанов тағайындалды. Терминком жаңа сөздер жасау, оларды тіл білімі тұрғысынан реттеп түзету, көпшілік талқысына салу, практикада жүзеге асыру секілді қазақ терминологиясына қатысты міндеттерді атқарды. Сондай-ақ Құдайберген Қуанұлы қазақ терминологиясынан тыс әліпби және жазу мәселесін түбегейлі зерттеп, лексикографияда өз ізін қалдырды. Антропонимдерінің сан қырлы сырын зерттеп, ономастикалық мәселелерге де мән берді. Сонымен қатар қарымды публицист ретінде де көпке танылды. Ол публицист ретінде әдебиет пен мәдениеттің мәселелерін көтерді. Мәселен, 1934 жылғы «Әдебиет майданы» журналында жарияланған «Абай – қазақ әдебиетінің классигі» мақаласында Абайдың өлең құрылысындағы ерекшеліктерді талдап көрсетіп, оның тілді пайдаланудағы шеберлігін алғаш болып көрсетті. «Қазақ әдебиетінің тарихындағы Абайдың ұстайтын орнын босағаға қарай ысырмалаушылар, оған да місе тұтпай, табалдырықтан шығарып тастаушылар, менің байқауымша, даусыз бір моментті ескермей жүр; ол өз тұсында, жалғыз қазақ қана емес, басқа көршілес елдерден де Абайдың әдебиеттегі үздіктігі» деген тосын пікір айтты. Сол уақыттағы саяси жағдайды ескерсек, мұндай мақала жариялау үшін асқан батылдық қажет болатын.

Бұл мақала қазақ әдебиетіндегі абайтанудың бастауы саналады. Жұбановтың публицистикаға қосқан үлесі жайлы Мұхтар Әуезов: «Құдайберген стилі жатық, тілі орамды, мейлінше шебер жазатын адам еді», – деген пікір білдірген болатын.

Өкінішке қарай, сталиндік репрессия басталған тұста Құдайберген Қуанұлының да басына қара бұлт үйіріледі. 1937 жылы оны қамауға алып, «халық жауы» деген жаламен ату жазасына кесті. 1957 жылы Құдайберген Жұбановтың ісі КСРО Жоғарғы сотында қайта қаралып, ақталады. Иә, Құдайберген Қуанұлы тіл ғылымының дамуына бір кісідей үлес қосады. Мәулен Балақаев оның еңбектеріне: «Құдайберген Жұбанов еңбектері арқылы қазіргі қазақ тіл білімінің іргетасы қалана бастады. Сондықтан оны біз қазақ тілін ғылыми жолмен зерттеу жұмысының негізін қалаушы деп танимыз», – деп баға береді.

Мұхтар Әуезов пен Ісмет Кеңесбаев ҚұдайбергенЖұбановты «қазақлингвистикасының негізін қалаушы» деп бағаласа, інісі Ахмет Жұбанов қазақ ұлттық мәдениетінің негізін қалады. Ахмет те ағасы Құдайберген секілді жастайынан қазақтың поэтикалық, прозалық, музыкалық фольклорын бойына сіңіріп өседі. Ахмет бала кезінен музыкаға құмар болды. Қолына домбыра алып, ән-күй орындап, өнерпаз ретінде танылады. Ағасы Құдайбергеннің ізімен Ахмет те Жұрындағы екі сыныптық орыс мектебін бітіреді (1918). Сосын аз уақыт Темірде мұғалімдік қызмет атқарады. Алайда ақындық, жыраулық, әншілік, күйшілік дәстүрді зерттеу ісін тоқтатпайды. Осы кезде Ахметтің түбегейлі музыка жолын таңдауына Александр Затаевичтің «Қазақ халқының 1000 әні» кітабы әсер еткен екен. Ахмет кейін естелігінде осы кітаптың болашақ тағдырын өзгерткенін жазған болатын. Сөйтіп, ол музыка маманы болуға шешім қабылдайды.

Ахметтің зерттеушілік қырын ашып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырған жанның бірі ағасы Құдайберген Жұбанов еді. Осы ағасының кеңесі бойынша Ахмет Қуанұлы 1928 жылы Ленинградтағы М.Глинка атындағы музыка техникумына (скрипка класы), сонымен қатар осы қаладағы Н.Римский-Корсаков атындағы консерваторияға (гобой класы) оқуға түседі. Бұл жайлы Ғабит Мүсірепов естелігінде: «Сол жас жігіттің аты – Ахмет Жұбанов еді. Қажырлы да қайратты, ойлы да білімді жас Ахмет қазақ халқының рухани мәдениетінің көтерілмеген тыңын игеруге, қазақ халқының үні қосылмай келген музыкалық аспаптарының басын қосып, жаңадан жан бітіруге, музыкалық мәдениетін мәңгі өркендету жолдарын іздестіруге бірден-ақ кірісіп кетті», – деп жазған болатын. Ахмет Ленинград консерваториясында оқи жүріп сол уақыттағы көрнекті музыкатанушы ғалымдардан дәріс алады. Консерватория қабырғасынан мол білім алып, ой-өрісі кеңіп, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Ленинградтағы «Рабочий и театр» журналына қазақ музыкасының тарихы, теориясы жайлы мақалалар жариялап, қазақ музыка өнерінің жоғын түгендейді. Ол бұл миссияны өмірінің соңына дейін жалғастырады.

1932 жылы Ленинград консерваториясын бітіріп, осындағы Өнертану академиясының аспиранты атанады. 1933 жылы Алматыға келіп, қазақ музыка саласына дамытуға кіріседі. Енді Жұбановтың бар өмірі музыка өнерімен тығыз байланысты болады. Ахмет Қуанұлының атсалысуымен Алматыда музыкалық драма техникумы ашылады. Аталған оқу орнына Ленинградтан Евгений Брусиловский, Оралдан Лұқпан Мұхитов, Қызылордадан Махамбет Бөкейханов, басқа да өнер тарландары шақыртылады. Ахмет Жұбанов техникум жанынан студент домбырашылар ансамблін құрады. Ансамбль 1934 жылы өткен халық таланттарының Бірінші бүкілқазақ слетінде өнер көрсетеді. Осы жылы Ахмет Қуанұлы Қазақ ұлттық халық оркестрін құрады. 1945 жылға дейін осы оркестрдің дирижері болады. Оқу орындарында қазақтың халық музыкасы тарихы, дирижерлік өнер мен аспаптану пәнінен сабақ береді. Ахмет Қуанұлы музыкалық білім беру саласында айтарлықтай ізін қалдырады. Қазақтың алғашқы музыка теориясы оқулығын жазады. Қазақтың музыкатану саласындағы алғашқы ғылым кандидаттарын дайындайды.

1935-1937 жылдары Ахмет Қуанұлы Жамбыл атындағы филармонияның көркемдік жетекшісі болады. Сонымен қатар музыкалық драма техникумы директорының орынбасары қызметін атқарады. 1945-1951 жылдары Алматы консерваториясын басқарады. Бұл кезде Кеңес өкіметі идеологиялық қудалау жүргізе бастаған еді. Қудалау құрығына Қаныш Сәтбаев, Мұхтар Әуезов, Ахмет Жұбанов, Қажым Жұмалиев, Ермахан Бекмаханов, Бекежан Сүлейменов, Қайым Мұхамедханов секілді мәдениет пен ғылым қайраткерлері де ілінеді. БАҚ беттерінде олар жайлы сыни мақалалар жазылады. Оларды ұлтшыл, бай тұқымы деп айыптайды. Бұл қуғындаудың қатерлі болғаны сондай, кейбірі уақытша елден кетуге мәжбүр болады. Ахмет Жұбанов та жұмыстан, партия қатарынан шығарылып, соңында Мәскеуге кетуге мәжбүр болады. Жазушы Әбіш Кекілбаев Ахметтің осы бір қиын кездері жайында: «Таланса да, талықсығанын көрсетпейтін сырттандай, жалын жықпай баққан-ды. Маңдайға алған бағытынан сынық сүйем ауытқып көрген жоқ-ты. Ол ұстанған бағыт – туған ұлтының рухани әлеуетін нығайтып, төл

мәдениетінің көсегесінің көгере түсуіне, тарих тепкісін көп көрген халқының заманалық аусарлықтардың аламан-асырымен шайылып кетпей, дәйім алға баса беруіне қалтқысыз қызмет ету еді», – деп жазған болатын.

Кімді көріп, нені бастан кешпеген Ахмет бұл ауыр ахуалды да еңсереді. Жылымық кезеңі басталған уақытта елге оралып, Алматы консерваториясы Халық аспаптар кафедрасының меңгерушісі (1954-1961 жылдары) қызметін атқарды. 1961 жылдан бастап М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының музыка өнері бөлімін басқарады.

Ахмет Жұбанов ұлттық музыка зерттеу саласының негізін қалаушылардың бірі болды. Оның қаламынан 300-дан астам музыкалық, ғылыми бай мұра қалды. Ол көптеген әндер, романстар, хорлар, сюиталар, фантазиялар, симфониялық поэмалар, увертюраларды өмірге әкелді. Композитор Жұбановтың әндері көркемдігімен қатар ұлттық бояуымен ерекшеленді. Мәселен, композитор «Қарлығаш», «Көгершін» секілді әндері әлі күнге дейін халықтың сүйікті әні ретінде орындалып келеді. Осыдан-ақ оның қаламынан қандай ғажап әндер өмірге келгенін байқауға болады.

Ахмет Қуанұлының қазақ музыкасына әкелген бір жаңалығы – шетел классиктерінің шығармаларын қазақ оркестріне арнап аспаптау болатын. Осы арқылы шетелдік шығармаларға ұлттық бояу енгізіп, ұлт аспаптар оркестрінің репертуарын байытады. Сонымен қатар қазақтың әндері мен күйлерін Батыстың композициялық әдістемелері арқылы өңдеп, халық аспаптар оркестрі арқылы екінші тынысын ашады. Атап айтқанда, Мәди, Біржан сал, Ақан сері, Майра, Балуан Шолақ, Мұхиттың әндерін, Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Дина, Түркештің күйлерін, барлығы 100-ден астам ән-күйді, сондай-ақ 30-дан астам халық әндерін осы тәсілмен қайта жаңғыртады.

Ағайынды Жұбановтар
Фото: Қазақтың тұңғыш оркестрі, 1935 жыл Орал

Сондай-ақ Ахмет Жұбанов «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Исатай мен Махамбет», «Айман-Шолпан» секілді драмалық спектакльдерге де музыкалық шығармалар жазады. Латиф Хамидимен бірге қазақтың алғашқы операларын өмірге әкеледі. Мәселен, олар жазған «Абай» операсын 1944 жылы Абай Құнанбайұлының 100 жылдығы қарсаңында Құрманбек Жандарбеков сахналады. Шығарманың либреттосын заңғар жазушы Мұхтар Әуезов жазды. Бұл шығарма әлемнің көптеген елдерінде көрсетілді, 1978 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Операның өміршеңдігі сондай, әлі күнге дейін орындалып келеді. Жыл сайын театр маусымын «Абай» операсымен ашу ізгі дәстүрге айналды.

Ахмет Жұбанов Абай әндерін зерттеуде де мол табысқа жетті. Бүгінде ел алдында орындалып жүрген Абайдың 16 әнін немересі Мәкен Мұхамеджановадан жазып алып, нотаға түсірді. Сәбит Мұқанов айтқандай, Жұбанов көркем әдебиетте ұлы Абай бейнесін шеберлікпен шығарса, музыкада күйші Құрманғазы тұлғасын жан-жақты аша білді. Иә, Ахмет Жұбанов дәулескер күйші Құрманғазының да бағын ашты. Күйшінің өмірі мен шығармашылығын терең зерттеп, ел ішіндегі күйлерін жинап, нотаға түсіріп, ғылыми түрде жүйеледі. Құрманғазының шығармаларын оркестрге бейімдеді. Осы еңбегі үшін «өнертану ғылымының докторы» атағын алды. Тіпті Ахмет Қуанұлы ақын Хамит Ерғалиевтің либреттосы бойынша Құрманғазы жайлы опера жазуды да жоспарлаған екен. Алайда 1968 жылы өмірден өтіп, ол жоспарына қол жеткізе алмады. Композитордың бұл арманын қызы Ғазиза Жұбанова жүзеге асырып, 1987 жылы «Құрманғазы» операсы сахналанды.

Ахмет Қуанұлы халық композиторларының өмірін, олардың музыкалық мұрасын зерттеп, «Замана бұлбұлдары», «Ғасырлар пернесі», «Құрманғазы», «Ән-күй сапары», «Өскен өркен», «Менің замандастарым» секілді кітаптарын жарыққа шығарды. Осылайша Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Тәттімбет, Балуан Шолақ, Қазанғап, Байсерке, Абыл, Ықылас, Сармалай, Ыбырай, Мұхит, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұса, Әсет, Естай секілді қазақтың қаншама өнер иелерінің өмірдерегі мен шығармаларын тарихта қалдырып, бүгінгі күнге жетуі үшін тер төкті. Қорыта айтқанда, Ғабит Мүсірепов жазғандай, «Ахмет Жұбанов сияқты үлкен композитор, білікті ғалымның творчестволық жолын тегіс қамтып шығу тіпті мүмкін емес деуге болады. Өзінің туындылары арқылы, сахна мен экран, эстрада мен оркестр арқылы, кітаптары арқылы көп жайды Ақаң өзі айтып кеткен адам».

Серікбол ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫ