Ахметов соңынан санағанда «бірінші атаман» болып қала бере ме?
Қазақстанның «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы 17 өңір басшысының 2021 жылдың алғашқы жартыжылдығындағы белсенділік ықпалына қатысты жүргізген рейтингінің қорытындысын жариялады.
Бес диаграмма бойынша түзілген облыс және қала (Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент) әкімдерінің өзі басқарып отырған өңірдегі ықпалы қандай екеніне зер салсақ, аталған орталықтың болжамы дұрысқа саяды. 1-ден 7-ге дейінгі балға бағаланған көрсеткіштердің көш басынан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев айқын көрініп тұр. 2020 жылдың екінші жартыжылдығында белсенділік әсері 3,9 балға бағаланған Шөкеев биылғы жартыжылдықта 4,19-ға жоғарылапты. Алғашқы үштікке БҚО әкімі Ғани Есқалиев, Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек жайғасқан.
Бұл басшылар саяси көштің басынан көрінгендіктен, ортасына аялдамастан, бірден соңына қарай көз салғанды жөн санадық. Санағанымыз сол – Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Ысқақов – 15, (белсенділігі 3,29) Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов – 16 (3,13) және Маңғыстау облысының әкімі ең төмен – 3,08 ұпаймен «соңғы партаға» отырыпты.
Ал аймақтағы экономикалық ахуалды басқару қабілетін саралаған орталық алғашқы бестіктің соңын Ахметовке бергені байқалады. Есесіне Даниал Кенжетайұлы Қарағанды, Батыс Қазақстан облысы әкімдерін өзінен төменге «түсіріп тастапты». Қайбір жылы өңір әкімдерін рейтинг бойынша бағалау дұрыс еместігін айтып безек қаққан Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев білікті экономист екенін байқатып, үшінші орыннан көрініп тұр. Екінші орында Алматы облысының әкімі А.Баталов және көш басында қашанда «бірінші атаман» Өмірзақ Шөкеев.
Айтпақшы, «атаман» атауын әзіл ретінде айтқанымызбен, мектеп табалдырығынан өткен кім болса да, ер балалардың өз арасында сыныптағы беделін арттыру үшін бірінші, екінші, үшінші «атамандыққа» таласатын «дәстүр» бар еді. Өңір әкімдерінің осы жолғы ықпалын салыстырғанда сол атамандық дәреже еске түседі. Ол жағынан алсақ, соңынан санағанда «бірінші атаман» Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов екені көзге ұрып тұрғанда, көкейдегі қынжылыстың қоюланатыны өз алдына, өңірдегі билікті босататын уақыты келгені де сезіле түседі.
Мәселен, «Стратегия» әлеуметтік және саяси зерттеулер орталығы жүргізген сараптаманың 2-диаграммасына тоқталайық. Мұнда аймақтағы жергілікті атқарушы биліктің халықпен жұмыс істеу көрсеткіші түзілген. Тағы да соңғы үштікке қарай салғанымыз сол – 15-орында Даниал Ахметов (3,05 балл), 16-орында Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және ең соңынан Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев «қол бұлғап» тұр.
Бір анығы – 7 балға дейін баратын рейтингке облыс әкімдерінің ешқайсысы да қол жеткізе алмапты. Қызығы сол – ақпараттық ашықтық бойынша салыстырғанда тізгін бермей келе жатқан Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев 3,82 балмен 4-орынға сырғанап кетіпті. Алтыншы орыннан көрінген Даниал Ахметов Жеңіс Қасымбекпен бірдей көрсеткіште (екеуі де – 3,76) бас жаққа барып қалған жайы бар.
Алайда Даниал Кенжетайұлы үшін рейтингтің көкесін 5-диаграмма айқын да нақты көрсеткен екен. Әкімдердің іскерлік қабілетіне және басқарып отырған аймағының болашағына қатысты бағаланған диаграммада Шығыс Қазақстан облысының әкімі алдына қатарластары Амандық Баталов пен Бердібек Сапарбаевты шығарып, 17-орынға «жантая кетіпті». Ал қазіргі күні жасы 67-ден асқан Ахметовтің биыл шығысты билеп-төстегеніне жеті жылға аяқ басты. Қанша жерден қимастықпен отыра берсе де, шығысқазақстандықтардың одан қажи бастағанын бұл күнде екінің бірі айтып жүр. Ал өңір басшысы қазақтың «Қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын» деген қарапайым сөзін керісінше түсінетіні бұл күнде оң-солын енді таныған балаға да белгілі жайт.