Аида Балаева: Театрлар өмірден өткен тұлғаларды шығарып салатын орынға айналып бара жатыр

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева өмірден өткен тұлғаларды мәдени ошақтардан, оның ішінде театрлардан шығарып салу рәсіне қатысты ойын білдірді. Бұл туралы ол «Айқын» газетіне берген сұхбатында айтты.
Министр кейінгі жылдары еліміздегі мәдениет ошақтары, оның ішінде театрлар өмірден өткен тұлғаларды шығарып салатын орынға айналып бара жатқандай әсер қалдыратынын айтты. Бұл ойды Қазақстан Жазушылар одағы да ескеруін сұрады.
«Бұрын Алматы қаласы әкімдігінде қызмет етіп жүрген кезімде он күннің ішінде бірнеше танымал тұлға өмірден өтті. Сол кезде театр жетекшісі Талғат Теменов қоңырау шалып, актерлер күндіз – қоштасу рәсімінде, кешке – спектакльде жүретінін, бәрінің көңіл күйі, еңсесі түсіп кеткенін айтты. «Қастерлі орда жерлеу бюросына айналып кеткен жоқ па?» деген қынжылысын білдірді. Бұл әңгіме әлі күнге дейін есімде. Шынында да, біз шығармашылық адамдардың моральдық-психологиялық жағдайын ескермейтін секілдіміз. Екіншіден, кеңестік кезеңнен қалған дәстүрлерді сол қалпында бүгінге дейін жалғастыра беру қаншалықты дұрыс?!», - деді А.Балаева.
Министр өнер мен әдебиетке еңбегі сіңген жандардың есімі ұмыт қалмауы керек екенін атап өтті. Алайда олардың рухын ұлықтау мен қоштасу рәсімдерінің форматы мен өтетін орны – қоғам мен мәдениет үшін қайта қаралатын кезеңге жеткенін айтты.
«Өнер ордасы – рухани биіктік пен шығармашылықты ту ететін киелі мекен. Алайда егер оның сахнасы жиі қаралы жиындар өтетін орынға айналса, бұл – алаңдатарлық жағдай. Мұндай үрдіс бір жағынан көрермен мен актер, сахна мен сана арасындағы байланысты әлсіретеді. Бұл пікірге кейбір зиялы қауым өкілдері реніш білдіруі мүмкін. Алайда мәселені эмоциямен емес, парасатпен қабылдайтын уақыт келді», - деп атап өтті министр.