Ахмет мерейтойы – алаш мерекесі

Осы жылдың ең басты рухани оқиға – ұлт ұстазы, ұлы реформатор, Алаш арысы, әліпби атасы, ақын, ғалым Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы.
Неге десеңіз, өз тағдырынан ел тағдырын биік қойып, өмірін халқының болашағы жолына құрбан ете отырып, қазақ ұлтына Ахаңдай көл-көсір қызмет қылып, ұшан-теңіз мұра қалдырып кеткен тұлғалар өте сирек. Оның араласпаған ісі, жармаспаған саласы жоқ. Ол – бүгінгі көз бүтін көре алмайтындай көлем. Оның қалдырған мұраларын толық түгендеп те болған жоқпыз. Сондықтан осы мерейтой қарсаңында «Ахмет жүрген жолмен» атты экспедицияны жалғастырып жатырмыз. Ахаңның ізі қалған шекаралас мемлекеттерге барып, көмескі тартқан сүрлеуге жарық түсіру оңай да шруа емес. Бірақ олжасыз да емеспіз. Оның үстіне, облыс басшылығы атқарып жатқан ізгі іс-шаралар да көңілімізді тойдырып отыр. ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан мерейтой ұлы тұлғаның аруағын разы еткей. Алда тұрған басты мереке – Торғай даласындағы той абыроймен өтіп, өңірдің ғана емес, тұтас елдің тарихына алтын әріппен жазыларына кәміл сенемін. Өйткені Ахаң тойы – Алаштың мерекесі.Енді бір сүйінішті жаңалық — Ахмет мерейтойына Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев келгелі жатыр. Бұл дегеніміз Ұлт ұстазына деген Мемлекет басшысының зор құрметі емес пе! Торғай жұрты бір серпіліп, қуанып қалатын болды. Тура 30 жылдан кейін қарт Торғай топырғанына ел басшысының табаны тигелі тұр. Оның келуі ел тарихындағы елеулі оқиға болып қалмақ. Бұл жай ғана мерейтойға қатысу емес, ізгі шаралардың бастауы деп сенеміз. Жақсы жаңалықтардан үміттіміз!