Air Astana басшысының жұбайы дауға қалды: оған жеңілдетілген әуе билеттерін сатып алды деген айып тағылды
Air Astana әуе компаниясындағы қаржылық заңбұзушылықтар бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында жаңа резонансты мәлімдемелер жария болды.
FlyArystan компаниясының бұрынғы қызметкері Ренат Абулхановтың қорғау тарапы жеңілдетілген әрі тапшы әуе билеттері компания басшылығының нұсқауымен рәсімделгенін, оның ішінде топ-менеджерлердің туыстарына да берілгенін мәлімдеді.
Журналист Михаил Козачковтың жазуынша, адвокаттардың айтуына қарағанда, Air Astana басшысы Питер Фостердің жұбайы – Татьяна Фостер күйеуінің қызметтік жағдайын пайдаланып, өз туыстары үшін арзан билеттер сатып алған болуы мүмкін. Қорғау нұсқасына сәйкес, мұндай тәжірибені әуе тасымалдаушы компанияның өзге де жоғары лауазымды басшылары қолданған болуы ықтимал.
Бұл іс 2024 жылдың соңында жүргізілген аудит нәтижесінде әуе компания кассасынан 1 млрд теңгеден астам қаражаттың жетіспеушілігі анықталғаннан кейін қозғалған. Air Astana құқық қорғау органдарына жүгінген соң FlyArystan компаниясының үш қызметкері – кірістерді есепке алу менеджері Еркін Исанов, сату менеджері Дәуір Еркенұлы және маршруттық желіні жоспарлау және кірістерді басқару департаментінің директоры Ренат Абулханов ұсталып, қамауға алынған.
Қазіргі таңда тергеу аяқталып, барлық айыпталушылар сот алдына шықты. Осы жағдай аясында әлеуметтік желілерде Абулхановтың ашық хаты жарияланып, онда жеңілдетілген билеттер тек топ-менеджерлердің туыстарына ғана емес, сондай-ақ кейбір шенеуніктер мен журналистерге де рәсімделгені айтылған.
Қорғау тарапы дәлел ретінде хат алмасулардың скриншоттарын ұсынды, олардың арасында Татьяна Фостермен жазысқан хабарламалар да бар. Бұл жазбаларда әуе компания қызметкерлері белгілі бір адамдар билеттерді сатып ала алуы үшін ең арзан тарифтерді арнайы уақытта ашқаны көрсетілген. Қорғаудың пікірінше, мұндай әрекеттер салдарынан қарапайым жолаушылар ең төмен бағадағы билеттерді сатып алу мүмкіндігінен айырылған.
Ренат Абулхановтың кінәлі немесе кінәсіз екенін сот анықтайды. Сонымен қатар журналист қорғау тарапы жария еткен деректерге Бас көлік прокуратурасы тарапынан әлі күнге дейін құқықтық баға берілмегеніне назар аударып, айтылған мәлімдемелердің бір бөлігі шындыққа сәйкес келуі мүмкін екенін жоққа шығармайды.