Аида Балаева 2026 жылдан бастап МӘМС жүйесінде маңызды өзгерістер болатынын мәлімдеді
Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі 2026 жылдан бастап едәуір кеңейеді. Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұлт денсаулығы – мемлекеттің басты байлығы, ал МӘМС жүйесі әрбір азаматтың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды әлеуметтік тетік. 2026 жылдан бастап сақтандырылған азаматтар міндетті медициналық сақтандыру шеңберінде жоспарлы медициналық қызметтерді толық көлемде ала алады.
Аида Балаеваның сөзінше, бұл өзгерістер азаматтардың қаржылық тәуекелдерін азайтып, денсаулық сақтау саласын сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.
Министр қазіргі таңда елімізде 17 миллион адам, яғни халықтың 82 пайыздан астамы сақтандырылғанын атап өтті. Оның ішінде 12 миллионнан астам азамат жеңілдік берілген санатқа жатады, ал 4,5 миллионнан астамы жарналарын өздері төлейді.
Оның айтуынша, алдағы міндет – сақтандырылған азаматтар санын одан әрі арттыру. Осыған байланысты министр жүйеге әлі қосылмаған тұрғындарды МӘМС мүмкіндіктерімен мұқият танысуға шақырды.
Аида Балаева 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС пакеті едәуір кеңейетінін айтты. Атап айтқанда, қант диабеті, балалар церебральды сал ауруы (ДЦП), ревматизм және басқа да созылмалы аурулар міндетті медициналық сақтандыру шеңберіне енгізіледі. Бұл санаттағы науқастар дәрігер кеңестерін, қажетті дәрі-дәрмектерді және ем шараларын қосымша төлемсіз ала алады.
Министрдің мәліметінше, бүгінде Қазақстанда 1,5 миллионнан астам адам артериялық гипертензия диагнозымен есепте тұр, ал жыл сайын бұл аурудың асқынуынан 50 мыңнан астам инсульт пен инфаркт жағдайы тіркеледі. 2026 жылдан бастап мұндай науқастарға көрсетілетін барлық медициналық қызметтер МӘМС есебінен қамтамасыз етіледі.
Сондай-ақ елімізде 25 мыңнан астам адам созылмалы бүйрек жетіспеушілігімен өмір сүреді, олардың 8 мыңы гемодиализге мұқтаж. Аида Балаеваның айтуынша, 2026 жылдан бастап бақылау, диагностика, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, гемодиализ және тіпті бүйрек трансплантациясы сақтандырылған азаматтар үшін МӘМС пакеті арқылы қолжетімді болады.
Министр қант диабетімен ауыратын азаматтарға да тоқталды. Оның айтуынша, Қазақстанда бұл диагнозбен шамамен 500 мың адам тіркеуде тұр, ал 2026 жылдан бастап олардың емделуі мен диспансерлік бақылауы толықтай міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне енгізіледі.
Аида Балаева ауыл тұрғындарының да МӘМС жүйесіне толық енгізілгенін атап өтті. Көптеген ауыл азаматтары жеңілдік берілген санатқа жататындықтан, олардың жарналары мемлекет есебінен төленеді. Нәтижесінде ауыл тұрғындары қымбат диагностикалық зерттеулер мен жоғары технологиялық емдеу әдістеріне қол жеткізіп отыр.
Сонымен қатар, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңның жаңа нормасына сәйкес, Д және Е санатындағы төмен табысты азаматтар автоматты түрде сақтандырылып, диагностика мен емді кедергісіз ала алады. Өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар үшін де жүйеге қосылу тәртібі жеңілдетілген.
Министрдің айтуынша, бұл өзгерістер қала мен ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің баршаға бірдей қолжетімді болуын қамтамасыз етіп, халықтың денсаулық сақтау жүйесіндегі қорғалу деңгейін арттырады.