Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
08:55, 26 Сәуір 2023

Ағын суда арам жоқ...

None
None

Қала тұрғындарының 70 пайызы қазір ауыз суды автоматтандырылған қондырғыдан алып ішіп отыр.

Көпқабатты үйлердің подъездеріне орнатылған құрылғы халыққа қолжетімді болып тұр. Алайда, мұндай тіршілік нәрі санитарлық талапқа сай ма, су құрамында амин қышқылы, дәрумендер, ферменттер мен органикалық заттар қанша мөлшерде, судың бағасын кім реттейді деген мәселеге шаhар тұрғындары бей-жай қарап келеді.

    – Адам ағзасының 80 пайызы судан тұрады. Демек, біздің өміріміздегі судың маңызын осыдан білуге болады. Су – минералдардың теңдессіз көзі. Бірақ автоматтандырылған судың құрамында минерал сақталған дегенге шүбәм бар. Себебі құрылғының ішіндегі сүзгінің қандай жағдайда тұрғаны белгісіз. Қолмен ұстап көрмек түгілі, көзге көрінбейді. Қожайындар жеті құлыптың арғы жағындағы құпияны ашып айтпайды. «Соқыр тауыққа бәрі жем» демекші, кермек дәмі сезілмегендіктен, алаңсыз тұтынып отырмыз. Дәрігерлер «ағзаңызда минерал тапшы» деп талмай айтып келе жатқанына талай жыл болды. Егер ішетін суымызда мұның бәрі болса, пәленбай мыңға дәрумен сатып алып неміз бар? – дейді қарағандылық Самал Нақып.

— Ең таза су – экологиясы бүлінбеген ауылдардағы бұлақ пен құдық суында. Тұмса табиғат аясындағы суда арнайы компоненттердің бәрі бар. Ал қаладағы автомат суда тіршілік нәрінің құрамы бұзылған. Осы күні қаладағы желілік маркетингтегі алаяқтар ауылға барып «ішіп отырған суларың талапқа сай емес» деп, аңғал ағайынның санасын улап, өз қондырғыларын тықпалап орнатуда. «Аңқау елге –арамза молда болған» көлденең көкатты саудагерлер халықты табиғаттың тұнық теңдессіз байлығынан айыруда, – деп күйінуде тәуелсіз эколог Ернар Кейкин.

          Ауылдағылардың жағдайы осындай. Мәселенің байыбын білетін қалалықтарға табиғи суға тең келетін ешқандай байлық жоқ. Шаhардың мыңдаған халқы автоматтандырылған суды таза ауыз суға мұқтаждықтан тұтынуда. Бірақ бәріміз үшін басты нәрдің қауіпсіздігіне кім кепіл? Халықтың мүддесіне алаңдауы тиіс СЭС болса, мүлгіп отыр.

— Автоматтандырылған су қондырғыларын бақылау санитарлық қағидалармен реттелмеген. Егер тұрғындардан зертханалық жолмен расталған шағым түссе ғана біз жоспардан тыс тексеру жүргізуге құзыретіміз жүреді, – дейді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Айгүл Шәтекова.

          Бүгінде облыс орталығындағы көпқабатты үйдің жертөлесіндегі су құбырына жалғанған автоматтандырылған қондырғылардың тозығы жеткен. Сондықтан мұндай ұсқынсыз құрылғылардың сапасы көңілге күдік ұялатады. Екіншіден, оңай жолмен келетін тіршілік нәрінің бағасы үкімет тарапынан реттелмеген. Құны әр жерде әрқилы, оның литрі 50-80 теңге аралығында сатылуда. Демек көпшілік елемейтін судың саудасы мол пайданың көзіне айналған. Әлемдік тәжірибеге зер салсақ, аталған бизнестен жылына 200 пайыз пайда табуға болады. Сарапшылардың зерттеуіне қарағанда, 5-6 мың АҚШ доллары тұратын автомат тәулігіне 300-400 литр су берсе, жарты жылда өз құнын толық ақтайды. Көл-көсір табыс емей немене? Дейтұрғанмен бизнестің осы түрімен айналысатындар жауапкершіліктен шет қалған. Жаман айтпай жақсы жоқ, тұтынушылардың өміріне кенеттен қауіп төнсе, қай мекеме төрелігін айтады?

— Дүкенде сатылатын ауыз сулар мен фирмалардан тапсырыспен алынатын сулардың сыртында СЭС тарапынан тексерілген және барлық талаптар сақталған деген анықтамалық жазу бар. Әрбірден соң, сырттағы автоматты су қондырғылар тамақ өнеркәсібі саласына жатады. Солай бола тұра, тауар жайлы ақпараттық мәлімдеме жоқ. Сонда, қызметтің бұл түрімен айналысатын кәсіпкерлер жауапкершіліктен біржолата босатылған ба? Орта және шағын бизнес субъектілері қаржылық жағынан қайырымдылық жасалатынына қарсы емеспіз, бірақ денсаулық сақтау саласына жататын тауар өндірушілерді мораторийден босатпау керек, – дейді экономист- сарапшы Айдар Есім.

          Кез келген қауіпті індет ағзада жылдар бойы жиналған зиянды қалдықтардың зардабынан туындайды. Ет пен нанның орнын өзге қорек түрімен толықтыруға болады. Ал адам суды ешбір сұйықпен алмастыра алмайды. Ендеше, жұртқа бірнеше мың литр су беретін автоматтандырылған судың сапасын сүзгіден өткізетін мезгіл келді. Тұтынушының қауіпсіздігіне атқарушы билік өкілдері неге алаңдамайды? Денсаулық сақтау саласының өкілдері қашанғы көзжұмбайлыққа салынады? Басты қадағалаушы- санитарлық дәрігерлер неге марғау отыр? Қалай болғанда да соңғы екеуі халық өмірін сынға салуда. Ата заңымызда адам денсаулығы мен өмірі мемлекеттің басты байлығы екені тайға таңба басқандай жазылды емес пе? Әлде, Гиппократ антын қабылдаған құзырлы мекеменің шенеуніктері одан хабарсыз ба?

Тегтер: