Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Бүгін, 17:52

Air Astana-ның бұрынғы басшысының жұбайы жеңілдетілген билеттер ісі бойынша үкімге пікір білдірді

Питера Фостер мен Татьяна Фостер
Фото: img.bes.media

Air Astana әуе компаниясының бұрынғы президенті Питер Фостердің жұбайы Татьяна Фостер топ-менеджерлердің туыстарына төмендетілген тарифпен авиабилеттерді заңсыз рәсімдеу ісі бойынша резонансты сот процесі аяқталғаннан кейін алғаш рет көпшілікке мәлімдеме жасады.

Instagram желісіндегі жазбасында ол сот талқылауы кезеңінде отбасына қолдау білдірген жақындары мен жазылушыларына алғыс айтып, бұл уақытты отбасы үшін «турбулентті кезең» деп атады. Татьяна Фостердің сөзінше, ол әдейі жария пікірталастардан бас тартып, оқиғаға құқықтық баға берілгенін күтуді жөн көрген.

«Қымбатты достар, біз үшін біршама “турбулентті” болған осы кезеңде жанымыздан табылғандарыңыз үшін алғыс айтамын. Қолдауларыңыз, сенімдеріңіз, сабырларыңыз және отбасымызға қатысты таратылған жалған ақпаратқа қарамастан, шындық пен әділеттің салтанат құратынына бізбен бірге сенгендеріңіз үшін рахмет. Бұл мен үшін аса маңызды. Мен саналы түрде жария пікірталастарға араласпай, фактілер тілімен сөйлеу үшін соттың құқықтық бағасын күттім», - деп жазды ол.

Сондай-ақ Татьяна Фостер Air Astana компаниясының ресми түсіндірмесін келтірді. Онда шығарылған үкімді компанияның өзі бастамашы болған ішкі аудит қорытындылары толық растағаны, дәл осы аудит құқық қорғау органдарына жүгінуге негіз болғаны айтылған. Пресс-релизде сот фигуранттардың әрекетін заңсыз деп танығаны, ал сотталғандардың бірінің жария мәлімдемелері сот барысында дәлелін таппағаны атап өтіледі.

«Мұндай жағдайларда мүдделі тарап өз ұстанымын қорғау үшін компанияға, оның қызметкерлеріне және үшінші тұлғаларға қарсы жалған айыптауларды қоса алғанда, барлық мүмкін тәсілді қолдануға тырысады. Алайда сот талқылауы, сондай-ақ ішкі және тәуелсіз аудиттердің нәтижелері мүлде басқа жайттарды көрсетті», - делінген компания хабарламасында.

Компания өкілдерінің айтуынша, ішкі аудит елеулі қаржылық бұзушылықтарды анықтаған, кейін олар тәуелсіз аудиторлармен расталып, сотта құқықтық баға алған.

Еске салайық, бұған дейін Алматы қаласының Алмалы аудандық соты FlyArystan әуе компаниясының бұрынғы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарған болатын. Олар аса ірі мөлшерде мүлікті иемдену және ақшаны заңдастыру баптары бойынша айыпталған.

Сот Дәуір Еркенұлы, Еркін Исанов және Ренат Абулхановты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-тармағы («Аса ірі мөлшерде ұрлық») және 218-бабы 3-бөлігі 3-тармағы («Ақшаны заңдастыру») бойынша кінәлі деп таныды. Еркін Исанов пен Ренат Абулханов 8 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылып, мүлкі тәркіленді және бес жылға коммерциялық ұйымдарда басқарушы қызмет атқару құқығынан айырылды. Дәуір Еркенұлы 9 жылға сотталды, оған да осындай қосымша санкциялар қолданылды. Сотталғандар жазасын орташа қауіпсіздік деңгейіндегі қылмыстық-атқару мекемелерінде өтейді.