Аида Балаева: Конституцияны талқылау кезінде жалған ақпарат таратуға жол берілмеуі тиіс
Елімізде алдағы даму бағыты айқындалатын маңызды тарихи кезең басталды. Жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық талқылау – Қазақстанның қоғамдық-саяси өміріндегі аса жауапты әрі шешуші үдеріс.
Алайда, осы кезеңді кейбір әлеуметтік желі қолданушылары теріс мақсатта пайдаланып, елдегі қоғамдық-саяси ахуалды тұрақсыздандыруға бағытталған әрекеттерге барып отыр. Уәкілетті органның мәліметінше, желіде негізсіз ақпараттар таратылып, жалған парақшалар мен фейк-аккаунттар ашу фактілері жиілеген.
Атап айтқанда, белгілі қоғам қайраткерлері мен танымал тұлғалардың, соның ішінде Мұхтар Шахановтың, Шавкат Рахмоновтың және өзге де азаматтардың атынан ашылған жалған аккаунттар арқылы тіл, жер сату сияқты қоғамды алаңдататын тақырыптарда арандатушылық сипаттағы ақпарат пен үндеулер жариялануда.
Сонымен қатар, елде ірі митингілер мен жаппай наразылық акциялары өтіп жатыр деген жалған хабарлар таралып, Конституцияның жекелеген баптарын әдейі бұрмалап түсіндіру деректері де анықталған. Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдары мен танымал интернет-парақшаларға техникалық шабуылдар жасалып жатқаны жөнінде де мәліметтер түсіп отыр.
Қазіргі таңда уәкілетті орган бұл жағдайларды жан-жақты зерделеп, тиісті шаралар қабылдауда.
Осыған байланысты азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге, жалған мәліметтерді таратпауға шақырды. Ресми органдардың ескертуінше, жалған ақпарат тарату қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады.