Ахметовтен қалған «мұра» еді, Сақтағанов сақтай алмады

Шығыс Қазақстан облысында бюджет қаражатын жымқыру бойынша тағы бір іс әшкере болды. QazConstructions компаниясының жетекшілеріне қарсы тергеу басталып, 7 ауданға бөлінген 11 әлеуметтік нысанның құрылысы үшін бөлінген қаржы мақсатсыз жұмсалғаны анықталды.
Тергеу аясында күдікке ілінгендер қатарында компанияның бұрынғы директорының орынбасары, Күршім аудандық мәслихатының депутаты бар болып шықты.
Компания басшылары 2 млрд теңгеден астам қаржыны қолды қылған деген күдікпен ұсталып, екі айға қамауға алынды. Жымқырылған қаржының кесірінен төрт бірдей дене шынықтыру-сауықтыру кешені және жеті ауылға арналған таза су құбыры желілері уақытында пайдалануға берілмей қалған. Бұл нысандардың мақсаты 20 мыңнан астам тұрғынның тұрмыс сапасын арттыру болатын.

Алайда қылмыстық әрекет салдарынан халық жаңа спорт кешендері мен ауыз су жүйесін пайдалана алмай отыр. Тергеушілердің дерегінше, күдіктілер ұрланған ақшаны өзара байланысты компаниялар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырған.

Сол қаржыға Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен бірнеше пәтер, Lamborghini Urus, Cadillac Escalade, Mercedes секілді қымбат автокөліктер және асыл тұқымды жылқылар сатып алған. Қазіргі кезде бұл мүліктің барлығы соттың санкциясымен тәркіленген.

QazConstructions қандай компания?
QazConstructions жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – Шығыс Қазақстандағы құрылыс саласында белсенді жұмыс істеген жекеменшік компания. Оның түп-тамыры 2001 жылдың наурызында қаланған. Бастапқыда Қатонқарағай ауданы әкімдігінің «Нарын» атты мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ретінде тіркелген. Кей деректер сол кездегі кәсіпорын директоры Нығмет Шаухин болды деп көрсетеді. 2013 жылы мекеменің құрылтайшысы ауысып, компания Қатонқарағай ауданының қаржы бөлімінің қарауына өткен. Осы кезеңде қызмет профилі өзгеріп, атауы «Нарын-Сервис» ЖШС болып өзгертілген.

2017 жылы кәсіпорын толық жекешелендіріліп, бұрынғы басшысы Нығмет Шаухиннің меншігіне өткен. Ал 2020 жылдың ақпанынан бастап серіктестік атауы QazConstructions деп қайта тіркеліп, иесі әрі директоры ретінде Медет Қабден болған. Ашық дереккөздерге қарағанда, QazConstructions шағын немесе орта кәсіпорын саналады. Дегенмен оның мемлекеттік сатып алулардағы белсенділігіне таңданасыз. Серіктестік құрылыс және инфрақұрылым бойынша 435 мемлекеттік келісімшарт жеңіп алған. Бұл қатарда Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарындағы әлеуметтік жобалардан бөлек, еліміздің басқа өңірлеріндегі ірі тапсырыстар да бар.
Қаржылық деректеріне көз жүгіртсек, компанияның былтырғы қаржы айналымы 700 млн теңгеге жетпейді, төлеген салығы 12 млн теңгеден асады. Алайда бұл кәсіпорынның құлдырағын шағы. Мысалы, 2021 жылы оның қаржы айналымы 32 млрд теңгеге жуық болған, бір жылда 600 млн теңгедей салық төлеген. Бірнеше тендерлері арасынан 40 млрд теңгелік келісімшарттарды да көзіміз шалды. Тек компания қаржысы 2022 жылдан кейін бірден қысқара бастаған.
Аталған кәсіпорын көптеген жоба бойынша қомақты төлемдер алғанымен, жұмыстарды уақытында аяқтамаған. Мәселен, Үржар ауданындағы бір жобаға серіктестік шарт сомасының 30 пайыз көлемінде, яғни, 235 млн теңге алған, бірақ жұмыс өнімі мардымсыз. Жалпы, сот шешімімен QazConstructions Үржар өңіріндегі аяқталмаған нысандар үшін 860 млн теңгені бюджетке кері қайтаруға міндеттелген.

Аяқталмай қалған жобалар
2021 жылы Шығыс Қазақстан облысында 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы қатар басталған еді. Жоспар бойынша бір жылдың ішінде осы спорт нысандары толық салынып бітуі тиіс болатын. Алайда арада төрт жыл өтсе де, соның жартысы ғана пайдалануға беріліп, қалған бесеуі бітпей тұралап қалған. Бұл кешендердің әрқайсысына бірнеше миллион теңге қаржы бөлінген. Мысалы, Катонқарағай ауылындағы 911 млн теңгеге салынуы тиіс кешен 2022 жылдың желтоқсанында бітуі керек еді. Белсенділердің айтуынша, құрылыстың 89 пайыз қаржысы аударылып қойғанымен, нысан әлі қабылданбаған, қаңырап бос тұр. Сол сияқты Үлкен Нарын ауылындағы спорт сауықтыру кешені мен бассейнге 666 млн теңге бөлінген. Бірақ QazConstructions міндетін тағы орындамаған. Ал Алакөл көліндегі су құбырының құрылысына жауапты болған компанияға 953 млн теңге төленген, оның 284 млн-ы артық төлем болып шыққан.
Спорт кешендерінен бөлек, QazConstructions өңірдегі ауыз су тарту жобаларына да жауапты мердігер болған. Оның ішінде Қатонқарағай ауданының Топқайың ауылын сумен қамтамасыз ету жобасы ерекше мысал. Аталған компанияға су тартып беру үшін облыстық бюджеттен 622 млн теңге бөлінген. 14 шақырым құбыр желісі тартылып, құдықтар мен сорғы станциясы салынғанымен, тұрғындардың үйінде әлі күнге дейін су жоқ, олар тау өзенінен су тасып ішіп жүр. 2023 жылы аяқталуы тиіс жүйенің мерзімі бірнеше рет ұзартылған. Алайда жауапты ұйымның кінәсінен уәделенген уақытта жұмыс бітпей, енді су 2025 жылдың 1 қарашасында іске қосылмақшы екен (қосылса!).
2021 жылы Жоғарғы Егінсу ауылына да су тартып беру үшін аталған компания 644 млн 604 мың теңге алған. Бірақ су жүйесі толық іске қосылмаған, құдық жанындағы насос мүлде орнатылмаған болып шықты. Тіпті мердігер бастапқыда «құбырмен су қатты ағып, қыста сорғыны сөндіруге үлгермей қалдық, сол себепті су қатып, құбыр жарылды» деп өтірік айтқан. Алайда екі жылда бар-жоғы 5 мың литр ғана су сорылғаны анықталған. Қазір Жоғарғы Егінсудың қымбатқа түскен құбыры ел арасында мазаққа айналып, оны «Ахметовтың ауа айдайтын құбыры» деп атап кеткен.
QazConstructions тек Шығыс өңірінде ғана емес, Қазақстанның басқа аймақтарында да жауапкершілігіне алған ірі жобаларды аяқтамай, дау тудырған. Соның бірі – «Шу-Қайнар» автомобиль жолының құрылысы. Жамбыл облысында жалпы құны 18,7 млрд теңгеге бағаланған бұл жолды салу жұмысын компания мерзімінде бітірмеген. Жолдың жағдайы, сапасы жайында нақты деректер аз болғанымен, мұншама қаржы бөлінген инфрақұрылымның уақытылы іске қосылмауы қоғам назарын аудартты. Тағы бір сорақы мысал – Қостанай облысындағы Мәскеу ауылдық округін сумен жабдықтау жобасы. QazConstructions бұл тендерді ұтып алып, құбыр тартуы тиіс еді, алайда жұмыс мүлде орындалмай, 500-ге жуық отбасы сусыз қалған.
Әкімдік уәдесінде тұрмады
«Жас Алаш» жыл басында «Ауа райы бұзылса су ішпейтін ауыл. Ахметов алдап кеткен елді Көшербаев қашан жарылқайды?» деген атпен Топқайың ауылының тұрғындары өзеннен 50 жылдан бері су тасып ішіп отырғаны жайлы мақала жазған. Сол кезде әкімдік 30 маусымда ауылға су тартылады деп мәлімет берген. Алайда 20 қазан күні хабарласқанымызда ауылға әлі су тартылмағанын білдік. Топқайыңның тұрғыны Гүлнәр Тәукенова иінағашын әлі тастамапты. Ол: «Балам, хабарласқаныңа 10 ай бопты, әлі жағдай өзгерген жоқ», – деп жауап берді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: АУА РАЙЫ БҰЗЫЛСА СУ ІШПЕЙТІН АУЫЛ. АХМЕТОВ АЛДАП КЕТКЕН ЕЛДІ КӨШЕРБАЕВ ҚАШАН ЖАРЫЛҚАЙДЫ?

«Әкімдік 1 қарашаға дейін деген. Оған да 10 күн қалды. Жұмысшыларын анда-санда көзіміз шалып қалады, олардың не жасап жатқандарын білмедім. Жазда телевидениеден журналистер келгенде аудан басшылары бірге жүрді. Үйіме дейін келді. Сол кезде «1 қазанға дейін су тартамыз» деген еді. Қайдағы қазан, ай аяқталғалы жатыр. Одан кейін облыс басшысы Сақтағанов келді, Қатонқарағайда белсенділерді жинап жиналыс өткізген. Сол жиналыста 1 қарашаға дейін су беріледі деді. Енді сол уәдеге де малданып, оған дейін суды тасып ішіп жатырмыз. Халық 1 қарашаға дейін су тартылатынына сенбейді, алайда жұмысшылардың жүргенін көргесін үмітіміз өшпей тұр», – дейді Тәукенова.

Осы ауылдың тағы бір азаматы Найманғазы Ибраевтың айтуынша, қазір ауылға су тартуды уәде етіп, оны аяқтамай тастап кеткен компания емес, басқа кәсіпорын жұмыс істеп жатқан көрінеді. Алайда әкімдік уәде еткен мерзім – 1 қарашаға дейін су толық тартылмай қалуы мүмкін.
«Сол 5-6 үйге су тартып үлгеретін шығар. Үй араларына құбыр тартылған да жоқ. Су мәселесі әлі біраз уақыт жалғасатын сияқты. Құбырларда ақау көп, алғашқы компания су тарту жүйесінен хабары жоқ қызметкерлерді істеткенге ұқсайды. Бәрін бүлдіріп кеткен солар. Одан кейінгі екі компания да ештеңе жарытпады. Алайда сөз жүзінде «береміз» деп уәде етті. Міне, береміз, әне, беремізбен алты ай өтті. Сақтағанов 1 қарашада деп тапсырма берген екен жергілікті әкімдікке. Қысқасын айтқанда, баяғыдай құрғақ уәдемен келе жатырмыз. 1 қарашада су беріледі дегенге сеніп отырғанымыз жоқ», – дейді ол.
«Жас Алаш» Қатонқарағай ауданы әкімінің орынбасары Расул Мырзабекұлына аталған мәселе бойынша хабарласқан еді, ол бізді құрамында Топқайың ауылы бар Белқарағай ауылдық округінің әкіміне сілтеді. Аталған округтің басшысы Қайрат Жеңісұлы «су 1 қарашаға дейін болады» деп сендіріп отыр. Оның айтуынша, қазір Ақжан деген жергілікті кәсіпкер құбыр мәселесін қолға алған. QazConstructions ақшаларын төлемей кеткен мердігер компания қызметкерлерінің де қаржысын сол кәсіпкер төлеген көрінеді. Ал QazConstructions компаниясымен сот әлі бітпепті. Шешім шықса, қаражат үкіметке қайтады деп есептейміз», – дейді әкім.

Дидар Смағұлов, қоғам белсендісі, заңгер: QazConstructions артында ықпалды адамдар тұр
Бұл компания – Даниал Ахметовтің сүйікті компаниясы болғаны жасырын емес. Өйткені өте көп тендерлерді ұтып алды, олардың басым бөлігі тікелей бір көзден берілді. Біз тексере келе 268-дей келісімшартты анықтадық, оның жалпы сомасы 35 млрд теңгеден асқан. Сондықтан QazConstructions артында ықпалды адамдар тұрды деп сеніммен айта алам.
Жаңа айтып өткен келісімшарттардан бөлек қосымша келісімдері де 200-ге жуық. Кейде бұларға бір келісімшартқа қосымша 10-15 келісім жасалған кездері де болған. Жеңілдіктер алған, уақыты кешігіп жатса, создырған, тағы қаржы бөлдірген. Ал басқа компаниялар уақытында бітпесе, оларға айыппұл салынады. QazConstructions сотталмайды, сотқа берілсе де сот «өзара ымыраға келіңдер» деп уақыт қосып беріп отырған. Қызығы, Үржар ауданындағы су құбыры тарту кезінде ішкі аудит 200 млн теңгеден астам залал бар екенін көрсеткен. Бірақ аталған компанияға ешқандай қылмыстық іс қозғалмады.
Осындай заңбұзушылықтардың барлығын жинап антикорға тапсырғам. 2023 жылы агенттіктің қоғамдық кеңесінің көшпелі отырысы өтті. Сол жерде баяндама жасадым, бәрін қолмен қойғандай көрсетіп бердім. Алайда нәтиже болған жоқ.

Даниал Ахметов пен компания арасында байланыс бар ма?
Осы жанжалдар легі Шығыс Қазақстан облысының бұрынғы әкімі Даниал Ахметовтің есімімен жиі байланыста аталып жүр. Өйткені QazConstructions негізгі мемлекеттік тапсырыстарды Ахметовтің аймақ басшысы болып тұрған кезеңінде (2014-2023ж) алды. Белсенділер QazConstructions компаниясы Шығыстағы барлық «майлы» тендерді алады, жұмысты толық істемесе де, ақшасын уақытылы өндіреді. Тапсырыс беруші органдар оларды сотқа бермейді, берген күннің өзінде сот ылғи да солардың пайдасына шешім шығаратынын айтып жүр. Шынында, аталған компанияның өңірде ірі жобалардың көпшілігін орындаушысы болуы және соның біразында жауапкершіліктен сытылып кетуі жергілікті билік тарапынан көзжұмбайлық болған жоқ па деген сұрақ туындатады.
Даниал Ахметовтің өзі бұл мәселелер бойынша жұртшылыққа түсініктеме берген емес. Ахметов 2023 жылға дейін облыс әкімі болып отырды. Яғни, өңірді ұзақ уақыт басқарды, осы жылдары қомақты қаржы бөлінген көптеген бағдарлама жүзеге асырылды. Спорт кешендері мен ауылдарды сумен қамтуға арналған жобалар да солардың бірі. Егер мердігер міндетін орындамаса, жергілікті атқарушы органдар дер кезінде қатаң шара қолдануы тиіс еді. Алайда жоғарыда айтылғандай, кей нысандарға толық қаржы төленіп, жылдар бойы қараусыз қалуы әлдебір «қамқорлықтың» белгісі секілді әсер қалдырады. Ресми түрде Ахметов пен QazConstructions арасындағы тікелей байланыс не ортақ мүдде туралы дерек жоқ. Дегенмен «бармақ басты, көз қысты» жағдайлардың орын алуы әлдебір күмәннің тууына да себеп болып отыр. Оның үстіне жыл басында «Жас Алаш» Қатонқарағай ауданы тұрғындарымен сөйлескен кезінде «су тартып беретін аталған компанияға экс-әкімнің қатысы бар болуы да мүмкін» деген. Сөйлесе келе білгеніміз, компания бұрынғы әкімге тікелей қарасты болмаса да, оның ұлына немесе ұлының достарына тиесілі болуы мүмкін. Бірақ олар тендерді жеңіп алып, басқа бір мердігер компанияға беріп жібереді.
P.S. Қазір тергеу жүріп жатыр, қамауға алынғандар бар. Бірақ мәселе тек екі адамның қолында емес. Бұл жоғарыдан төменге дейін тамыр жайған немқұрайлылық пен жауапсыздықтың салдары. Ахметов дәуірінен қалған QazConstructions аяқтамай тастап кеткен ғимараттардың бетон қабырғалары – сол дәуірдің ескерткіші сияқты, қалқайып әлі тұр.
Айтпақшы, қазіргі әкім Нұрымбет Сақтағанов та сол уақыттарда (2012-2018 ж.) ШҚО әкімінің орынбасары болған.
Тұрсынбек БАШАР