Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
13:15, 08 Қазан 2025

Air Astana басшысы Питер Фостер қызметінен кетеді

Питер Фостер
Питер Фостер. Фото: forbes.kz

Air Astana директорлар кеңесі компанияның бас директоры Питер Фостер 2026 жылдың наурызында өз қызметінен және директорлар кеңесінің құрамынан кететінін хабарлады.

 Осыдан кейін ол компанияда аға кеңесші ретінде жұмысын жалғастырады.

Оның орнына қазіргі қаржы директоры Ибрахим Жанлыел тағайындалады. Ол Air Astana-да 2003 жылдан бері еңбек етіп келеді, ал 2017 жылдан бастап қаржы бағытын басқарып келеді.

Айта кетейік,  биыл Air Аstana ұлттық компаниясы қаржылық есебін жариялады. Соңғы бес жылда бұл компанияның қаржылық жағдайы инвесторларды аса қуантып жүрген жоқ.

Керісінше, ұлттық компания қаржылық ахуалын жария еткен сайын акционерлердің де, инвесторлардың да көңіл күйі бұзылады. Осы жолғы қаржылық есептен кейін де Air Аstana компаниясына «созылмалы дертке шалдыққан» деген диагноз қойғандар да табылды.

Компанияның ұсынған есебіне көз жүгіртсек, қатарынан екі жыл түсімі артқанмен, таза табысы құлдырап жатқанын аңғарамыз. 2024 жылы компанияға түскен жалпы қаржылай түсім 585,8 млрд теңгені құраған. Бірақ таза кірісі бір жылдың ішінде 25,52 млрд теңгеге әрең жеткен. Былтыр компанияның таза табысы 30,74 млрд теңге болған. Тура осы жағдай 2023 жылы да қайталаныпты. 2023 жылы Air Аstanа-ның жалпы түсімі 535 миллиард теңге болса, шығындарын алып тастағандағы таза кірісі 2022 жылғы 37,58 миллиард теңгеден 30,74 миллиард теңгеге азайған. Осылайша, ұлттық компанияның табысы жылдан-жылға азайып барады.

Сала мамандары Air Аstana өзінің шығындарын, операциялық және қаржылық аударымдарын мүлде бақылай алмай отырғанын айтады. Бұған қатысты компания президенті Питер Фостер ұстанған британдық менеджмент жүйесі тек шетелдік акционерлерге ғана пайдалы бола бастаған деген пікір айтылады. Қазірде Фостерді тиімді менеджер емес, керісінше, тиімсіз басшыға балайтындар да жетерлік.

Тегтер: