Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
09:40, 28 Шілде 2025

“Ағылшынша Перизат ісі”: Өрт құрбандарына арналған 100 млн доллар жоғалып кетті

Трамп
Фото: БАҚ

Трамп Лос-Анджелестегі орман өртінен зардап шеккендерге көмек ретінде жиналған 100 миллион доллар көлеміндегі қайырымдылық қаражаттың жоғалып кеткенін мәлімдеді. 

Бұл туралы ол Truth Social әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.

– 100 миллион доллар жоқ болып кетті. Бұл қаражат Лос-Анджелестегі өрт құрбандарына көмекке бағытталуы тиіс еді. Егер басқару дұрыс ұйымдастырылғанда, мұндай апаттың алдын алуға болар еді. Губернатор Ньюсом Солтүстік Калифорния мен Тынық мұхиттың солтүстік-батысындағы миллиардтаған галлон суды босатудан бас тартты. Бұл шешім жағдайды толығымен өзгертер еді, - деп жазды Трамп.

Оның айтуынша, аталған қаражат биылғы жылдың басында өткен FireAid атты бір күндік қайырымдылық концертінде жиналған. Шара қаңтарда Калифорнияда болған жойқын өрттерден кейін баспанасыз қалған адамдарға көмек көрсету мақсатында ұйымдастырылған. Концертке Оливия Родриго, Кэти Перри, Леди Гага сынды әлемдік жұлдыздар қатысып, көпшіліктің қолдауымен шамамен 100 миллион доллар жиналған болатын.

Алайда кейін бұл қаржының нақты қайда жұмсалғаны немесе кімнің қолына тигені белгісіз күйде қалып отыр. Дональд Трамп бұл жағдайды аймақ басшылығының жауапсыздығымен байланыстырып отыр.

Еске салайық, 2025 жылдың қаңтарында Лос-Анджелес маңында ірі орман өрттері болып, 100 мыңға жуық адам қауіпсіз жерге көшірілген. Бірнеше адам қаза тауып, мыңнан астам ғимарат күлге айналған. Жойқын өрт Голливуд жұлдыздарының үйлеріне де зардабын тигізген.

Қазірге дейін ресми органдар бұл қайырымдылық қаржысының жоғалуына қатысты ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері бұл мәселеге қатысты тергеу жүргізуді талап етуде.