Air Astana. Фостерлер кетеді, «аборигендер» қалады

Былтыр Мәжіліске барып сын естіп, депутаттардың базынасына мысқылмен тыңдаймын деп «күлегеш» атанған Air Astana компаниясының президенті және бас атқарушы директоры Питер Фостер келер жылдың наурызында қызметінен кететінін хабарлады.
Аталмыш компанияны 20 жыл бойы басқарған ол енді директорлар кеңесіне аға кеңесші болмақ. Ал компанияның қаржы жөніндегі кеңесшісі Ибрахим Жанлыел бас директор қызметіне тағайындалады.
Фостер кетеді деген хабардан кейін Air Astana-ның акциясының бағасы қор нарығында қатты арзандай бастады. Компанияның акциялары биржада 798,99 теңгеге дейін түсті.
Негізінде, 2024 жылдың ақпанында Air Astana IPO-ға шығып, акцияларын 1 190 теңгеден орналастырған еді. Бірақ нарықтағы қысым мен сұраныстың әлсіреуіне байланысты бағасы төмендеп, 2025 жылдың ақпанында 700 теңгеден де төмен түсті. Бұл компания үшін ең төменгі деңгей болған. Осыдан кейін біртіндеп өсу кезеңі басталғандай болған. Ал Питер Фостер қызметінен кететінін хабарлағаннан кейін компания акциясының бағасы қайта түсе бастады.
Қаржылық сарапшылар бұл жағдайды инвесторлар үшін қауіп төндіретін белгі емес деп бағалайды. Олардың пікірінше, Фостердің кетуі күтпеген жағдай емес, бұл алдын ала жоспарланған және бақылаудағы басқару ауысымы. Ибрахим Жанлыелдің тағайындалуы да бұрыннан дайындалған шешім.
Сарапшылар акцияның құны басшылықтың ауысқанынан емес, компанияның өзіне айтылған сыннан қорытынды шығармағанынан түсіп жатыр деседі.
Air Astana қандай компания?
Тарихты тарқатсақ, Қазақстанның басты әуе тасымалдаушысы Air Astana компаниясы 2001 жылы құрылған. Екі онжылдықта ол Орталық Азияның ең беделді әуе компанияларының бірі атануға жұмыс істеді. Бірақ соңғы жылдары бұл компанияның жұмысына қатысты сын күшейді. Билет бағасы, қызмет сапасы, рейстердің кешігуі мен монополиялық ұстаным туралы мәселелер жиі көтерілді. Былтыр 20 жыл бойы Мәжіліске аттап баспаған, есеп бермеген компания президентін депутаттар арнайы шақырып алып, осы жайттарды айтқан. Air Аstana-ның Қазақстанда тапқан ақшасын Лондонда жұмсайтынын, әуе компаниясына тиесілі ұшақтар Қазақстанда емес, Ирландияда тіркелгенін, Қазақстан тарапы ұлттық әуе тасымалдаушының меншігіне мүлде бақылау жүргізе алмайтынын айтып, үкімет басшысына депутаттық сауал жолдағандар да болған. Фостерге депутаттар Қазақстанның заңына бағынып, Қазақстан азаматтарының мүддесін сыйлауды да үйреткісі келген. Ол сөздерге компания басшысы миығынан күлді де отырды. Депутаттар арасында «сіз күлмеңіз, сіз бізді менсінбей отырсыз, біз сізге ештеңе түсінбейтін Африкадағы абориген емеспіз» дегендер де болды.
Бірақ сол отырыстан кейін сыннан нәтиже шығарған компанияны көрмедік. Компанияның қызмет сапасы да сол күйінше қалды, билет бағасы да аспандаған қалпынан түспеді. ТіптіАстана-Алматы бағытына билет құны кей күндері 100-150 мың теңгеге дейін жеткен сәттер болды. Ал бұл Еуропадағы қысқа рейстер бағасымен шамалас. Рейстердің кешігуі мен ақпараттың уақытылы берілмеуі; багаждардың жоғалуы немесе бүлінуі; бюрократия; клиенттік қызметтің баяу жауап беруі; онлайн-тіркеу мен қайтару жүйесіндегі қиындықтар да шешімін таба қоймады. Бұдан бөлек, аталмыш компанияның стратегиясы ел ішіндегі маршруттарды кеңейтуді емес, халықаралық бағыттардағы табысты ұлғайтуды көздейтіні байқалды.
Компания жыл сайын қаржылық есебін жариялағанымен, табыс пен шығын құрылымдары толық ашық емес. Әсіресе 41 пайызы «Самұрық-Қазынаға» тиесілі мемлекеттік үлестің тиімді пайдаланылуы жөнінде сұрақтар туындады. Мемлекеттік қатысуы бар компания ретінде Air Astana-дан қоғам алдында көбірек есеп беру талап етіледі. Алайда компания өз менеджментін сол баяғыша «жабық жүйемен» жүргізе береді. Шешім қабылдау процесіне ұлттық мамандар мен мемлекеттік органдар ықпал ете алмады. Осылайша компанияның қазіргі даму үлгісі монополиялық сипатқа ие болды.
Сапа мен баға арасындағы теңгерімсіздік, аймақтық бағыттардың шектеулілігі, басқару құрылымындағы жабықтық сияқты мәселелер реформаны қажет ететінін көрсетті. Бәсекелестік орта күшеймейінше және жолаушылар мүддесі басымдыққа шықпайынша, Air Astana табысты бренд болғанымен, халық үшін қолжетімді әуе компаниясына айналмады.
Компания акцияларының құлдырауын бірнеше себеппен байланыстыруға болады. Мәселен, компанияның бір акциясының бағасы бастапқыда 1 190 теңге болған болса, қазір 798 теңгеге дейін түсті. Сарапшылар бұл құлдырау инвесторлардың көңіл күйіне аса әсер етпейтінін айтады. Бірақ ең негізгі ұмытпауымыз керек нәрсе, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры Air Astana акцияларына 24,9 млрд инвестиция салған. Аса қомақты қаражат болып көріне қоймас, бірақ бұл халықтың зейнетақы жинағынан алынғаннан кейін акциялардың төмендеуі зейнетақы қорына да инвестициялық пайда әкеле қоймайтынын ескеру керек. Компания өзінің ақпаратында техникалық мәселелер, жердегі қызмет көрсету сапасының солқылдақтығы, рейстердің кешігуі мен операциялық көрсеткіштердің кейбір кемшіліктерінен де акция бағалары түсе бастағанын мойындаған. Шығындардың өсуі де жанама факторлар ретінде инвесторлардың сеніміне әсер еткен. Жанармай бағасының өсуі, қызметкерлерге төлемдердің жоғарылауы, әуежай тарифтерінің өсімі де инвесторлардың көңіл күйін бұза бастаған. Жалпы қаржы нарығындағы құбылмалы ахуал, валюталық тәуекелдер, инфляция, саяси немесе экономикалық белгісіздік – мұның бәрі акция бағасына кері әсер етеді.
Акционерлер мен инвесторлар үшін қаржылық көрсеткіштер мен стратегиялардың айқын болуы маңызды. Егер компанияның болашағы мен есептері түсініксіз болса, инвесторлар ол компаниямен серіктес болудан қашады.
Фостер кеткенмен, ештеңе өзгермейді
Қазір Air Astana капиталының көлемі 192 млрд теңгені құрайды. Бір жыл бұрын ол 207 млрд теңге болып тұрған. Жалпы, 2025 жыл да Air Astana үшін жаман өтіп жатқан жоқ. Бірақ әуе компаниясының қаржылық көрсеткіштерінің жақсарғанын нарық мойындамай отыр. Сондықтан биржадағы айналымда жүрген акциялары әлі күнге дейін IPO-дағы бағасынан 30 пайызға арзан сатылуда. Компания инвесторлардың мұндай төмен бағасымен келісе алмаса да, ештеңе істей алмайды.
Былтыр Air Astana акция иелеріне таза пайданың 20 пайызын ғана дивиденд ретінде үлестірген. Команияның былтырғы таза пайдасы небәрә 25 млрд теңге болғандықтан, дивидендке 5 млрд теңге ғана бағытталған. Бұл инвесторлардың жұмырына жұқ болмаған. Экономист-сарапшы Марал Төртенова инвесторлар осындай аз дивидендтік төлемнен кейін компанияның акцияларынан тез құтылуға тырысып жатыр дейді.
«Енді биыл компания таза пайданың кемінде 30 пайызын дивидендке бағыттауға шешім қабылдады. Биылғы таза пайда жоқ дегенде 50 млрд теңгеге жетуі ғажап емес. Онда 15-20 млрд теңге дивидендке бөлінбек. Ол инвесторларды қызықтыра алады», – дейді сарапшы Марал Төртенова.
Маманның пайымдауынша, Air Astana компаниясында қазір бақылаушы акционер жоқ. Ең олқы тұсы осы.
«Мемлекет ең ірі үлеске ие болса да, толық бақылау құқығынан айырылды. Қазір компанияда «Самұрық-Қазына» қорының үлесі 41 пайыз, Citibank – 21,7 пайыз, BAE Systems – 17 пайыз, БЖЗҚ – 6,6 пайыз үлеске ие. Қалған акциялар компанияның аз үлесін иеленетін акционерлердің қолында. Осыдан барып аталмыш компания «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» дегенді ұстанады. Сыннан қорытынды шығармайды. Билеттерінің бағасы өте қымбат. Шынында да, Air Astana біздің аспанның құдайы болып алған. Билеттің бағасы жақындаған кезде көтеріледі. Негізінде, Фостердің бір жылдық жалақысының өзі естен тандырады. Ол – 2020 жылы 288,4 млн теңге, 2021 жылы шамамен 309 млн теңге; 2022 жылы 394 млн теңге; 2023 жылы 404,7 млн теңге жалақы алған. Тек 2023 жылғы алған жалақысын 12 айға бөлгенде – бір айда шамамен 33,7 млн теңге жалақы шығады. Осылайша, төрт жылда тек қана Фостердің жалақысы 1,4 млрд теңгені құраған. Бұл деген сұмдық қой. Аудит палатасы қайда қарап отыр?! Антикор неге бақылауға алмайды?! Сондықтан осы компанияны мықтап тексеріп, компания басшылығына отандық азаматтарды әкелген дұрыс деп есептеймін», – дейді сарапшы.
Шетелдік басшылар мен отандық қосшылар
Ал Авиация академиясының түлегі, тәуелсіз авиа-сарапшы Айдос Жаппаровтың ойынша, қазір Фостер басшылық қызметтен кеткенімен өзінің даярлаған кадрын орнына қойып кеткелі отыр. Бұдан салада анау айтқандай өзгеріс бола қоймайды. Қазақстандағы кадр тапшылығы, басқару саласындағы менеджерлердің жеткіліксіздігі, авиациялық инженерлер, ұшқыштар мен техникалық мамандардың тапшылығы бұл салада әлі талай проблемалармен бетпе-бет келуіміз мүмкін екенін аңғартады.
«Компания басшылығында британдық менеджмент мектебінен шыққан Фостердің 20 жылдан астам уақыт отыруы кадр саясатына да кері әсер етті. Мысалы, 2000 жылдары Air Astana тек шетелдік ұшқыштар мен инженерлерге сенім артты. Отандық мамандарды көбінесе әкімшілік немесе көмекші қызметтерге тартты. Қазірдің өзінде шетелдік мамандардың жалақысы өте жоғары (айына $8-15 мың). Қазақстандық ұшқыштар мен инженерлердің жалақысы бұдан 3-4 есе төмен. Бұл әділетсіздік тудырып, отандық кадрлардың Air Astana-да ұзақ қалуына кедергі келтірді. Мемлекет тарапынан ұшқыштарды шетелде оқыту бағдарламалары аз, техникалық база жеткіліксіз. Air Astana кейде кадр даярлауды өз қаражатына ұйымдастырады, бірақ бұл ұзақ әрі шығыны көп процесс. Осы уақытқа дейін саланы басқаратын жергілікті мамандардың шықпауы осындай жайттардан кейін орын алды.
Бізде төрт әуе компаниясы бар, оның үшеуін шетелдіктер басқарады. Осы шетелдіктер басқарып отырған авиакомпаниялар мемлекетке анағұрлым пайда әкеліп те отырған жоқ. Олар ашық ақпарат бермейді. Табыстарын нақты айтпайды. Нақты түскен табысын жасырады. Бұл мемлекет үшін тиімсіз. Мысалы, Air Astana компаниясына 2024 жылы 585,8 млрд теңге қаржылай түсім түскен. Бірақ таза пайдасы бір жылдың ішінде 25,52 млрд теңгеге әрең жеткен. 2023 жылы Air Аstanа-ның жалпы түсімі 535 млрд теңге болса, таза кірісі 30,74 млрд теңге болған, 2022 жылы компанияның таза кірісі 37,58 млрд теңге болыпты. Сонда 5-7 млрд теңгеге табысы азайып отыр. Жалпы түсім 585 млрд теңгеден асса, оның 25 млрд теңгеден астамы ғана таза пайда болса, 560 млрд теңгені шығынға жұмсайтындай бұл компания не істеп жатыр?! Мұны тексеру керек», – дейді сала маманы Айдос Жаппаров.
Мамандардың пайымдауынша, компанияда ең көп үлесі бар «Самұрық-Қазына» қоры бейжай қарап отырмай, өз талабын қоя алуы тиіс. Аталмыш әуе компаниясынан ашық есеп, нақты статистиканы сұрайтын кезең әлдеқашан жетті. Алайда мұндай пікірлерге Питер Фостердің пысқырғаны бар. Ол басқарушылықтан кеткенімен, директорлардың кеңесіне аға кеңесші болатынын ескерсек, Фостер компания басшыларына «өзі 20 жыл ұстанған тактиканы дереу өзгерте қойыңдар» деп кеңес бермесі анық.
Қ. Сайлау