Агроөнеркәсіп және цифрлық технология

Агроөнеркәсіптік кешен – Қазақстан экономикасының маңызды салаларының бірі. Елімізде ауыл шаруашылығының негізгі екі бағыты өсімдік және мал шаруашылықтары жақсы дамыған. Қазақстан ауыл шаруашылығы өндірісі бойынша ТМД елдері арасында жетекші орындардың бірін еншілейді.
Табиғи жайылымдардың көлемі әлем бойынша Аустралия, Қытай, АҚШ, Бразилиядан кейін алғашқы бестікке кірсе, егістік жерлерінің көлемі бойынша 10-орынды иеленеді. Бұл – ежелден жерді еміп, төрт түлігін түгендеп келген халқымыздың бір артықшылығы.
Алайда елімізде осы салада шешілмей келе жатқан түйткілді мәселелер де жоқ емес. Әсіресе жер телімдерінің дұрыс игерілмеуі, судың тапшылығы мен тозығы жеткен техникалар сияқты бірқатар мәселе шаруашылықты тұралатып отырғаны шындық.
Осыған байланысты былтыр агроөнеркәсіп кешенінің әрбір бағыты бойынша шаралар қарастырылған Жол картасы әзірленген еді. Оның ішінде, атап айтсақ, су үнемдеу технологияларын енгізу, тыңайтқыштарды қолдану деңгейін арттыру және ауыл шаруашылығы техникасын қарқынды жаңарту жоспарланған. Бұдан бөлек, су тапшылығы мәселесін шешу үшін ылғалды көп қажет ететін дақылдардың үлесін азайтып, жоғары рентабельді өсімдіктер, мысалы, майлы дақылдар өндірісінің көлемін арттыру арқылы республикадағы егіс алқаптарын әртараптандыру қарастырылған. Жоспар бойынша 2028 жылға дейін Жол картасы аясында мал шаруашылығы саласын дамытудың жаңа деңгейіне шығарып, жалпы өнім көлемін 2 есеге арттырып, 17 трлн теңгеге дейін жеткізу көзделіп отыр. Ол үшін ірі және ұсақ мал басын көбейтуге, ет пен астық өңдеуді арттыруға, сүт-тауарлы фермаларды және басқа да нысандарды іске қосуға бағытталған шаралар да енгізілмек.
Өткен жылы «Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында» президент елдегі агроөнеркәсіп ахуалын баяндай келіп, осы саладағы алдағы жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталған еді. Осы тұста, ең алдымен, агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыруды жүйелі жүргізу реттелмек. Президент агроөнеркәсіп кешенінің мемлекеттік субсидияға бағыныштылығын азайтып, жеке инвестициялар тарту арқылы банктердің ауыл шаруашылығына жеңілдетілген несие беруін ынталандыруға, отандық қаржы институттары агрокәсіпорындар ұзақмерзімді әрі қолжетімді қаражат ұсынуға тиіс екенін атап өтті. Аграрлық сектор саласындағы инвестициялық жобаларды дамыту үшін биыл Аграрлық несие корпорациясы (АНК) және «ҚазАгроҚаржы» арқылы шамамен 1,5 трлн теңге қаражат бағытталады. Бұл қаражат көктемгі егіс және жиын-терін жұмыстарын жүргізуге, инвестициялық жобаларды іске асыруға, негізгі құралдарды сатып алуға және ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне жұмсалады.
Бұдан бөлек, агроөнеркәсіп кешенін индустрияландыру мен ауыл шаруашылығы ғылымын өркендету, технологияларды белсенді түрде енгізу, ауыл шаруашылығының экспорттық әлеуетін күшейту бағыттары да назардан тыс қалған жоқ. Елімізде аталған саладағы қызметтер мен үдерістерді толығымен электронды форматқа көшіретін болады. Қазақстан бұл бағытта цифрлық технологияларды белсенді енгізсе, өнімділікті арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайта түсуге мүмкіндік алады. Ал жасанды интеллект сияқты қазіргі заманның озық жетістіктері мен «үлкен деректер» пайдалану арқылы өндірістің барлық кезеңінде дәл есептеу, бақылау мен болжау мүмкін болмақ.
Қосқанат Бауыржан