Агросектордың болашағы адал есеп, әділ статистикадан басталады

Адамзат өркениетінің ең ежелгі әрі ең басты тірегі саналатын әрі қоғамның экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуының негізін қалаған сала ретінде біз әдетте ауыл шаруашылығын атаймыз.
Бұл саланың маңызын белгілі бір шектеуге сыйдыруға болмас, өйткені ол адам өмірі үшін ең қажет азық-түлік пен шикізат көзін егін, мал шаруашылығы қалыптастырады. Ауыл шаруашылығының өркендеуі мемлекеттің азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі, халықтың тұрмыс сапасын айқындайтын шешуші фактор және экономикалық тұрақтылықтың мызғымас іргетасы екені анық. Бұл сала тек егін егу немесе мал бағумен шектелмесе керек, ол табиғат пен адам арасындағы нәзік тепе-теңдікті сақтай отырып, жер, су, ауа ресурстарын ұтымды пайдалануға негізделген күрделі жүйе. Осы орайда президент «Әділетті Қазақстан» жолдауының екінші бөлімінде ауыл шаруашылығы саласына ерекше мән беріп, баса назар аударған еді. Мемлекеттен бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс екенін атап, алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отырғанын ескерткен еді. Мұнымен қатар, ауыл шаруашылығы тек экономикалық маңызы бар сала емес, ол ауыл халқының әлеуметтік тұрақтылығын қамтамасыз ететін тірек. Ауылдық аймақтарда жұмыс орындарының ашылуы, инфрақұрылымның дамуы, білім мен медициналық қызметтің жақсаруы – осының барлығы ауыл шаруашылығының табысты болуына тікелей байланысты. Егер ауылда тұрақты табыс көзі мен қолайлы өмір сүру жағдайлары жасалса, жастардың қалаға жаппай көшу үрдісі бәсеңдеп, демографиялық тепе-теңдік сақталады. Қазіргі заманда ауыл шаруашылығын дамытудың тағы бір маңызды қыры – оның жаһандық нарықтағы орны. Экспорттық әлеуеті жоғары өнімдер өндіру, экологиялық таза тағамдар шығару, органикалық егіншілік пен мал шаруашылығын дамыту Қазақстан сияқты кең жері мен табиғи ресурсы мол елдердің басты басымдығы болуы тиіс. Бұл үшін заманауи агротехника, сапалы тұқым, селекциялық жетістіктер, ғылыми-зерттеу орталықтарының жұмысы мен шаруалардың тәжірибесі үйлесімді бірігуі керек.
Осы орайда бұл саланы дамыту бағыттарында баса назар аударатын мәселе – санақ жүргізу болып отыр. Түркістан облысы әкімінің орынбасары өткен аптада аудан-қала әкімдерінің орынбасарларымен мәжіліс өткізіп, өңірдегі санақ барысын саралаған еді. Бұл санаққа жалпы облыс бойынша 40 мыңға жуық жеке қосалқы шаруашылық, 85 мыңнан астам шаруа-фермерлік қожалық, 4 мыңнан астам заңды тұлғалар қатысады деп жоспарланып отыр. Тіпті қазір өңірлерде онлайн тіркелу бұрыштары жасақталып, жұмысын бастап кеткен. Облыс әкімінің орынбасары әсіресе интернет желісінің ақаусыз қызметін қамтамасыз ету қажеттігін ескертті. Жұмыс барысында туындаған мәселелерді дер кезінде назарға алып, шұғыл әрекет етуді тапсырды. Әкім орынбасары Нұрбол Тұрашбековтің айтуынша, ауыл шаруашылығы саласын оңтайландыру және бюджет қаражатын жоспарлау үшін бұл шара маңызды қадам.
«Ауыл шаруашылығы санағы екі кезеңде өтеді. Бірінші кезең – 1–31 тамыз аралығында респонденттердің sanaq.gov.kz сайтында онлайн форматта сауалнаманы толтыруы арқылы жүзеге асады. Екінші кезең – 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында интервьюерлермен елді мекендерді аралау, онлайн форматта деректерді енгізуі арқылы жүргізіледі. Санақты өткізудегі басты мақсат – аграрлық сектордың дамуын болжау және ауыл шаруашылығы саласының қазіргі жағдайы туралы толыққанды шынайы ақпарат алу. Санақ барысында азық-түлік тауарын өндірушілердің мәліметтері тіркеледі. Белгіленген әр санат бойынша деректер толықтырылады. Бұл өз кезегінде ауыл шаруашылығы саласының жай-күйін нақты деректермен зерделеп, қолдау тетіктерін қайта түзуге жол ашады. Ауыл шаруашылығы дамыған елдерде бұл сала ғылым мен технологияның жетістіктерімен ұштасып, агроөнеркәсіптік кешеннің қуатты тетігіне айналған. Мұндай санақ арқылы елдегі егін және мал шаруашылығының көлемі, құрылымы, өнімділік деңгейі, жер мен су ресурстарының пайдаланылу жайы, ауылдағы еңбек ресурстарының ахуалы, агротехникалық жабдықталу деңгейі сияқты сан түрлі көрсеткіштер анықталады. Бұл деректер жай ғана статистикалық сандар емес, олар экономикалық саясатты, аграрлық реформаларды, мемлекеттік қолдау шараларын және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету стратегиясын қалыптастыруға негіз болады», – дейді.
Ауыл шаруашылығы тек өндіріс көзі ғана емес, ол халықтың азық-түлікпен қамтамасыз етілуінің, ауылдық аумақтардың әлеуметтік тұрақтылығы мен экономикалық өсудің кепілі. Егер санақ деректері дәл әрі толық болса, мемлекет жерді тиімді бөлу, су ресурстарын ұтымды пайдалану, өнімді өңдеу және сақтау инфрақұрылымын дамыту сияқты шешімдерді нақты деректерге сүйене отырып қабылдай алады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы санағы ауылдағы еңбек ресурстарының құрылымын, жастардың ауылда қалу немесе көшу үрдісін, гендерлік және жас ерекшеліктерін, білім мен біліктілік деңгейін айқындауға мүмкіндік береді. Бұл деректер аграрлық білім беру бағдарламаларын жетілдіруге, ауылдық кәсіпкерлікті қолдауға, кооперативтер құруға және ауыл инфрақұрылымын жаңартуға бағытталған саясатқа жол ашары анық. Санақ нәтижелері агроөнеркәсіп кешенінің инвестициялық тартымдылығын арттырып, шетелдік серіктестер үшін нақты бағдар ұсынады. Бұдан бөлек, ауыл шаруашылығы санағы экологиялық жағдайды да бағалауға мүмкіндік беретіні рас. Нәтижесінде топырақтың құнарлылық деңгейі, суармалы жердің сапасы, егін алқаптарының эрозияға ұшырауы, жайылымдардың тозу қарқыны секілді көрсеткіштер анықталып, экологиялық қауіп-қатерлерді азайтуға бағытталған шаралар қабылданады. Мұндай кешенді деректер ауыл шаруашылығын климаттың өзгеруі жағдайына бейімдеу, экологиялық таза өнім өндіру, органикалық егіншілік пен мал шаруашылығын дамыту үшін де қажет. Ақпараттың дәлдігі – жоспардың тиімділігінің кепілі, сондықтан санақ барысында тек мемлекеттік органдар ғана емес, фермерлер, агробизнес өкілдері, жергілікті билік пен ғылыми орталықтар да белсенді атсалысуы тиіс.
С. Бақберген
Түркістан облысы