Air Astana қызметкердің айыптауларына қатысты ресми мәлімдеме жасады
Air Astana әуе компаниясы әлеуметтік желілерде тараған өз қызметкерінің мәлімдемелеріне байланысты ресми мәлімдеме жариялады.
Компания бұл дауға қатысты қылмыстық істің мән-жайын бағалау тек соттың құзыретіне жататынын атап өтті.
Әлеуметтік желілерде Air Astana қызметкерінің компания басшылығына қатысты айыптаулары тарағаннан кейін, әуе тасымалдаушысы ресми түсініктеме берді. Аталған жазбаларда қызметкер өзін IPO-ға дайындық кезінде басшылықтың тапсырмаларын орындаудан бас тартқаны үшін қысымға ұшырадым деп мәлімдеген.
Компанияның жауабы
Air Astana бұл айыптауларды жоққа шығарып, оларды қоғамдық пікірді манипуляциялау әрекеті деп атады. Сондай-ақ хабарда қызметкерлер арасындағы ішкі хат алмасу ретінде ұсынылған суреттер қолданылғаны айтылды. Компания бұл материалдардың шынайылығы мен толықтығын растамайтынын, ал олардың шығу тегі мен мазмұнын тек заңда белгіленген тәртіппен ғана тексеруге болатынын мәлімдеді.
Қылмыстық іс туралы
Әуе компаниясының мәліметінше, аталған қызметкерге қатысты құзырлы органдар қылмыстық іс аясында процессуалдық әрекеттер жүргізіп жатыр. Air Astana бұл процестерге қолданыстағы заңнамаға сай әрекет етіп, тергеу органдарына қажетті көмекті көрсетіп отырғанын жеткізді.
«Істің нақты мән-жайын бағалау, сондай-ақ кінәлі немесе кінәсіз екені туралы қорытынды жасау тек соттың құзыретіне жатады», – деп атап өтті компания.
Air Astana өкілдері компанияның заң шеңберінде әрекет ететінін және барлық құқықтық рәсімдер аяқталғанға дейін істің түпкілікті бағасын беруге болмайтынын мәлімдеді. Компания өз беделін қорғау үшін заңда қарастырылған барлық тетіктерді қолдануға дайын екенін де жеткізді.