Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
11:00, 08 Тамыз 2023

Агробизнес және тері өндірісі

None
None

Қазақстандағы өркендей алмай келе жатқан саланың бірі – тері-жүн өндірісі. Ресми деректерге сүйенсек, жыл сайын республикада 40 мың тоннаға жуық қой жүні өндіріледі.

Жүннің ең көп үлесін 56 пайызын жеке қосалқы шаруашылықтар, 4 пайызын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары,  40 пайызын шаруашылықтар мен фермерлік қожалықтар өндіріп отыр. Десек те осы шикізаттың тек төрттен бір бөлігі ғана қайта өңделеді де, қалған бөлігі қоқысқа тасталады немесе өртеледі. Сарапшылар агробизнес саласында тері өндірісін терең меңгеру қажеттігін алға тартып жатыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ақпаратына сүйнесек, елімізде төрт мыңға жуық ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қой өсірумен айналысады. Ал елде тері-жүн өңдейтін 9  зауыт қана бар. Соның ішінде оның төртеуі ғана жүнді қайта өңдеудің толық циклімен айналысады. Қалған кәсіпорындар – киізден және қылшықты жүннен илеп, аяқ киім шығаратын фабрикалар. Демек, Қазақстанда жүннің терең өңделуі іс жүзінде тек киіз илеу өндірісімен ғана шектеледі.

Сала мамандары мұнымен елдегі жеңіл өнеркәсіп саласын жандандыра алмайтынымызды мысал етті. Мәселен, киім-кешек тігумен және тоқумен айналысатын кәсіпкер Дәмигүл Оразбайдың айтуынша, ол цехына сапалы жібек маталарды тігетін топс тәрізді жіптерді Ресейден, Түркиядан алуға мәжбүр. Себебі біздің елімізде жүн топс жібін алуға дейін өндірілмейді. 

«Шикізатты шетелден алғаннан кейін біз тігетін киім-кешектің де бағасы қымбаттап шыға келеді. Сондықтан үкімет болашақта тері-жүн өндірісіне субсидия бөлуге қатты назар аударса» дейді тігінші.

Деректерге жүгінсек, бізде осы уақытқа дейін мал өсіруге, асыл тұқымды мал басын шетелден алдыртуға, жем-шөп базасын даярлауға субсидиялар беріліп келген. Ал тері-жүн өңдеуге мемлекет тарапынан берілетін субсидиялар аз. Сондықтан біздің елдегі тері-жүн шикі өңделмеген күйінде Өзбекстан, Қырғызстан асып, артынша өзімізге киім-кешек ретінде қымбат бағаға келіп жатыр.

Жуырда ауыл шаруашылығы министрлігі осы мәселені жолға қою мақсатында ірі қара терісінен өнім өндіретін инвесторлық жобаларды қолға ала бастады. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөөкев 2022 жылы Қазақстанда терінің 81 пайызы өңделмегенін айта келе алдағы уақытта бұл салаға назар аударылатынын жеткізді. Министрдің айтуынша, расымен де осы уақытқа дейін малдың терісі мен жүнін өңдеу және экспорттау сауатты іске асырылмады.

«Қазір шағын және орта бизнес үшін экспорттық баж толық алынды, ал ірі қара мал бойынша 100 еуроға дейін төмендетілді. Оған қоса, инвестициялық субсидиялар қағидаларына былғары шикізаты мен жүнді қайта өңдеу жөніндегі жаңа қуаттарды салуға және жаңғыртуға арналған инвестициялық салымдардың 25%-ын өтеуді көздейтін жаңа паспорт енгізіледі», – деді Ербол Қарашөкеев.

Министрдің пікірінше, шикізат өңдеудің дамымау себебінің бірі – оның жеке шаруа қожалықтарында, шағын шаруа қожалықтарында және фермерлік қожалықтарда өндірілген сапасының төмендігі және отандық кәсіпорындардың да, экспорттаушылардың да талабына сәйкес келмеуі.

Министр болашақта тері-жүн экспортына мән берілетінін, сондай-ақ теріден  желатин немесе азықтық қоспаларды өндіру жолға қойылатынын айтты.   Осыған байланысты  республика бойынша төмендегі жобалар іске асырылады: Ол жалпы қуаты 12 мың тонналық ірі қара малдың терісін өңдеп, желатин өндіретін 3 инвестициялық жоба; 2,2 мың тонна көлемінде азықтық қоспаларды өндіру үшін ұсақ мал терісін өңдейтін бір жоба. Алдын ала есептеулер бойынша аталған жобаларды іске асыру ірі қара малдың өңделген терісінің үлесін 85 пайызға дейін (462 мыңнан 3 млн данаға дейін) ұлғайтуға мүмкіндік бермек.

Тегтер: