Агроөнерәсіпті дамытып, су ресурсы мәселесін шешу маңызды
Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биыл күздегі Жолдауында еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет екенін қадап айтты.
Оның сөзінше, бұл – стратегиялық міндет.
Рас, қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. «Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуі тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек», деген еді ол.
Сол кезде президент игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталған. «Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 млн гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 млн гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 млн гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді», деді мемлекет басшысы.
Күні кеше Ақтөбе облысында өңірдің бизнес қауымдастығы жиналып, кәсіпкерліктің жай-күйі мен дамуына кедергі келтіретін негізгі мәселелер талқыланған жиынды ашқан облыс әкімі Ералы Тоғжанов та ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бизнеске жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырғанын атап өтті.
«Шағын және орта бизнес саласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына әсер етудің негізгі құралдарының бірі. Мемлекет басшысының кәсіпкерлікті дамытуға қатысты тапсырмасын орындау мақсатында облыста бірқатар нақты шаралар атқарылып жатыр. Ақтөбелік бизнес мемлекеттік қолдаудың дағдарысқа қарсы бағдарламаларын белсенді қолдануда. Мәселен, 2021 жылы 5 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Бұл көрсеткіш бойынша облыс өңірлер арасында жетекші орынға шықты. 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылып, 8 мыңға жуық жұмыс орны сақталып, өндірілген өнім көлемі 478,9 миллиард теңгені құрады. Түскен салық көлемі 47 миллиард теңгеден асты. Биылғы жылдың 9 айының қорытындысы бойынша Ұлттық жоба аясында 2600-ден астам жобаға қолдау көрсетілді», — деп нақтылады Ералы Тоғжанов. Бұл бағыттағы жұмыстарды күшейту үшін тек мемлекеттік бағдарламалар ғана емес, ірі компаниялар да тартылып отыр. Мәселен, облыс басшылығы Хромтау қаласы кәсіпкерлерінің жобаларын 3 пайызбен несиелендіру бойынша «ERG» компаниясымен келіссөздер жүргізуде. «Ауыл аманаты» жобасының іске қосылуы ауыл тұрғындарының табысын айтарлықтай арттырады. Оған 24 ауылдық округтің 61 елді мекенінің тұрғындары қатысады. «Ауыл шаруашылығын дамыту керек, бұл ауыл тұрғындарының жағдайын жақсартады, қалаға көшу азаяды. Агроөнеркәсіп кешенінде бірқатар маңызды жобаларды, соның ішінде тауарлық несиелендіруді жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Биыл 500 мың гектардан астам ауыл шаруашылығы жерлері мемлекетке қайтарылып, олар халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуге және жұмыс істеуге дайын шаруа қожалықтарына беріледі. Жалпы, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты көптеген мәселе бар, біз оларды шешеміз», — деді әкім.
Айтпақшы, бұл кездесу ашық микрофон форматында өтті. Қатысушылар кешенді шешімді қажет ететін бірқатар өзекті мәселелерді ортаға салды. Мәселенің бірі – көгілдір отын тапшылығы. Сол себептен, «SD Indrustru» ЖШС айына 1,5 миллион дана кірпіш өндіру жобасын жүзеге асыра алмай отыр. Тағы бірнеше ШОБ субъектілері осындай жағдайға тап болды. Осыған байланысты «Бұқара-Орал» магистральді газ құбырының үшінші тармағы мен газ бұру құбырын салу шаралары жүргізілуде. Сонымен қатар, білім беру, көлік және логистика, мемлекеттік сатып алу және жергілікті қамту, жер қатынастары, АӨК, сондай-ақ қылмыстық және азаматтық сот ісін жүргізуде кәсіпкерлікті қорғау салаларына қатысты мәселелер өзекті күйінде қалып отыр. Оларды шешу облыс басшылығының қолдауын қажет етеді.
Облыс әкімі әрбір өтінішті жан-жақты сараптауды тапсырды. Мемлекеттің қолдауына тек ашық және таза жұмыс істейтіндер ғана ие болатынын кәсіпкерлерге ескертті.
Тағы бір үлкен мәселе, ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр.
«Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», деген болатын ел президенті.