Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:14, 23 Тамыз 2022

Ағын су мәселесі әкімдіктің назарында

None
None

Түркістан облысында ағын су нысандарының құрылысы облыстық әкімдіктің назарында тұр.

Өйткені бұл нысандар өңірдегі шаруашылық үшін ғана емес, халықтың қауіпсіздігі үшін де маңызды. Себебі Оңтүстіктегі табиғи сипаттағы төтенше жағдайлардың дені өзен-каналдардағы сумен байланысты.

Жуырда облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Жетісай мен Мақтаарал аудандарының халқымен кездесуде елге аса қажетті әрі стратегиялық маңызы бар каналдар мен су нысандарының құрылысын сапалы жүргізу, елдің сұранысына сай жаңа жобаларды бюджетке ұсыну жұмыстары бір сәт те тоқтамауы тиіс екенін атап өтті.

Мақталы өңірдегі қазіргі ең басты проблеманың бірі жерасты суларының көтерілуі. Бұл әсіресе ерте көктемде байқалып, шаруашылыққа көп кері әсерін тигізеді. Жер тұзданып, құнарын жоғалтады, көктемгі егіс жұмыстары кешеуілдейді. Бұл проблеманың алдын алу үшін каналдарды бетондау, егістікке тамшылатып суару әдістерін енгізу, суды мейілінше аз талап ететін дақылдарды егу қолға алынуда. Сонымен бірге жерасты суларын төмендетіп отыратын тік дренаждардың жұмысын қалпына келтіру жұмыстары да қызу жүріп жатыр.

«Қазсушар» кәсіпорны Түркістан филиалына қарасты «Тік дренажды ұңғымаларды пайдалану» өндірістік бөлімшесінің есебі бойынша Мақтарал, Жетісай аудандарында 360 тік дренаж орналасқан. Оның 318 данасы жұмысқа жарамды, ал 42-сі қайтадан қалпына келтіруді қажет етеді. 360 дана тік дренажды ұңғыма 72205,6 гектар суармалы жердің жерасты суларының деңгейін төмендетіп, топырақтың құнарлылығын жақсартады. Қазір Мақтаарал ауданы аумағында «ПУИД-2» жобасы арқылы 150 дана тік дренаждың құрылысы жұмыстары жүріп жатыр. Ол іске қосылған жағдайда 45786 гектар жердің құнарлығы артады.

Түркістан облысы әкімдігінің хабарлауынша, Жетісай ауданы Асық-ата өңіріндегі жобаланған 210 дана тік дренаж іске қосылған жағдайда 18008,4 гектар суармалы жердің жағдайы жақсарады. Тік дренаждардың жобалау жұмыстары аяқталып, мемлекеттік сараптамаға тапсырылған. Жоспар бойынша жұмыс 2022 жылдың төртінші тоқсанында басталуы керек.

Облыс әкімінің су саласы мамандарымен кездесуде К-30 шаруашылық каналын гидротехникалық имараттарымен, автоматтандырылған су есептегіш және су таратқыштарымен қайта құру жобасы да талқыланды. К-30 каналы «Достық» республикааралық магистралды каналынан бастау алып, жалпы Жетісай ауданындағы 4 елді мекендегі 13034 гектар жерді сумен қамтамасыз етеді. Қазір жұмыстың 59 пайызы аяқталған. Бүгінгі таңға құрылыс материалдарының құны күрт өсу салдарынан жобаға қосымша қаржы қажеттілігі туындаған. Тапсырыс беруші тарапынан қаржы министірлігіне толық құжаттар әзірленіп, жұмыстар атқарылып жатыр.

Өмірзақ Шөкеев ағын су мәселесі мыңдаған тұрғын үшін аса өзекті екенін айта келе, су нысандары уақтылы тапсырылуы тиіс екенін айтты. Қос аудан басшысына тапсырыс берушімен және мердігермен бірге осы бағытта жұмысты ширатуды тапсырды.

Жалпы Түркістан облысында жылда жауын-шашынның аз мөлшерде түсіп, құрғақшылық салдарынан ағын су көлемі төмендеп келеді. Бұл әрине шаруаларға біршама қолбайлау. Биыл да мамандар  ағын су тапшылығы орын алады деп болжам жасаған болатын. Алайда көктемгі жауын шашын мөлшері мен көршілес мемлекеттердің тұрақты су беруі және шаруалардың суды тиімді пайдалануы едәуір оң әсер етіп, диқандар уақытылы ағын су алып отыр. Қазіргі таңда аудандағы диқандарға қажетті ағын су мөлшері толығымен жеткілікті.

Мәселен, Шардара ауданында биыл 57 800 гектар суармалы егістік алқапқа агроқұрылымдар тарапынан әртүрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Осы егістік алқапқа сор шаю, ылғалдандыру және егілген дақылдарға жазғы вегетациялық суару жұмыстарына қажетті су лимитін бөлу үшін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Су ресурстары комитетінің Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі «Арал-Сырдария бассейіндік инспекциясы» мекемесіне сұраныс хат жолданды.

Тиісінше аталған мекеме тарапынан жылма-жыл ауа райының құрғақ болуынан ағын су тапшылығының орын алу мүмкіндігін ескеріп, сұратылған су мөлшерінің 30 пайыз көлемі қысқартыла отырып, ауданға 749,090 миллион текше метр ағын су лимиті бекітілді.

Жалпы жүйелі ұйымдастыру жұмыстарының нәтижесінде ауданда көктемгі және жазғы вегетациялық суару жұмыстары барысында шаруалар тарапынан су жетіспеушілігі мәселелері орын алған жоқ. Қазіргі таңда «Казсушар» мекемесі тарапынан шаруалардың сұраныстарына сәйкес, егістік алқаптарға қажетті су көлемі толықтай жеткізіліп берілуде.

Тегтер: