Ахмет

(ПОЭМА)
Уақыттың белден асқан бұлдыр көші,
Шын сырын айдан анық білдірмесі.
Талайды жер соқтырған қу дүние,
Білмеймін кімнің жауы, кімнің досы?
Халқының қамын жеген ұлдарынан,
Құлқынның құлдары көп бұл күнде осы.
Жеткізіп жырламасам жетесіне,
Қайтады сөз меселі, тілдің десі.
Қамшының сабындай-ақ қысқа өмірдің,
Үзілсе не болады бүлдіргесі?
Шер төккен домбыраның шанағындай,
Көкірек, шамаң барда күмбірлеші!
Жақсысын қорғай алмай тентіреткен,
Қазақпыз жүрегінде зар түнеткен.
Менің де өзегімде шоғы қалған,
Өртінен сұм заманның шарпып өткен.
Ғасырмен жиырмасыншы жылап көшкен,
Алаштың жазылмайтын дерті кеткен.
Саңлақтар өз кезінде салды дүбір,
Сайысқа түскендердің тағдыры бір.
Алдымен келеді ойға Алаш десем,
Ахмет бастан кешкен қанды ғұмыр.
Кепіл жоқ өзекті жан өлмесіне,
Көз жетті кеткендердің келмесіне.
Тарихтың тау мен тасы күңіренер,
Қол соқсам қасіреттің пернесіне.
Артады зілден ауыр тағдыр жүгін,
Тәңірі кейде сүйген пендесіне...
ІІ
Ел үшін туған ұлды жатқа теліп,
Семейдің түрмесіне жапты әкеліп.
Түтігіп тас түнекте отыр Ахаң,
Жүрегі ашу-ыза, кекке толып.
Ұлықтар қылмысты деп санағанмен,
Ісінде ойлап тұрса жоқ қателік.
Қараса оң жағына, сол жағына,
Ерлерде еңіреген бар ма кінә?
Бұғаудан босатам деп жанталасып,
Бел буып, басын тіккен ел жолына.
Жоқ сірә ардан безіп азғандығы,
Іргесін әлде кімнің қазғандығы.
Айыбы – құдіретті ақ патшаға,
Әйгілі құзырхатты жазғандығы.
Сол үшін кінәлады, қудалады,
Түнерді жарқыраған күн қабағы.
Иттері ауылының өзі жүрген,
Абалап балағынан жұлмалады.
Қазақтың көрген күні осы емес пе,
Белдеуі бірлігінің бос емес пе.
Таңертең дұшпан болып шыға келер,
Ас ішіп бір табақтан кеше кешке.
Кемсеңдеп қалың көптің арасынан,
Достары жылап қалды жаны ашыған.
Айдалып бара жатып былай деді,
Семейге Қарқаралы қаласынан:
«Қош, сау бол, Қарқаралы жуылмаған!
Айдай бер, қалса адамың қуылмаған.
Әдепті, сыпайы елдің қалпында жоқ,
Жасырын дыбыс шықты шуылдаған.
Бүркеніп арсыздардың шайнауына,
Жем тапты пісірмеген, қуырмаған.
Шыққан соң талғамайтын доңыздарың
Қасыңа қиын болар жуу маған».
Ахаңды қапа қылған, Қарқаралы,
Өзіңнен күй тарады, ән тарады.
Аруағы Қазыбектің аунап түссе,
Даланың тебіренді шартарабы.
Төсіңде Алшынбайлар алшаң басып,
Кеуделі Қақабайлар шалқалады.
Зар кешкен, жапа шеккен ұлдарыңды,
Арда өскен қарағайың қалқалады.
Айдатқан Ахметті, Мәдиді атқан,
Қолынан қарақшыңның қан тамады.
Атса да арамзалар оқ тасадан,
Артпаймын, Қарқаралы, өкпе саған.
Өзің біл қасиетті ұлы мекен,
Десең де жанып тұрған отқа салам.
Күштіге амал бар ма күй келмесе,
Алыптар қиянатқа күйген кеше.
Мына жұрт жақсылыққа жарымайды,
Бір мезет жамандықтан жиіренбесе.
Қарайып Ахметтің ақ көңілі,
Ашыған уға айналды тәтті өмірі.
Құлағы шыңылдады, басы зеңіп,
Келгендей аруақтардың көктен үні.
Торғайдың төңкеріліп кең даласы,
Аңырап көз алдына келді анасы.
Еңіреп екі етегі жасқа толмай,
Мұндайда қалай шыдар жан баласы?!
Алыстан құшағына тартып елі,
Сағым боп бұлдырайды Сарытүбегі.
Бір тамшы кіндік қаны тамған жері,
Дүние-ай, бар әлемнен артық еді!
Сарғайып, сарылады ойдан жүдеп,
Талпынып еркіндікке қайран жүрек.
Әлпетін түрменің де танып-білді,
Жасынан көрген көзі ойранды көп.
Бостандық болмаған соң ел басында,
Қарамас жүйріксің бе, жорғасың ба?
Айменен шағылысқан алтын басың,
Қор болар қой боғындай қорғасынға.
Қайнайды қаны тулап соны ойласа,
Қияға көз жіберіп абайласа.
«Адамның басы – Алланың добы» деген,
Бармайды қаңбақ қайда жел айдаса.
Ірісе өз еркі жоқ елдің іші,
Дұшпанның өктем шығар әр дыбысы.
Арсыздар сайран салар, ойран салар,
Азабын арқалайды арлы кісі.
Өзіне тар көрініп өз аспаны,
Көргені қорлық-зорлық көз ашқалы.
Шиырлап талай жерді оймен шолып,
Сүрлеудің сорабынан адаспады.
Құшағын кең ашпайды дала кімге,
Даланың құдірет бар көлемінде.
Әкесін асқар таудай есіне алып,
Қиялмен барып қайтты бала күнге...
ІІІ
Байтұрсын жас шағында жалын атқан,
Айқасқан оязбенен қаны қатқан.
Он бес жыл итжеккенде сүргін көріп,
Сібірдің жамбасына тоңы батқан.
Қаңсыған құба шөлдей көні кепкен,
Кезі көп дүниенің кері кеткен.
Біреулер аштан өліп, көштен қалып,
Біреулер желмаядай желіп өткен.
Ахаңның ата тегін қуаласақ,
Түбі бір тархан Шақшақ Жәнібекпен.
Шақшақтың шөбересі ердің ері,
Арқада Жәнібекті ел біледі.
Жел есіп айдарынан заманында,
Биікте тіккен туы желбіреді.
Өлеңнен садақ тартып, оқ жонатын,
Тарханды жырға қосқан Мағжан ақын.
Қазақта Жәнібек көп санасаңыз,
Суарған тұнық судан мінген атын...
Жорықта жеке дара тіккен шатыр,
Үмбетей ұлы атасы болған батыр.
Біле бер осыдан-ақ кім екенін,
Ар жағы Ахметтің қайда жатыр.
Берерін өзі білер кімге құдай,
Атасы Шошақ бопты іргелі бай.
Әкесі Байтұрсын да бекер емес,
Төбелден марғасқаның туғанын-ай!
Алдағы келе жатқан күн мәлімсіз,
Мұнартып көжиектей тұрған үнсіз.
Түскенде ел тағдыры таразыға,
Керекке жарамаған ұл қадірсіз.
Кез еді үміт тозып, түгеп арман,
Ресей қазақ жерін түгел алған.
Жыландай жиырылып ұлық біткен,
Ішіне бармақтарын бүге қалған.
Орыстың саясаты – түлкі бұлаң,
Шошыды ел шошаңдаған мылтығынан.
Қанжоса қырғын ізі көрініп тұр,
Тарихтың ойдым-ойдым жыртығынан.
Қазақтың сына қағып бірлігіне,
Айтақтап айдап салды бір-біріне.
Ойласаң ішің кейде удай ашыр,
Қырқысқан туыстардың тірлігіне.
Осынша мекен еткен кең даланы,
Кең болса қазақ кімнен кем қалады?
Аспанда еркін ұшқан екі қыран,
Таласса бір құзғынға жем болады.
Өрт шығар бықсыған от шаласынан,
Жау шығар жақыныңның арасынан.
Аталас ағайынмен араздасып,
Ес кетті Байтұрсынның ағасынан.
Кесірлі, кері тартқан кердең еді,
Баласы Дәуітбайдың зор денелі.
Інісі Байтұрсынды арқа тұтып,
Ақтас та төске шауып, кеуделеді.
Сарт та сұрт екі қошқар мүйіздесті,
Жел тұрып, шаң борады, құйын көшті.
Бір-бірін енді қайтып көрместей боп,
Дұшпанның бітіспейтін күйін кешті.
Ұлықтың мұны естіген қыбы қанды,
Аш қасқыр аңсағандай жылы қанды.
Алдына арыз келіп түскен кезде,
Қарқылдап қуаныштан күліп алды.
Қазақтың сықырласа керегесі,
Дұшпанның қоза түсер делебесі.
Аспаннан тілегенін жерден беріп,
Құдайы жарылқады деген осы.
Тереңге қулық торын жайған епті,
Сұмпайы түрлі-түрлі ойға кетті.
Көнбесе қойдай қорып салғысы кеп,
Мылтығын тазалады, сайлап оқты.
Тұрған кез шоқпар тозып, мылтық озып,
Қазақтың қабағынан күлкі безіп.
Ызғары сары аяздай сұм ояздың,
Көмейі жыбырлады құрты қозып.
Жылқылы Дәуітбайдың жақтап ұлын,
Ақтастың тыныш жатқан шапты ауылын.
Атылып Байтұрсын да атқа қонды,
Қойсын ба шырылдатып көп бауырын.
Байтұрсын қара бұлттай түнергенде,
Таппады ояз тесік кірер жерге.
Өңкиіп ала өгіздей аттан ұшты,
Дыраумен көме тартып жібергенде.
Көздеген байтағыңды, байлықты да,
Озбырлар есе берген қай мықтыға?
Құйрығын қысып алып қайтты кері,
Батырдың қаһарынан қаймықты да.
Сүйенген зорлық пенен оқ күшіне,
Кәпірдің қаны қатып кетті ішіне.
Бекінді Байтұрсынды салмақшы боп,
Азаптың тастай қатты тепкісіне.
Көреді өлмеген жан көресіні,
Тірліктің кеңеймесе тар есігі.
Ел үшін белін буған тәуекелге,
Ешқашан ұмытылмас ер есімі.
Жақыны жау боп шығып қасындағы,
Қазақтың түрмеде өлді асылдары.
Жіберіп Байтұрсынды он бес жылға,
Ояздың жанға батты басынғаны.
Жасауыл желкесінен төсеп оқты,
Білмейді айдағанын не себепті.
Тобымен торға түскен балықтай боп,
Ақтас пен Дәнияр да қоса кетті.
Ағасы, соңындағы інішегі,
Жанына қысылғанда тыныс еді.
Жарқылдап түсетұғын жауға салса,
Көк найза, қиып түсер қылыш еді.
Қайғының ұйытқи соғып көк дауылы,
Ұлардай шулап артта қалды ауылы.
Қоштасып иттей қор боп кете барды,
Кім болжар бұлдыраған алдағыны?
Бұл өмір тар қапас қой тірі жанға,
Тарылып діңкең әбден құрығанда.
Ерлерге күтуші боп бірге кетті,
Ақтастың бәйбішесі Үбіжан да.
Кетпеді қиналса да салы суға,
Тағдырдың арпалысқан ағысында.
Қатерлі, қорқынышты жолға шықты,
Баласын аманаттап абысынға.
Босамай жыласа да мұңнан іші,
Тәңірдің келмеді оны тыңдағысы.
Жат жерде жігіттерге сүйеу болған,
Бергісіз азаматқа қылған ісі.
Ауыр күн істеді оған не білгенін,
Өлген соң өкпе артады өмірге кім?
Сібірде жаны үзілді асыл жардың,
Қайғының көтере алмай кеміргенін.
Жолығар өлі балық өлмес құлға,
Оралды Байтұрсындар он бес жылда.
Мәңгілік мұз төсеніп, қар жамылған,
Үбіжан қайта айналып келмес мұнда.
Басыңа бейнет түссе тыным болмас,
Көз жұмсаң көк тиындық құның қалмас.
Үбіжан ер жолына басын тігіп,
Қазақтан барған әйел Сібірге алғаш.
Шарлаған бұрынғылар сай-саланың,
Табасың іздегенмен қай сорабын?
Дәм-тұзы таусылмаса жүрген шығар,
Ұрпағы жер бетінде бейшараның...
ІV
Жансыздар Ахметті жарға жықты,
Алаңдап мұны естіген ел қамықты.
Қанаты қырандардың қайырылғанда,
Көрінер көп көзіне қарға мықты.
Жеті айдың жүзі бопты отырғалы,
Сенделіп, сары уайым сапырғалы.
Жамбасын түні бойы тақтай қажап,
Көзімен көрер таңды атырғалы.
Елестеп өткен өмір сол баяғы,
Құшағын туған дала кең жаяды.
Әкелген жарық дүние әлеміне,
Сағынып ата-анасын сарғаяды.
Бетпе-бет келді қатал тағдырменен,
Қым-қуыт жолы қиын жан жүрмеген.
Киізі іріп тұрған жыртық үйдей,
Ел анау іргесінен жел гулеген.
Қашанғы туған халқы құл болады,
Азаптан кім құтқарар бұл даланы?
Сәуледей жылтыраған түн түбінен,
Бір үміт жымыңдайды, ым қағады.
Түрмені қойшы, мынау тарықтырған,
Ел үшін кім өлмеді болып құрбан?
Бүтін бір ұлттың басын бұғаулаған,
Бодандық – алып түрме барып тұрған.
Айырылып қалың елдің көбі жерден,
У іштік ұлттың саны кемігеннен.
Адамның арманы жоқ деді ішінен,
Ақ таңын азаттықтың көріп өлген.
Тарбиған тырнағы өткір тарғыл заман,
Кімдерді әділетке зар қылмаған.
Таба алмай шындық ізін шартараптан,
Әлек боп ақындар да сан жырлаған.
Түксиген тас түнеріп қабақтары,
Жендеттер Ахметті жаратпады.
Артынан іздеп келген жандарды да,
Түрменің есігінен қаратпады.
Түскендей қызыл отқа шыбын жаны,
Жан жары Бадрисафа шырылдады.
Оған да кісі екен деп қарамады,
Бет-жүзі бастықтардың құбылмалы.
Тағады сүйген жарға кінә қандай,
Қорғайды махаббатты кім олардай?
Әйел мен ақиқатқа құлақ асар,
Ұлықта ұят бар ма бірақ ондай?
Жұқпайды жаққанменен аққа қара,
Жәрдемші жылағанға Хақтағала!
Ахаңа ара түсіп орыс қызы,
Оязға арызданды, патшаға да.
Заты орыс демесеңіз оны бірақ,
Ахаңнан емес еді жолы жырақ.
Жүрегің елжірейді, қанжылайды,
Тағдырын түсінгенде толығырақ.
Шындықтың жанға батты тұншыққаны,
Қаншама жазған хаттан дым шықпады.
Дүние шыр айналды шым-шытырық,
Иірілген шуда жіптей ұршықтағы.
Бәленің бәрінен де қиын жері,
Түйіткілдің шешілмеді түйіндері.
Оязға Ахметтей арыстанды,
Ұстаған темір торда тиімді еді.
Ұлықтар көрінгенмен көзге күшті,
Кигізді саясатқа тар кебісті.
Арыстан тордан шықса атылардай,
Қалтырап, зәрелері әбден ұшты.
Қаншама таң атыпты, күн батыпты,
Отыру қиямет қой мұнда тіпті.
Іздеді ойға медет, дәтке қуат,
Еске алып Әлиханды, Міржақыпты.
Ел үшін түзде жортып, үйге қонбай,
Жүр екен бауырлары күйде қандай?
Налыды не жаздық деп бұл тағдырға,
Осынша кең дүниеге сыймағандай?
Күрсініп, терең алып жан тынысын,
Ант етті ақтарғандай сарқып ішін.
Жолында Алашымның жаным құрбан,
Басымды тіктім деді халқым үшін!
Тимесе Жаратқанның бір көмегі,
Қапастың қасіретін кім көреді?
Ақыры Орынборға жер аударды,
Қашанғы ұстай берсін түрмеде оны.
Жақсыға бұйырған ба жеңіл ғұмыр,
Қараса өмір жолы кедір-бұдыр.
Үзіліп кірпігінен ыстық тамшы,
Тебіреніп, жүрегінен төгілді жыр:
«Қаз едік қатар ұшып қаңқылдаған,
Сахара, көлге қонып салқындаған.
Бір өртке қаудан шыққан душар болып,
Не қалды тәнімізде шарпылмаған?
Алаштың адамының бәрі мәлім,
Кім қалды таразыға тартылмаған?
Дегендер «Мен жақсымын» толып жатыр,
Жақсылық өз басынан артылмаған.
Тақылдап, құр пысықсып сөйлейтін көп,
Екпіндеп, ұшқыр атша қарқындаған.
Бос белбеу, босаң туған бозбала көп,
Киіздей шала басып, қарпылмаған.
Еңкеңдеп ет аңдыған шалдар да көп,
Телміріп, бір тойғанын ар қылмаған.
Ақ көңіл, алаң-бұлаң адамдар бар,
Есептеп азын көпке аңқылдаған.
Қайырсыз неше сараң байлар да бар,
Қайықтай толқындағы қалтылдаған.
Бәрінен тыныш ұйықтап жатқандар көп,
Ұмтылып, талап ойлап талпынбаған.
Солардың ортасында біз де жүрміз,
Мәз болып құр түймеге жарқылдаған.
Не пайда өнерің мен біліміңнен,
Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған?
Бұл бір сөз қасірет етіп хатқа жазған,
Қалмаған түк қасиет қазақ азған.
Байға — мал, оқығанға — шен мақсұт боп,
Ойлайтын жұрттың қамын адам аздан».
Сөз айтты қайран Ахаң қазаққа арнап,
Қобыздай күңіреніп тынбай сарнап.
Осы өлең селдей көшіп, желдей есіп,
Даланы ұлан-байтақ кетті шарлап.
Алайда алтын ойлы асыл сөздің,
Астарын некен-саяқ ұққан барлап.
Мойнына қарғы тағып, көтке теуіп,
Жатса да мыңқ етпейді иттей қорлап.
Жартасқа күнде барып айғай салған,
Абайдай Ахмет те өтті зарлап.
Ахаңдай адамзаттың алыбына,
Тар боп тұр кең дүние әлі мына.
Отырмыз отбасынан ұзай алмай,
Көн қатса қайта барып қалыбына.
Қазақта арғы-бергі замандарда,
Жабылған қырандарға тәмам қарға.
Ахаң да соның кебін киіп кетті,
Дариға, өкінгенмен амал бар ма?
Табылмас іздегенмен ондай адам,
Елжіреп ет жүрегі елді аяған.
Батпандай бақ орнаттым басыңа деп,
Залым көп осы күні көз бояған.
Қасқырға қой бақтырсаң құлқыны зор,
Қой байқұс тіршіліктен шын түңілер.
Той жасап қарға-құзғын, шыбын-шіркей,
Ортада жылмаңдаған түлкі жүрер.
Көндіктік ұрлыққа да, зорлыққа да,
Қан аңдып қарақшы отыр әр бұқпада.
Түбінде құтқарады бұл азаптан,
Құдайдан келген төте жарлық қана!
Ұлтымның дұшпан қиса арқан-жібін,
Менің де бастан ұшар дархан күнім.
Кешегі Ахметтердің жоқтығынан,
Қазағым, ойсыраса ортаң бүгін.
Ахаңдай ұлтына кім еңбек етті,
Құлашы ғұламаның кеңге жетті.
Секілді күн сәулесі төкті көпке,
Тәңірі көкірегіне берген отты.
Ұлт үшін кесуге бар қоң етін де,
Қасқайып жүрді суық жел өтінде.
Құрсауды Орынборда бұзып-жарып,
Шығарды «Қазақ» атты газетін де.
Елім деп отқа түсіп жанып-күйді,
Алашқа тізгін қашан анық тиді?
Айтпасақ кейінгі ұрпақ қайдан білсін,
Ахмет жасап кеткен Әліпбиді!
Аңсаумен туған елдің азаттығын,
Дәл сондай арқалаған азапты кім?
Қиыннан қиыстырып емлесін,
Шығарған шыңыраудан Қазақ тілін!
Түбіндей терең мұхит тұнығының,
Ұлы ұстаз жасап кеткен ұлы ғылым!
Жүргендер кеуде керіп, кердең қағып,
Келмейді жиегінен жұлығының.
Ақылдың ұясындай алтын басы,
Ахаңнан анық ешкім артылмасы.
Биік тұр қай қырынан қарасаң да,
Бүтін бір Академия нар тұлғасы.
Тұрағы тыпыр етсе түрме болды,
Түрмеде қаннан басқа кім не көрді?
Ахмет Байтұрсынов қайда жүрсе,
Жауыздық бірге көшіп, бірге қонды.
Жамандық жақсылыққа есе бермей,
Елге аян ылаң салды кеше нендей.
Ашылған тұлпарларға кең жол қашан,
Есірген салпаң құлақ есек өлмей?
Секілді іштен шыққан шұбар жылан,
Жансыздар ұйықтаған ба із аңдыған?
Миғұла мақұлықтар мың жасайды,
Тұқымы келе жатқан тым арғыдан.
Өртіне алапаттың тірі жанды,
Атылмай арыстардың кімі қалды?
Алапес арамзалар екі жүзді,
Алашты, Ахаңды да қырына алды.
Жәдігөй Голощекин сұмырайға,
Үздіге ұлтын сүйген ұл ұнай ма?
Исаев, Құрамысов, Тоғжановтар,
Жағынып ойлап тапты не бір айла.
Дүние шыр айналып бара жатты,
Жанына жақсылардың жара батты.
Жиналып биліктегі жеті қазақ,
Алашқа күйе жақты, жала жапты.
Мұндайда бәлеқорлар көз іле ме,
Олардың жолда қалсын сөзі неге?
Өтініп Ахметті жазалауды,
Хат жазды Сталиннің өзіне де.
Көп өтпей қара дауыл соқты қатты,
Екпіні тауды жығып, тас құлатты.
Созылып бұл зобалаң жылдан жылға,
Саясат қанды көбік тасқын атты.
Аққанда айналасын жайпап ақты,
Сығалап періштені сай тан атты.
Кісендеп данышпанның қол-аяғын,
Үйренген түрмесіне қайта жапты.
Түрмеге қанша кірді, қанша шықты,
Қылығы жендеттердің жан шошытты.
Қазақты қорадағы қойдай қырып,
Айуандар абақтыны қан сасытты.
Жолынан Ахаңды кім тайдырады,
Тағады жазықсызға қай кінәні?
Азапқа абақтыда салса-дағы,
Алаштың ақ жолынан айнымады.
Қиналса не көрмейді адам мұнда,
Мекені адалдың да, арамның да.
Жүсіпбек Аймауытов түсіне енді,
Талығып кірпік ілсе таң алдында.
Жүсіпбек медет көріп толған айды,
Түнектен шығатұғын жол қарайды.
Қызыл қан үстіндегі ақ көйлегі,
Көзінен ыстық жасы сорғалайды.
Оянып, басын шайқап көп отырды,
Көп ойлар ұйықтап жатқан өре тұрды.
Бауыры Жүсіпбекпен бола тұрмай,
Тәңірі мына таңды неге атырды?
Еске алып есіл ерді көп жылады,
Жүрегі қатты соқты, қалжырады.
Келгендей өзіне де енді кезек,
Тағдырдың ысылдады оқ жыланы.
Құр бекер, бұлқынғанмен ендігі амал,
Алаштың басына шын төнді зауал.
Ахаңды алып шықты қара түнде,
Салғандай сұмырайлар алдына мал.
Басына қап кигізді, қолын байлап,
Әкетті тірі жанды өлімге айдап,
Иманын үйірді іштен, тас бекініп,
Денесін дір еткен бір сезім бойлап.
Мөлдіреп көрген өмір жас шағында,
Алдына келе қалды қас-қағымда.
Аққұмның бойындағы айлы түндер,
Жұлдызы жамыраған аспанында.
Ән келді құлағына әлде қайдан,
Келгенін сезіп тұрды қай маңайдан.
Елесі Іңкәр қыздың кетті үзіліп,
Бір тамшы аппақ сүттей тамған айдан.
Ахаңдай құлатқанда тұлпарды бір,
Мылтыққа үнін қосты мың сан дүбір.
Қоштасып қала берді дауыс айтып,
Іңкәр қыз, іңкәр дүние, іңкәр ғұмыр...
Жауыздар басқаннан соң қара таңба,
Жасқанды Ахаң атын ел атауға.
Қосылып Сарыарқаға жылады үнсіз,
Алтай да, Қаратау да, Алатау да.
Өксіді Еділ мен Сыр, Ертіс, Іле,
Қиналса Алаш кірді ел түсіне.
Ахаңды Тәңірі өзі бере салған,
Алты Алаш, атажұрттың еншісіне.
Қазақтың бас көтерген бәрін атпақ,
Мылтығын отыр дұшпан әлі де оқтап.
Ахмет Байтұрсынов деген ұлын,
Іздейді бүкіл Түркі елі жоқтап.
Ұмытпас кемеңгерін ұлан дала,
Өледі қырандарша қыран ғана.
Сүйегі қай жырада, қай қуыста,
Қалғаны белгілі тек бір Аллаға.
Қазақтың дара біткен данасына,
Тауы да, тағзым етер даласы да.
Алланың нұры жауар күні-түні,
Бейіште Байтұрсынның баласына!
Сияды пайғамбардың бірі десем,
Өлген жоқ, ортамызда – тірі десем!
Жасайды ұрпағымен мәңгі бірге,
Ұлтының туын ұстап Ұлы көсем!
Емес пе бүгінгі ұрпақ мықтылығы,
Ахаңды атап жатса құтты күні.
Бастаған ЮНЕСКО-да тойлансын деп
Алтынбек аман жүрсін Нұхтың ұлы!
Жылатып жүрегімді, жан өксітіп,
Сөйлесем сөкпеңіздер қабақ шытып.
Көрдік қой су жұқпайтын суайттарды,
Емізген қызыл тілін емексітіп.
Жырлай бер ұлыларды тынбай, тілім,
Соқса да төске салып сынбайтұғын.
Безбүйрек қаптап кетті бұл заманда,
Безеріп, ұлтқа мойын бұрмайтұғын.
Көтерген ұлттың жүгін Ахметке,
Бұйырмай кеткен жоқ па ақырет те?
Есіне алар ма екен, алмас па екен,
Жемқорлар кең жайылған аты көпке?
Бір жампоз дүниеге келді-кетті,
Теңіздей терең ойлы, кең жүректі.
Шырқырап, ұлт жолына жанын төсеп,
Алаштың туын көкте желбіретті.
Асауға көрінбейтін құрық салған,
Жасауға өз дегенін тағдыр епті.
Қазаққа төнген зауал деп білемін,
Атылған Ахметке сол бір оқты.
Құрсаң да күнде жиын-кеңес мейлі,
Алашқа абыройың теңеспейді.
Киелі көк байрақты көрген сайын,
Көзіме Байтұрсынов елестейді!
Уа, мені артық айтсам кешір, Алла,
Ахаңды ұмытпайды ел есі барда!
Өлсе де қара нардай өрге сүйреп,
Халқының жетелейді көшін алға.
Келмесе осы айтқаным шыныменен,
Басымды итке таста кесіп ал да!