Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 13:00

Ахметжанов бұрынғы қызметін сағынып жүр екен

1
Фото: ашық дереккөз

Былтыр 5 қыркүйекте, соның алдында үш күн бұрын ғана ішкі істер министрі қызметінен босаған Марат Ахметжанов Ақмола облысының әкімі болып тағайындалды.

Қазақстандағы саяси жүрістерді кейде саясаттанушы сарапшылардың өзі түсінбей, басы қатып жатады. Полицейдің облыс әкімі болғаны да дәл сондай түсініксіздеу кеп болды.

Ахметжанов Ақмоланың тізгінін ұстағалы бір жылдан асты. Содан бері экс-полицей жайлы есте қаларлық ештеңе естіген жоқпыз. Оның жұмысты өндіре істеп, өңір көшін өрге бастап бара жатқаны немесе жаңа қызметтің жүгін көтере алмай қиналып жүргені жайлы ақпарат жоқ. Басқаша айтқанда, күнде жұрт назарында жүретін ішкі істер министрлігінен кетіп, облыста тып-тыныш өмір сүріп жатыр.

Егер Марат Мұратұлы ертеректе прокурор, антикор болғанын, күні кеше сақшыларды басқарғанын біржола ұмытып, ара-тұра қол астындағы ауыл-аудан әкімдеріне қабақ шытып жекіп қойып, тыныш жүре берсе, біз де ол кісінің бар-жоғына аса мән бермес едік. Бірақ Ахметжанов мырзаның әпенделігі ұстады ма, әлде құқық қорғау саласында жүрген кездегі «құпия қызметі» есіне түсті ме, жақында бір тосын жүріс жасады. Ақмола облысы әкімдігі жасырын тыңдауға қарсы құрылғы мен телефон сигналын өшіретін аппарат сатып алыпты. Әкім халықтан аса құпия бірдеңені жасырайын деді ме, әйтеуір, сақтық шараларын мықтап қолға алғаны белгілі болды.

Мемлекеттік сатып алу сайтындағы сауда

Ақмола облысы әкімінің аппараты мемлекеттік сатып алу сайтында 162 мың теңгеге 2 дана шу генераторын сатып алған. Бұл құрылғы түрлі жабдықты электромагниттік сәулелену салдарынан деректің сыртқа шығып кетуінен қорғайды. Яғни іштегі ақпараттың сыртқа таралуына мүмкіндік бермейді.

Сондай-ақ әкімдік электр жабдықтау тізбегі арқылы ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік бермейтін 2 дана желілік кедергі фильтрін алған. Оның бағасы – 124 мың теңге. Бұдан бөлек, Ахметжанов телефонды тыңдаудан қорғайтын 2 дана цифрлы желілік фильтр сатып алыпты. Бұлар да әкімдік ішіндегі ақпаратты сырт көзден қорғайтын құрылғы екені анық.

Мұны аз десеңіз, облыс әкімдігі құны 667 мың теңге тұратын 2 дана ұялы телефон сигналын өшіру құрылғысын және әрқайсысы 198 мың теңге тұратын 9 бейнекамера сатып алған. Камералар тәулік бойы жұмыс істейді әрі бөлмеге адам кіргенде іске қосылады. Сондай-ақ оны басқа жерде отырып онлайн бақылауға болады.

Мұны көрген көпшілік халықтың қарапайым мәселелерімен ғана айналысуы тиіс әкімдікте өзгелерден жасыратын қандай құпия болуы мүмкін деп таңғалып отыр. Әдетте мұндай техникалық қорғаныс құралдарын негізінен құқық қорғау органдары, төтенше жағдайлар министрлігі, сот және ішкі-сыртқы барлау қызметтері қолданады.

Әрине, елдің амандығы, жұрттың тыныштығы үшін ол мекемелерге жасырын тыңдау, бейнебақылау, телефонды аңду сияқты заманауи мүмкіндіктер керек шығар. Ал бейбіт күнде бейбіт тіршілікпен шұғылданатын әкімдікке олар неге керек? Әлде әкім Ахметжанов полицей Ахметжанов сияқты бар халықты бақылауда ұстағысы келе ме?

Бұл сұрақтардың жауабын Ақмола әкімінің өзінен сұрағымыз келіп, баспасөз қызметіне хабарластық. Ондағы мамандар құрылғы сатып алғандарын растады, бірақ оның не үшін қажет екенін жауапты шенділерден сұрап беруге уәде еткен. Бірақ газет беттелгенше жауап келген жоқ. Нақты ақпарат жоқ болғандықтан, біз болжам жасауға мәжбүрміз.

Марат Ахметжанов халықтың ақшасын пайдаланып, жұрттың бәрі білуге тиіс ақпаратты құпиялап отыр. Әкімдік қызметкерлерінің телефонын кім тыңдап, кім ақпарат ұрлауға тырысуы мүмкін? Мұны ұзақ жыл прокуратурада, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттікте, полицияда жұмыс істеген Ахметжанов мырза жақсы білуі мүмкін. Әлде ол осы қызметтерде жүргенде әр әкімдікті аңдып, ақпарат ұрлады ма екен? «Иттің сыры иесіне мәлім» дегендей, бұрынғы әріптестерінің өзіне не істейтінін біліп, арнайы сақтық шарасын жасап жатыр ма? Бәлкім, бұрынғы қызметін сағынып жүрген болар...

Марат Ахметжанов кім?

59 жастағы Марат Мұратұлы өмір бойы күштік құрылымдарда жұмыс істеген адам. Бұған дейін аймақ басқарып көрмеген. Әділет министрлігінде, прокуратурада, антикорда, ішкі істер министрлігінде қызмет атқарды. 2016 жылдан бері тасы өрге домалап, үлкен лауазымдарға ие болды. 2016-2021 жылдары – бас прокурордың орынбасары, 2021-2022 жылдары – сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы, 2022-2023 жылдары – ішкі істер министрі болды.

Ол ішкі істер саласының тізгінін Қаңтар оқиғасынан кейін, 2022 жылғы 25 ақпанда ұстады. Қанды қаңтар кезінде және одан кейін полиция азаматтарға қандай «террор» жүргізгенін жақсы білеміз. Сақшылар ұсталған азаматтарды ұрып-соғып, үтік басып қинағаны, тіпті кей тұтқынды ұрып өлтіргені жайлы мәліметтер бар.

Әрине, бұл жағдайларға Ахметжановтың тікелей қатысы жоқ. Қаңтар оқиғасы кезінде ол антикорда жүрген. Бірақ ол тізгін ұстағаннан кейін де ІІМ Қаңтардағы қылмыстарды ашуға белсене кіріскен жоқ. Қанды оқиға кезінде жақынынан айырылған, азаптауға ұшыраған тұрғындар әлі шағым айтып жүр. Бірақ билік «дәлел жоқ» деген желеумен көп істі жауып тастады. Мұндай су аяғы құрдымға кеткен істерде бұған дейін Ахметжанов басқарған ІІМ-нің де жауапкершілігі жоғары.

Өмір бойы күштік құрылымда қызмет еткен, үлкен лауазымдарда отырса да елдің есінде қалатындай еңбек сіңірмеген адам қалайша облыс әкімі болады? Бұл біздің елдегі кадр тағайындау логикасы мен жүйесінің бұзылғанын білдірсе керек. Сарапшылардың айтуынша, автократ режимде қарым-қабілет пен тәжірибе маңызды емес, биліктің көңілінен шығып, тапсырманы бұлжытпай орындаған адам ғана жауапты қызметке тағайындалады.

Саяси режимі жабық елдерде жүйедегі ойын ережесін білетін, соған бағынатын және жүйеге адал кадрлардың ғана тасы өрге домалайды. Мұндай мемлекетте шендінің өзінен жоғары басшыға адалдығы маңызды рөл ойнайды. Осы шарттарды орындаған адам қабілетіне қарамастан қызметке қол жеткізе алады. Біздің елдегі бір адамды айналдырып, әртүрлі министрлік пен әкімдік басшылығына тағайындай беретін «кадр тапшылығын» осы теориямен түсіндіруге болатын шығар...

Қуаныш Қаппас