“Ағайындылардың бизнесі”: Дархан Сатыбалдының бауырлары немен айналысады?

Дархан Сатыбалдының (бұрынғы тегі — Сатвалдиев) бес ағайындысы бар. Олардың көпшілігі құрылыс саласында кәсіппен айналысады. Егер олардың компанияларын біртұтас экожүйе ретінде қарастырсақ, бұл — нағыз құрылыс империясы.
55 жастағы Мұхтар Сатвалдиев — Астанада тіркелген жеті компания мен бір жеке кәсіпкерліктің құрылтайшысы не тең құрылтайшысы. Осы кәсіпорындардың бірі — «Құрылысшы Ltd» ЖШС-не ол 2022 жылдың қазанында қосылған. Бұған дейін компанияның жалғыз иесі әкімнің 62 жастағы ағасы Төрегелді Сатвалдиев болған. Бұл мекеме тұрғын үй құрылысымен айналысады, мемлекеттік сатып алуларға қатыспайды. 2015 жылдан бері салық төлемдері шамамен 2 миллиард теңгені құраған, әсіресе 2022 жылдан бастап айтарлықтай өскен.
Мұхтар Сатвалдиевке тиесілі «Prestige AST» ЖШС, «Ultra Build» ЖШС, «Nomad Stroy Company» ЖШС және «New Home Build» ЖШС де құрылыс саласында жұмыс істейді. Бұл компаниялар да мемлекеттік сатып алуға қатыспайды. Барлығы қосылып шамамен 670 миллион теңге салық төлеген. Бұдан бөлек, «Home Builders» ЖШС тұрғын үйлерге кешенді қызмет көрсетумен, ал «Fitness Palace» ЖШС жылжымайтын мүлікпен делдалдық қызметпен айналысады.
Мемлекеттік сатып алуларға қатысатын Мұхтар Сатвалдиевке тиесілі жалғыз мекеме — «Sat Tower» ТК. Бұл компания өз меншігіндегі жылжымайтын мүлікті жалға берумен және басқарумен айналысады. 2019 жылдан бері шамамен 27 млн теңге салық төлегенімен, 1,5 млрд теңгеге жуық мемлекеттік келісімшарт жасаған. Компания кеңселер мен басқа да нысандарды «Эйр Астана», Республикалық электронды денсаулық сақтау орталығы және QazTrade Сауда саясатын дамыту орталығына жалға береді. Мекеме, болжам бойынша, елордадағы Нұра ауданында орналасқан Sat Tower бизнес-орталығына қатысты. Бұл ғимаратта «Эйр Астана» оқу орталығы да бар. Кадастрлық құжаттарда бұл жер спорттық-сауықтыру, медициналық және ойын-сауық кешенін салу және пайдалану үшін белгіленген. Дегенмен, жердің меншік иесі туралы мәліметтер көпшілікке қолжетімді кадастр картасында көрсетілмеген.
Әкімнің тағы бір ағасы, 53 жастағы Сұңқар Сатвалдиев, төрт құрылыс компаниясының құрылтайшысы ретінде көрсетілген. Олардың ең ірісі — «Sat Group Project» ЖШС. Компанияның салық төлемдері 10 миллиард теңгеге жуық, оның басым бөлігі 2023–2024 жылдарға тиесілі. Бұл бизнесте оның серіктесі — тағы бір інісі, 48 жастағы Ғабит Сатвалдиев. Қызығы, компанияның балансында құрылыс техникасы жоқ, керісінше, қымбат көліктер бар: Mercedes-Benz GLS 450 4Matic, Mercedes-Benz GLE 450 және Lexus LX 570. Компанияға бірнеше рет айыппұл салынған. Айыппұлдар қала көркіне зиян келтіру, инфрақұрылымды бұзу, жасыл желекті жою немесе бүлдіру тәрізді заңбұзушылықтармен байланысты.
«Sat Group Project» ЖШС-нің табысты еншілес компаниясы бар — «Sat-NS» ЖШС. Бұл компания да құрылыс саласында жұмыс істейді. Салық төлемі — 9,4 миллиард теңге, негізінен 2024–2025 жылдары төленген. Компания 5 миллиард теңгеге жуық 11 мемлекеттік келісімшарт жасаған. Мәселен, Астана қаласының Құрылыс басқармасы бұл компаниядан әлеуметтік осал топтарға арналған пәтерлер сатып алған.
Жоғарыда аталған Ғабит Сатвалдиев те, Дархан Сатыбалды сияқты, бұрын ҰҚК-де жұмыс істеген. Қазір ол – табысты кәсіпкер. Соңғы үш жылда оның компанияларының саны жетіден тоғызға артқан, олардың басым бөлігі құрылыс саласында жұмыс істейді. «Кенада» ЖШС, «New Company AST», «Astana Stroy Ltd», «Астана Констракшн Ltd», «Sat Group Construction» сынды құрылыс компанияларының жиынтық салық төлемдері 8 млрд теңгеге жуық.
2023 жылы Ғабит Сатвалдиев «Wanshengceramic» ЖШС-н құрды. Бұл компания бетон, цемент, гипс және соған ұқсас материалдардан жасалған бұйымдарды көтерме саудалаумен айналысады. Салық көлемі – 56,7 млн теңге. Компанияның тең құрылтайшысы – 70 жастағы Сұлтанхан Саурaнбаев, ал басшысы – оның ұлы Шыңғысхан Саурaнбаев. Айта кетейік, Шыңғысхан 2019 жылы біраз уақыт Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы болған.
2021 жылы «Власть» басылымы жазғандай, ағайынды Сатвалдиевтердің «Sat-NS», «Sat Group Project» және «Sat Group Construction» компаниялары Кіші Талдыкөл маңынан 21 жер телімін алған. Бұл — сирек кездесетін құстар (тіпті қызыл кітапқа енген қоқиқаз да) мекендейтін көлдер тобы. Алайда бірнеше жыл бұрын бұл жерлерді тұрғын үй және басқа нысандар салу үшін топырақпен көміп, құрылыс бастау әрекеттері басталды. Экологтар мен жергілікті тұрғындар бұған қарсы шыққан соң, астаналық әкімдік Кіші Талдыкөлді жоймаймыз, тек абаттандырамыз деп мәлімдеген.
2023 жылы журналистер сол кезде Түркістан облысының әкімі болған Дархан Сатыбалдыдан ағаларының бизнесі мен Талдыкөл құрылысы туралы сұрады. Ол ағайындарының жұмысына ешқандай қатысы жоғын, өзі де оларға көмектеспейтінін, ал Талдыкөлге қатысты жағдайды мүлдем білмейтінін айтты.
Алматы қаласының жаңа әкімі Дархан Сатыбалдының 43 жастағы жұбайы Жанар Мекенбаева соңғы үш жылда ешқандай жаңа бизнес ашпаған. Ол әлі күнге дейін елордада тіркелген «Мади-Ко 2008» ЖШС-нің құрылтайшысы әрі басшысы. Компания жылжымайтын мүлікті жалға беру және басқарумен айналысады. 2015 жылдан бері шамамен 11 млн теңге салық төлеген. Айта кетсек, Жанар Мекенбаева 2008–2011 жылдар аралығында жоғарыда айтылған «Sat-NS» компаниясының директоры болған. Бұл компания қазір оның қайын ағасы Ғабит Сатвалдиевке тиесілі.
Жанар Мекенбаеваның 41 жастағы бауыры Қанат Мекенбаев бизнес саласынан кеткен. Бұрын ол автобус тасымалы мен жеке қызмет көрсету салаларында жұмыс істеген.
Жанар Мекенбаеваның тағы бір туысы — Маратбек Мирзамұратов. Ол қазір Астана қаласы Алматы ауданының прокуроры. 2022 жылдың тамызында оның қызы Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың ұлына тұрмысқа шыққан. The Ritz-Carlton Almaty қонақүйінде өткен сән-салтанатты той қоғамда үлкен резонанс тудырды. БАҚ мәліметінше, той шығыны 265 млн теңгеге дейін жеткен болуы мүмкін. Осыдан кейін тіпті Нәлібаевтың отставкасын талап еткен петиция да пайда болды. Дегенмен, күйеу жігіт тарапынан, атап айтқанда мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаев (ол Нұрлыбек Нәлібаевтың ағасы) бұл ақпаратты жоққа шығарды.
Жаңа әкім және оның туыстары туралы жалпы мәлімет осындай. Ағайындылардың бизнесі жылдан жылға гүлдеп келеді.