Ахметов сенген әкімнің орынбасары ұсталды
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті жергілікті бір шенеуніктің парамен ұсталғанын хабарлады.
«ШҚО-да белгілі аудандардың бірінде әкімнің орынбасары пара алды деген күдікке ілінді» деп хабарлайды «Алтайньюс» тілшісі» дегеннен өзге жергілікті ақпарат көздерінде нақты мәлімет жоқ. Аталған құзырлы органның баспасөз қызметі таратқан мәліметке сүйенсек, бір аудан әкімінің орынбасары кәсіпкерден 1 800 000 теңге мөлшерінде пара алу фактісі бойынша құрыққа ілінген. Тергеу себептеріне байланысты бұл факті әзірге жұмбақ болып тұр. Дегенмен inbusiness.kz сайты таратқан ақпаратқа сүйенсек, ол шенеунік Бородулиха ауданы әкімінің орынбасары болып анықталған жайы бар. Аталған сайт оның кім екенін анықтауға тырысқанымен, аудандық әкімдік тарапынан «әзірге жұмыс орнында жоқ» дегеннен өзге мардымды жауап болмаған.
Шындығына келсек, шығысты Даниал Ахметов билеген жеті жылға жуық уақыт ішінде шенеуніктердің парамен ұсталған фактісі бір бұл емес. 2018 жылдың қараша айында Жарма ауданының әкімі қызметін атқарған шенеунік те 800 мың теңге пара алғаны үшін тергеуге ілініп, ҰҚК баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, әшкереленген болатын.
Сондай-ақ Шығыс Қазақстан облыстық энергетика және ТҮКШ департаментін басқарған Мұрат Мұсатаев 2020 жылдың қаңтар айында бір жыл бұрын әлдебір кәсіпкерден пара алғаны үшін мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айырылып, тиісті жазасын алса, дәл осы лауазымды оның алдында атқарған Алмат Арсламбаев атты шенеунік 4,6 жылға сотталып кеткені тағы рас.
Мұндай мысалдарды көптеп келтіре беруге болады. Алайда өңір басшысының өзгенің қолымен от көсеп, көп жағдайда түрлі тәсілдермен судан құрғақ шығатыны жұртқа құпия болудан қалып бара жатқанын да айтпай кетуге болмас. Бұл туралы алдағы уақытта кеңінен талдау жасайтын боламыз.