Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
07:36, 06 Желтоқсан 2022

Ахметов пен Жақсыбековтің «жаман тірлігі»

None
None

Ресейдің федеральды салық қызметі қазақстандық екі дөкей – Талғат Даниалұлы Ахметов пен Әділбек Жақсыбеков жайында жөн сұрастыра бастапты.

Иә, Талғат дегеніміз Даниал Ахметовтың ұлы. Не боп қалды десеңіз, бұл екеуі соңғы 10 жылда небәрі 77 мың теңге салық төлеген «ТД Трейд Интернейшл» деген компанияны британиялық Globecroft limited компаниясына 10 миллион долларға сатқан екен. Ал одан бір жыл бұрын АО «Ормет» ресейлік мыс компаниясының бір бөлімшесі ағылшындарға дәл осы ЖШС үшін 50 миллион доллар төлегені анықталды.

Қысқасы, ағылшындар әлі өздеріне тиесілі емес, бір жылдан кейін ғана сатып алатын қазақстандық фирманы ресейлік олигарх Игорь Алтушкинге сатқан. Ең қызығы, 10 миллион доллар көлеміндегі екінші транш Қазақстанның екі азаматына аударылыпты. Сонда түк табысы жоқ қазақ компаниясы үшін ресейлік олигарх ұзын-ырғасы 60 миллион доллар төлеген.

Енді бұл схемаға Ресейдің салық қызметінің назары ауып отыр. Компанияның құны неге алты есеге жоғары етіп көрсетілген, Әділбек Жақсыбеков пен Талғат Ахметов қалайша ағылшындарға сатып алардан алты ай бұрын бұл компанияның үлескері боп шыға келген деген сауалдар туып отыр.

Бұл мәселе жөнінде Қазақстанның салық қызметіне сұрау салу бекер. Есесіне қазақстандық Ratel.kz басылымы ашық деректерге жүгініп, зерттеу жүргізген екен.

Сөйтсе, Талғат Ахметов пен Әділбек Жақсыбеков шынында да әр жылдары «ТД Трейд Интернейшл» ЖШС-ның құрылтайшылары қатарында болған екен. Бұл ЖШС 2013 жылы бір рет 77,8 мың теңге салып төлепті. Содан бері тым-тырыс. Гәп неде? «Бақсақ, бақа екен» демекші, «ТД Трейд Интернейшл» ЖШС-ы «Казгеоруд» ЖШС-іне иелік етеді екен. Ендеше, бұл түсініксіз сауда-саттықтың басты мақсаты осы «Казгеоруд» болғанға ұқсайды.

«Орыс мыс компаниясы» тобына кіретін «Казгеоруд» соңғы жылдары Ақтөбе облысындағы Құндызды кенішінде мыс-цинк рудаларын игеруге белсене кіріскен екен. 2019 жылға дейін 1,5 млрд теңге салық төлеп келген «Казгеоруд» ағылшындармен жасалған сауда-саттықтан кейінгі төрт жылда 40 млрд теңгеден астам салық төлей жөнеліпті. Қызық, 12 жыл бойы ілініп-салынып, әрең сүйретіліп келе жатқан компания әп-сәтте жылына жүздеген миллиардтаған айналымдарға бірақ шығыпты. Қазақ даласында қарыштап дамып жатыр.

Күні кеше жаңа Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев Қазақстан мен Ресей аймақаралық ынтымақтастық форумында дәл осы «Орыс мыс компаниясының» облыс аумағында жалпы құны 570 миллиард теңге болатын тау-кен байыту комбинатын салу жобасы мен Айдарлы мыс кенішін игеру жоспары туралы мәлімдеді.

Босқа тұрған ЖШС-ін 10 миллион долларға сатып жіберген Талғат Ахметов пен Әділбек Жақсыбековтің бұл схемасы мен ресейлік олигархтың түкке тұрғысыз компанияны қазақ олигархтары мен ағылшын фирмасы арқылы не себепті сатып алғанына байланысты Ratel.kz басылымы бірнеше тұспал жасапты.

Бәлкім, ресейлік олигарх осы арқылы ақшасын Лондонға шығармақ болған. Әлде, 60 миллион доллар қазақ нарығына кіру үшін төленген ақысы болуы мүмкін. Екіншісіне көбірек  ұқсайды. Өйткені ақша ағылшындық фирманың шотына түсе салысымен «Орыс мыс компаниясы» Қазақстанда кеңінен көсіле жөнелді. Ендеше, бар сұрақ сол, әлгі англиялық фирманың шын қожайыны кім? Егер ресейліктер болса, онда бұл шетелге капитал шығару. Ал егер біздің адамдар болса, онда бұл «Орыс мыс компаниясы» үшін Қазақстанда жасалған жайлы инвестициялық орта үшін ресейліктердің берген «рақметі». Басылым ағылшындардың артында кім тұрғанын міндетті түрдей анықтаймыз дейді.

Тегтер: