Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
18:10, 07 Ақпан 2024

«Агрессивті ақпарат». Қазақстанда ресейлік БАҚ-тарға тыйым бола ма?

Путин
Фото:

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің соңғы мәліметі бойынша Қазақстанда жалпы 5 673 бұқаралық ақпарат құралы бар. Олардың 5 385-і – отандық БАҚ болса, 288-і – шетелдік ақпарат құралдары.

Ал TNS Central Asia 2023 жылдың мамыр айында жүргізген зерттеулеріне сәйкес, Еуразия бірінші арнасы 18,2% көрермен үлесімен Қазақстандағы ең танымал телеарна болған.

Бұған дейін ақпарат министрлігінен ең көп тендер алатын «Қазақстан» АҚ 2019-2020 жылдары Ресейдің «Первый канал» өнімдерін 3,9 млрд теңгеге сатып алғаны туралы ақпарат шыққан. Яғни Ресей телеарнасының 1 250 сағатты құрайтын өнімін қазақстандық «Еуразия бірінші арнасында» көрсету үшін 4 миллиардқа жуық ақша жұмсалған. Алайда артынша, аталған арнаның келісімде қарастырылған мемлекеттік ақпараттық саясаттың негізгі тақырыптық бағыттары «Еуразия бірінші арнасында» сақталмағаны анықталды. Мәселен, арна Абайдың 175 жылдығы сияқты қазақстандық көрермен үшін маңызды мерейтойлар туралы хабарлардың орнына «Православиелік христиандар Рождество мерекесін тойлайды» бағдарламасын көрсеткен болып шықты.

Жалпы, зерттеушілер 2022 жылдың ақпан айындағы Ресейдің Украинаға ашқан соғысынан кейін, көрші елдің ақпараттық пропагандасы Орталық Азия елдерінде күрт күшейгенін айтады. Мәселен, Қазақстанның Ресеймен шектесетін солтүстік облыс тұрғындары ресейлік телеарналарды еш кедергісіз көре алады. Қазірде солтүстік өңірде «Россия 24», РТР, НТВ, «Первый канал», «Звезда» сияқты бірнеше ресейлік арналар күндіз-түні қосылып тұр. Сонымен қатар Sputnik.kz сияқты ақпарат порталдары «Ресейдің Украинадағы арнайы әскери операциясы» деген қосымша рубрика жүргізіп отырады.

Осының салдарынан, Қазақстанда да Путиннің саясатын ашық қолдайтын топтар пайда болған. Мәселен, өткен жылдың мамыр айында «Демоскоп» қоғамдық ұйымы Ресей-Украина соғысына қатысты қазақстандықтар арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, қазақстандықтардың 21,1 пайызы Украинаны қолдайтынын, ал 12,8 пайызы Ресейді қолдайтыны анықталған. Сауалнамаға қатысқандардың 59,8 пайызы бұл мәселеге бейтарап көзқараста екенін айтқан. Сонымен қатар сауалнамаға жауап берген қазақстандықтардың 15%-ы Ресейдің Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін деген түсінікте екен.

пропаганда
Фото: из открытых источников

Бір қызығы, ресейлік агрессияны жақтайтындардың басым бөлігі ақпаратты көбінесе теледидар арқылы алатын егде жастағы адамдар. Керісінше, интернет пен әлеуметтік желіні белсенді пайдаланып жүрген жастар Украинаға жанашырлық танытуға бейім екенін көрсеткен.

Бұл тұрғыда, Өзбекстан ел аумағына халықаралық телеарналарды тарта бастаған. Мәселен, 2022 жылдың 1 қарашасынан бастап Өзбекстанның цифрлық теледидар операторлары BBC World News (Ұлыбритания), CNN International (АҚШ), Bloomberg (АҚШ), TRT Avaz (Түркия) және CGTN (Қытай) сияқты қосымша бес халықаралық телеарнаны көрсете бастады. Fox News, CNBC, SkyNews, France 24 және тағы басқа халықаралық арналар ресейлік телеарналарға, әсіресе Кремльдің ресми арналарына балама ретінде ұсынылған.

Ал Қырғыз Республикасында ресейлік БАҚ-тың ықпалы жоғары. Қазір ресейлік «Первый канал», «РТР», «Мир» телеарналары Қырғыз аумағында еш кедергісіз ақпарат таратады. Сондай-ақ «Аргументы и факты», «Комсомольская правда» және «Московский комсомолец» атты үш ресейлік газеттің Қырғыз елінде жергілікті бөлімшелері бар. Олар орыс тілінде шығады және интернетте де, баспада да ресейдің ақпараттық күн тәртібіне назар аударады. Сонымен қатар Sputnik ақпарат агенттігінің Қырғыз елінде орыс және қырғыз тілдерінде онлайн контент ұсынатын жергілікті бөлімшесі бар.

Қазақстандықтардың санасы агрессивті ақпаратпен уланып жатыр

Ермұрат Бапи, журналист, мәжіліс депутаты:

«Ресейлік ақпарат құралдарының Қазақстанға ықпалы орасан қорқынышты. Кабельдік желі арқылы төрт бірдей федералдық ақпарат ТВ арнасы тәулік бойы тоқтаусыз пропаганда төгіп жатыр. Онға жуық диапазондық ТВ «орыс әлемі» насихатын жырлауда. Қазақстандықтардың санасы теріс агрессивті ақпаратпен улануда. Ресеймен шекаралас (7 500 шақырым) аймақтың тұрғындары таңның атысынан түн ауғанға дейін әлемді путиндік пропаганданың көзімен тануда. Бұл – Қазақстанның ұлттық мүддесіне, халықтың саяси танымына төнген адам айтқысыз қатер!

Ал ресейлік баспасөз өнімдері соншалықты қорқынышты емес. Себебі қазақстандықтар орыс газеттері түгілі, отандық баспасөзді оқудан қалған. Сондықтан ресейлік ақпарат құралдарына міндетті түрде тыйым салыну керек. Мейлінше тезірек тыйым салынуы тиіс. Бұл мәселеде бірінші кезекте Кремльге жалтақтауға мәжбүр болған биліктен бұрын, қоғам бастамашы болуы тиіс. Ресейлік насихатты ауыздықтау ісінде қоғам билікті мәжбүр ететіндей протестік қозғалыс қажет!»

Соғыс басталғаннан кейін ресейлік журналист Юрий Дудь өзінің YouTube арнасында «Пропаганда – топливо войны»атты материал шығарды. Онда журналист Ресейдің соғыс тақырыбын теледидар арқылы жылдар бойы астыртын насихаттап, қоғамның санасын ақпарат арқылы дайындағанын айтады.

«Ресей жылдар бойы алдымен теледидардан, содан кейін барлық жерде үгіт-насихатты күшейтті. Бұл мені қорқытқан жоқ, керісінше, күлкімді келтірді. Өйткені Соловьев пен оның достарының хабарлары күлкілі болды, кейде антропологиялық тұрғыдан өте қызықты болды, бірақ Геббельспен салыстырудың бәрі асыра сілтеу және алаңдаушылық болып көрінді. Ресей Украинаға басып кіре бастағанда мен қатты қателескенімді түсіндім.

Насихат – бұл соғыстың негізгі отыны және көп адамдардың бұл соғысты қолдауының басты себебі», – дейді ресейлік журналист.

Айта кетейік, жуырда мәжілістің екі депутаты «елдің ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді» деген желеумен Қазақстандағы шетелдік ақпарат құралдарының жұмысына тыйым салу туралы бастама көтерді. Егер бұл ұсыныс әрі қарай қолдау тапса, Қазақстандағы «Азаттық» радиосының жұмысына тосқауыл қойылуы мүмкін. Алайда кез келген саяси жиыннан, митингтер мен түрлі оқиғалардан бейтарап ақпарат таратып отырған Азаттық радиосы қауіпті ме, әлде, күні-түні көрші елдің басқыншылық әрекетін ақтап әлек болып отырған Ресейдің ақпараттық ағынына тосқауыл қойылуы керек пе? Шын мәнінде, ұлттық қауіпсіздікке қатерді кім төндіріп отыр? Біздің қоғам талқылауға тиіс негізгі бір мәселе – осы.

Нұрбике Бексұлтан