Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:27, 26 Наурыз 2026

Агроөнеркәсіп пен сауда

агроөнеркәсіп кешені
Фото: из открытых источников

Агроөнеркәсіп кешені – кез келген мемлекеттің экономикалық тұрақтылығы мен азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі. Себебі әдетте бұл сала тек ауыл шаруашылығын дамытумен шектелмей, өнімдерді қайта өңдеудің барлық цикліне тікелей әсер етеді.

Қазақстандағы агроөнеркәсіптің дамуы елдің ішкі нарығын қамтамасыз етуге, экспорттық әлеуетті арттыруға және ауылдық жерлердегі жұмыспен қамтуға жол ашады. Биыл наурыз айындағы көрсеткіштерге сүйенсек, елдегі өңдеуші өнеркәсіп саласында айтарлықтай өсу байқалады. Тағам өнімдері өндірісінің көлемі 665 млрд теңгеге жетіп, физикалық көлем индексі 111,9%-ға тең болған, бұл жоспарланған 104,3%-дан әлдеқайда асып түсті. Сарапшылардың болжамынша, бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 112%-ға жетуі мүмкін. Сол сияқты, сусын өндірісі 175,4 млрд теңгеге бағаланып, физикалық көлем индексі 110,2%-ды құрады, ал жоспарланған деңгей 104,2% болатын. Қаңтар-ақпан айларындағы бұл өсім 2025 жылмен салыстырғанда бірнеше пайызға өскен, себебі өткен жылы елде сусын өндірісі 1,2 трлн теңге деңгейінде бағаланған.

Ауыл шаруашылығы министрлігі атап өткендей, тағамдық өнеркәсіп тұрақты даму жолына түскен. 2025 жылы елде тағам өнімдері өндірісінің көлемі 3,9 трлн теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8,1% өсім көрсетті. 2026 жылға арналған жоспар – бұл көрсеткішті 4,7 трлн теңгеге дейін арттыру. Өсім негізінен егістік алқаптарын әртараптандыру, кәсіпорындардың жүктемесін арттыру, ішкі нарықты қорғау шаралары және жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етілмек. Сарапшылардың бағалауы бойынша, бұл факторлардың қосымша үлесі шамамен 600 млрд теңгені құрап, өңделген ауыл шаруашылық өнімдерінің үлесін жыл соңына қарай 70%-ға жеткізуге мүмкіндік береді. Өнім түрлері бойынша да өсу тенденциясы анық байқалады. Мысалы, күнбағыс майының өндірісі 890 мың тоннаға дейін ұлғайтылып, бұл өткен жылмен салыстырғанда 100 млрд теңгеге артық өнім шығарды. Екі жаңа жүгері өңдеу кәсіпорны іске қосылғаннан кейін шамамен 640 мың тонна шикізат өңделіп, крахмал өнімдері мен аминқышқылдарының өндірісі 205-тен 260 мың тоннаға дейін артпақ, бұл қосымша 55 млрд теңге көлемінде өнім шығаруға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар ірі кәсіпорындар өндірісті ұлғайтуға бағытталған нақты жоспарларды жүзеге асырып жатыр. Мысалы, «Саламат» компаниясы ұн өндірісін 232 мың тоннадан 257 мың тоннаға дейін арттыруды көздейді. Qazaq Astyq Group өсімдік майының өндірісін 106 мың тоннадан 126 мың тоннаға дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. «Масло-Дел» өңделген сүт өнімдерін 98,2 мың тоннадан 121 мың тоннаға дейін жеткізуді көздейді екен. Жаркент крахмалопатикалық зауыты крахмал мен патоканың өндірісін 61,5 мың тоннадан 67,6 мың тоннаға дейін ұлғайтпақ. Coca-Cola Алматы Боттлерс компаниясы алкогольсіз сусындардың өндірісін 4,3 млрд литрден 6,7 млрд литрге дейін жеткізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар «Кублей» ет өңдеу кәсіпорны мен «Айс» сүт кәсіпорны да өндірісті ұлғайтуға барын салып жатыр.

С.Бақберген