Ахметов Тоқаевтан нені жасырды?
Жақында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болып қайтқаны белгілі.
Бұл туралы Даниал Кенжетайұлы өзінің әлеуметтік желідегі парақшаларында төмендегідей хабардар етті: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәлімет бердім. Сондай-ақ президентке облыстың білім мекемелерінің дәстүрлі оқыту форматына көшуге дайындығы мен бұқаралық спортты дамыту саласындағы тапсырмалардың орындалу барысы туралы хабарладым. Білім беру мекемелерінің қызметкерлері толық құрамда вакцина алғанын, ал мектептегі спортты одан әрі қолдау үшін бюджеттен қосымша 890 млн теңге бөлінгенін де айттым. Бүгінгі таңда оқушылардың жартысынан көбі спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар. Сонымен қатар биыл аймақта балалардың да, ересектердің де спортпен айналысуына мүмкіндік беретін 15 ірі спорт денешынықтыру кешендерінің құрылысы аяқталатыны туралы хабардар еттім», – деді аймақ басшысы (19.08. 2021 ж) фейзбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында.
Ахметов пен президент арасында бұдан да өзге жайлар айтылғанына шүбә жоқ. Облыстық әкімдіктен Ақордаға барған аймақ басшысы жай «іші пысып кетіп» барып-қайтпайтыны белгілі. Айтқымыз келгені – өткен жылы Абайдың 175 жылдығы тұсында Семейді «Қазақстанның тарихи орталығы» деп бағалап, таныған мемлекет басшысының алдында «Ахметов не деп ақталды екен?» деген қарапайым сұрақ туады.
Себебі семейліктердің дәл қазіргі уақытта «жоғары жаққа» өкпесі қара қазандай. Өткен жылы ұлықтар келген сайын мақтанып көрсететін «Қарағайлы» ықшамауданы жаңадан салынғанымен, ондағы кейбір көпқабатты үйлердің сапасы сын көтермейтіні ешкімге құпия емес. Қабырғалары қақырап, апатты жағдай туындағанын айтқан мұндағы тұрғындар «жаңа баспана алдық» деуге ұялатындықтарын «Еуразия» телеарнасының «Басты жаңалықтарында» жайып та салды.
Жыл басынан бері бір әкімді шығарып салып, екі әкімді қарсы алған Семей халқы үшін қазіргі басты қайғы – автобус қатынасының шиеленісті жағдайдға жеткені. Таң атқаннан аялдамаға асығатын жұртшылық барар бағытына сәйкес келетін қоғамдық көлікті көре салысымен жапатармағай ұмтылады. Ал автобустардың ішіндегі санитарлық жағдай сын көтермейтіні өз алдына, халықтың бетперде тақпай жүретіні де ешкімді таңғалдырмайды. Қала шенеуніктерінің бірі де бұл жағдайға назар аудармағанына қарап, «Жаны ашымастың қасында басың ауырмасын» деген мақал да еріксіз мазалай түседі. Алайда жай уақытта халықты вакцина алуға, одан қалса, дәрігерлердің тұрғындарды үйлеріне іздеп барып салуына да «жол ашқан» қаланың жаңа басшысы Бақытжан Байахметовтің бұл проблеманы шешуге әзірге қауқары жоқ десе де болады. Өйткені «қызыл аймақтың» құшағындағы Семейде онсыз да жетісіп тұрмаған автобус тасымалы карантиндік жағдайға байланысты мүлдем тоқтап қалады. Ығыр болған қала тұрғындарының тарапынан «коронавирус инфекциясы да демалыс күні «жұмысқа шықпайды» екен» деген мысқыл тарап кетті. Байахметов бастаған жергілікті шенеуніктердің қала аумағындағы кездесулеріне көзі үйрене бастаған семейліктер оларды автобустан көруге зар. Соған қарағанда шенеунікке де жан керек болып, атқамінерлер жұртты жаяу аралап жүрген сияқты.
Есесіне Байахметовтей орынбасарын Семейге «сыйлаған» Ахметовтің Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдында есебі түгел екеніне осы жолы тағы да көз жеткізгендей болдық.