Аида Балаева «Қазақфильмге» қатысты сынға жауап берді

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Айқын» газетіне берген сұхбатында «Қазақфильмге» байланысты сынға жауап берді.
«Жасыратыны жоқ, қоғамда даңқты «Қазақфильмге» қатысты түрлі қауесет пен сыни пікір жиі айтылып жүр. Қоғамның алаңдаушылығын да, жанашыр көңілін де жақсы түсінеміз. Өйткені «Қазақфильм» – жай ғана киностудия емес, ол – қазақ киносының алтын бесігі, ұлт руханиятының шежіресі. Дегенмен негізсіз айып тағып, мәселені сан-саққа жүгіртудің қажеті жоқ деп ойлаймын. Сондықтан бұл мәселеге нүкте қойылатын кез келді.
Біріншіден, тағы да қайталап айтайын, біз «Қазақфильмнің» бұрынғы даңқын қайта қалпына келтіріп қана қоймай, оның жаңаша дамуына, тұрақты өркендеуіне тікелей мүдделіміз. Бұл – жай уәде емес, нақты қадамдармен жүзеге асып жатқан ұзақмерзімді стратегиялық жұмыс. Осы жолда бар күш-жігерімізді салып, ештеңеден тайынбай, аянбай еңбек ете береміз», - деді министр.
Аида Балаева «Қазақфильмді» дамытуға қатысты нақты қадамдар жасалып жатқанын айтты.
Соның бірі – заңнамалық өзгерістер. Заңнамалық деңгейде мемлекеттік киноқаржыландырудың жалпы көлемінің кемінде 30%-ы жыл сайын «Қазақфильмге» бағытталатын тетік енгізілді. Бұл киностудияның жұмысын тұрақты әрі қаржылық тұрғыдан орнықты етуге мүмкіндік бермек.
Министрдің айтуынша, аталған норманы іске асыру мақсатында биыл «Қазақфильмге» үш коммерциялық кино жобаны түсіруге 336 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінуде. Қазір киностудия келіссөздер жүргізе бастаған.
«Бұл жерде ескерер дүние, мемлекеттен бөлінетін әр тиынның есебі, сұрауы бар. Сондықтан бұл қаражат сараптаудан өткен, лайықты деп танылған туындыларға ғана бөлінеді. Сондай-ақ кино түсіруге ниетті азаматтар өз жобасы мен қаржысының белгілі бір пайызын, мысалы, 50 пайызын алып келсе, «Қазақфильм» қалған қаражатты бөліп, бірлесіп жұмыс істейді. Бұл ретте мемлекет қаржысының қайтарымы болуы үшін прокаттағы табысқа екі тарап та мүдделі болады», - дейді А.Балаева.
Киностудия былтырдан бастап ұлттық фильмдерді шетелде насихаттау, кино күндерін өткізу, «Еуразия» халықаралық кинофестивалін ұйымдастыру бағытында белсенді жұмыс істей бастаған.
«Тағы бір айта кетер жайт, 2024 жылы «Қазақфильм» соңғы жеті жылда алғаш рет өзін-өзі ақтайтын деңгейге жетті. Бұл – қаржылық тәртіптің орнағанын, басқару сапасының жақсарғанын, яғни шығармашылық пен менеджмент арасындағы тепе-теңдік орныға бастағанын білдіреді», - дейді ол.