Air Astana БЖЗҚ-ны ұшпаққа шығара ма?
Жуырда Ұлттық банк зейнетақы қорының 24,9 млрд теңгесіне Air Astana компаниясының акциялары сатып алынғанын мәлімдеді.
Бас банктің хабарлауынша, бұл үрдіс ІРО (акциялардың баршаға ашық түрде сатылуы) аясында жүргізілген.
Бұған дейін БЖЗҚ-ның қаражаты «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық Қазына» қорының құнды қағаздарына да салынды. Биыл қаңтардың соңында бұл екі алпауыт компания 190 млрд теңгеге облигация шығарған. Оның 17 млрд теңгесін жеке инвестор сатып алды да, қалғаны БЖЗҚ-ға бұйырды. Сондай-ақ биыл жыл басында елде жылу орталығын салуға зейнетақы қорынан 1,5 трлн теңге бөлінетіні де белгілі болды. Жалпы, аталмыш қордағы қаражатты «ұқсату» мақсатында бірқатар салаларға жұмсағанбыз.
Мәселен, БЖЗҚ «Қазақтелекомның» 10 пайыз акциясын сатып алған кезеңдер де болды. «Халық» банкі АҚ-ның жай акцияларына, «Қазатомөнеркәсіп», KEGOC, «ҚазТрансОйл» АҚ акцияларына да зейнетақы қорының қаражаты салынды. 2017 жылы халықаралық ЭКСПО көрмесін өткіземіз деп төрткүл дүниеге жар салдық. Ең қызығы, осы көрменің құрылысына 15 млрд теңге де зейнетақы қорынан алынды. Мұны сол кезде «Қазақстанның Даму банкі» растады. Бұл қаражаттың қорға толық қайтарылғаны немесе қайтпағаны жөнінде әзірге бірде-бір дерек жоқ. Шамасы, зейнетақы қорынан трансфертті 15 жылға беруге дағдыланған үкімет ол қаражаттың да қайтарымын сол межеге белгілесе керек. Акциялар, құнды қағаздар, ірі жобалардан бөлек, 2021 жылы 8 шетелдік басқарушы компания зейнетақы активтерінің бір бөлігін басқарды. Олардың ішінде ең ірілері Pgim Limited (336,7 млрд теңге), Principal Global Investors (Europe) Limited (332,9 млрд теңге) және HBC Global Asset Management (UK) Limited (230,3 млрд теңге). Бұл үш компанияның басқаруындағы қаражат сыртқы басқаруға берілген зейнетақы активтерінің 65,1 пайызын құрады. Міне, осылайша зейнетақы қорындағы қаражатты «бос жатқызбау» үшін отандық нарыққа да салдық, шетелдік нарықты да жарылқадық. Тіпті үй алу үшін пайдалануға да рұқсат бердік. Ал енді бұл арада зейнетақы қорының қаражаты мемлекетке де, үкіметке де емес, халыққа тиесілі екенін ескерсек, «мұндай қадамдарға бару халық үшін қауіпті емес пе?» деген сауал туындайды.
Ал біз айтып отырған Air Astana әуе компаниясының IPO-ға шығару идеясы бірнеше жыл бойы талқыланды. Әуе компаниясының акцияларын ІРО арқылы жекешелендіру үкіметтің «Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған» кешенді жоспарына да енген. Сол жоспарға сәйкес компания өз акциясын ІРО-ға 2022 жылы шығаруы керек еді. Бірақ әлемдегі геосаяси ахуалға байланысты компанияның акциясын нарыққа шығару кейінге шегерілді. Компания өзінің акцияларын ІРО арқылы сататынын биыл қаңтарда мәлімдеді. Талап бойынша IPO-да сауда біткен кезде компанияның 51 пайыз акциясы Қазақстанда қалуы керек. Сонда ұлттық әуекомпаниясы өзінің статусын жоғалтпайды. Бұл жолғы саудада Air Astana 370 миллион доллар жинаған, оның 215 миллион доллары ішкі нарықтан түскен. Қазір компанияның басқарушы менеджерлері сауданың «берекелі» болғанын айтып жарысуда. Айтуларынша, акцияны сатқандар да, сатып алғандар да ұтылмаған.
ІРО-да сауда көрігін қыздырғандардың бірі – БЖЗҚ екенін біз жоғарыда айттық. Өз кезегінде мұны Ұлттық банк те растап, 14 ақпанда «БЖЗҚ зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне 24,9 млрд теңгеге Air Astanaның жай акциялары сатып алынды» деген хабар таратты.
Банктің баспасөз қызметінің бізге берген мәліметінше, Қазақстанның жоғары сапалы эмитенттерінің жай акцияларын сатып алу БЖЗҚ инвестициялық портфелін әртараптандыруға және оның кірісін арттыруға ықпал етеді. Зейнетақы қорының таратып отырған мәліметтеріне сүйенсек те Air Astana АҚ акциялары өсім көрсетіп, БЖЗҚ салымшыларына табыс әкелуде. Air Astana әуе компаниясының акциялары сатып алған күнгі бағамен салыстырғанда қазір 13 пайызға өскен.
Экономист Бейсенбек Зиябеков бұл уақытша құбылыс болуы мүмкін екенін айтады. Маманның пайымдауынша, зейнетақы қорындағы қаражаттың 51 пайызы Қазақстан үкіметіне («Самұрық» қоры арқылы), 49 пайызы Британияның BAE Systems әскери корпорациясына тиесілі Air Astana әуе компаниясының акциялары сатып алған күнгі бағамен салыстырғанда қазір 13 пайызға өскен. Акцияларына салу тиімсіз. Мұнымен біз шетелдік корпорацияны қоса байытамыз. Бұдан зейнетақы қорының қаражаты өз Отанымыздың емес, өзгенің экономикасын дамытуға қызмет етеді.
Маман сөзінен түйгеніміз, акция бағасының өсімі және дивиденд есебінен пайда көруге болады. Алайда белгілі бір себеппен ол компанияның табысы азаюы да мүмкін. Мысалы, әуе компаниясы отынға көп қаржы жұмсайды. Отын бағасы өссе, оның да шығыны артады. Бұдан компанияның кірісі қоса азаяды. Бұдан бөлек, пандемия кезінде әуе қатынасы сирегенін ұмытпау керек. Ол кезде де табыс айтарлықтай төмендеді. Әлемдік геосаяси ахуал кезінде биржалардағы бағаның құлдырауы да теріс ықпалын тигізеді. Компанияның беделіне нұқсан келсе де акциялардың құны түседі.
Бедел демекші, Эйр Астанаға қатысты соңғы кезде жағымсыз сын пікірлер де айтылып жүр. Былтыр бұл компанияға әуе билеттерін орынсыз өсіргені үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігі 6,7 млрд теңге айыппұл салған. Air Astana қызметінің сын көтермейтіні, мәжіліс қабырғасында да көтеріліп жатады. Ұлттық компанияның мемлекеттік тілге деген құрметінің төмендігі де жиі талқыға түсіп жүр. Тіпті қайбір жылы «бұл компанияны түріктер сатып алады екен» деген сыбыс та тарады. 2015 жылы «Air Astana әуе компаниясын Катар әуе компаниясы сатып алуы мүмкін» деген де болжамдар айтылды. Ал енді мұндай компанияға сеніп, акцияларын сатып алып, жеке инвестор атанудан бөлек, зейнетақы қорының активтерін салу қаншалықты дұрыс?!
Экономист-ғалым Бейсенбек Зиябеков:
«Өз басым, зейнетақы қорының қаражатына тек 100 пайыз отандық болып саналатын компаниялардың акцияларын сатып алу керек деп есептеймін. Әсіресе отандық өндірісті дамытуға арналған жобаларға салынса, оңды болар еді. Біз аламыз да БЗЖҚ-ның қаражатын жартылай шетелдіктер басқаратын компанияларға саламыз. Бұл дұрыс емес. Рас, зейнетақы қорының қаражаты «бос жатпауы» керек. Бірақ ол қаражатты «Қарапайым заттар экономикасын» дамытуға, жеңіл өнеркәсіпті тығырықтан шығаруға, ауыл-аймақты өркендетуге жұмсау қажет. Өзімізден ине, шеге шығаратын өндіріске болсын жұмсағанда, сенім күшейеді. Үкімет осы жағына қатты назар аударуы керек. Акцияларды сатып алып, қордағы қаражатты шетелдік компаниялардың басқаруына беру, одан табыс көру – уақытша мүмкіндік қана», – дейді.
БЖЗҚ пайдасы өссе, зейнетақы да өсе ме?
Логикаға сүйенсек, егер акцияларды сатып алудан зейнетақы қорында нақты түсім артып жатса, онда оның игілігін халық та көруі қажет. Үкімет акциялардан түсіп жатқан түсімнің есебінен мардымсыз зейнетақы алып отырған зейнеткерлердің зейнетақысын арттыруы керек. Алайда үкімет зейнеткерлердің зейнетақысын индекстеуге келгенде аса мәрттік танытпайды. Биыл атқарушы билік бюджетті жоспарлағанда зейнеткерлердің зейнетақысын 9 пайызға ғана өсіре алды.
Бұл ретте «Аналитик» талдау және сараптау орталығының экономист-сарапшысы Тоғжан Шаяхметова былай дейді:
«2022 жылы IPO-ға шыққан «Қазмұнайгаз» акциялары 38 пайызға, 2018 жылы биржаға келген «Қазатомпром» 363 пайызға, 2014 жылдан бері KEGOC 193 пайызға, 2012 жылы сатылған «Қазтрансойл» акциялары 12 пайызға қымбаттады. Мұндай акцияларды сатып алған зейнетақы қорында, әрине, түсім болады. Бірақ сол түсімнің қызығын ең алдымен қарапайым халық көрмей жатқаны өкінішті. Бізде ең төменгі зейнетақы 57 000 теңге. Бұл бір зейнеткердің дәрі-дәрмегіне де, тамағына да жетпейтін қаражат. Зейнеткерлер осындай мардымсыз зейнетақы алып, бейнетпен өмір сүреді. Ал БЖЗҚ-ның әкімшілік басқарушылары, үкіметтегілер, шенеуніктердің мұндай болмашы сомамен бір күнде күн көре алмайтыны анық».
Расымен де 2021 жылы БЖЗҚ әкімшілік шығындарына қатысты қызықты деректер шыққан. Бұл жылы қордың әкімшілік шығыны 15 пайызға өсіп, соның ішінде қордағы қызметкерлердің іссапарға кеткен шығыны ғана 53,3 млн теңгені құраған. Тағы осы жылы зейнетақы қорындағы басшылардың бір жылда 228,1 млн теңге сыйақы алғаны белгілі болған. Соңғы үш жылдан бері қордағы басшылардың қанша сыйақы алғаны, әкімшілік шығындары қанша болғаны жария етілмейді.
«Бұдан бөлек қазір елдегі базалық ставканың мәні 15,25 пайыз. Инфляцияның жылдық мәні 9,8 пайыз. Ал биыл жыл басында БЖЗҚ сатып алған «Самұрық-Қазына», «Бәйтеректің» құнды қағаздары жылдық кіріс бойынша 13 пайызға өсуі керек. Сол тәрізді Air Astana әуе компаниясының да акциялары құлдырай қоймайды. Акцияларды сатып алу бір-екі жылдан кейін өте тиімді жұмыс істей бастайды. «Самұрық-Қазынаның» облигацияларына жұмсаған 173 миллиард теңгеден біз жыл сайын 22,49 миллиард теңге кіріс аламыз. «Сондықтан бұл тиімді. Бірақ ол тиімділікті халық сезініп отыр ма, мәселе сонда», – дейді Т.Шаяхметова.
Сарапшы бұлайша кіріс пен табыстың соңынан қуып, акциялар мен криптовалюталарды сатып алудың қауіпті тұсы да бар дейді. Мұның тереңіне еніп, акцияларды сатып алудан тек қана пайда табамыз десек те қателескен болар едік. Мұндай тәуекелден ақыр аяғында ақшамызды жоғалтып алуымыз да мүмкін. «Сондықтан Ұлттық банк ерекше сақтықпен болжам жасап, 100 пайыз қайтатынына сенімді, табыстылығы жоғары құнды қағаздарды зерттеп, соларға инвестиция жасауы тиіс».
Жалпы, біздің зейнетақы қорында қазір 18,7 триллион теңге жатыр. Бұл қаражаттың қорда құр жатуы Ұлттық банкке де, үкіметке де ауыр жүк екені даусыз. Ол қаражатқа шаң жуытпай, «жата берсін» дейін десек, оны инфляция жеп қояды. Қазір халықты толғандырып жүрген көп сауалдың бірі де осы. Көптің көкейінде «қорға аударған қаражаттың қызығын көреміз бе, ол құнсызданып кетпей ме» деген сауалдың бары анық. Болашақта Қазақстан кеңес заманынан келе жатқан ынтымақты зейнетақыдан бас тартқалы тұр. Бұған қоса, 2028 жылы үкімет базалық зейнетақыны төлеуді де тоқтататынын мәлімдеді. Бұл 2030 жылға дейінгі Зейнетақы жүйесін ары қарай жаңғырту тұжырымдамасында көзделген. Базалық зейнетақының орнына ең төменгі кепілдендірілген зейнетақы енгізіледі деп жоспарланған. Әйтеуір үкімет «2030 жылы зейнетақыға қатысты жаңа тұжырымдамамен жұмыс істейміз» деп емексітеді. Мұнысы халықтың соры бола ма, әлде бағы бола ма, оны да уақыт көрсетер. Әзірге үкіметтегілер акцияларды сатып алып, биржаның базарын қыздырып мәз.
Естеріңізде болса, 2012 жылы үкімет пен Ұлттық банк Халықтық ІРО бағдарламасын ойлап шығарып, болашақта қарапайым халықты акционер қыламыз деген. Бірақ содан бері акционер болып шекесі шылқыған ел жоқ. Сол тұста Ұлттық банк өкілдері «банктен кредит алу тиімсіз, себебі пайыздары бойынша артық төлем төлеу керек және мүлкін кепілге салу қажет. Ал қарапайым халық акция сатып алып, биржаның тілін меңгерсе, еліміздің экономикасын дамытуға да септігін тигізеді, өзінің табысын да еселей алады» дегенді жиі айтатын. Содан бері 12 жыл өтті. Халықтың банк алдындағы қарызы былтыр 18 трлн теңгеге жетті...
Қарлығаш ЗАРЫҚҚАНҚЫЗЫ