Жобалар
Редакциямен байланыс
Жарнама
Кеше, 14:10

Air Astana рейсінде тағы ақау: ұшақ Қытайға мәжбүрлі қонды

Air Astana
Фото: Air Astana

Air Astana әуе компаниясының кезекті рейсі діттеген жеріне жете алмады. Сеул-Астана бағытымен ұшқан жолаушылар ұшағы Қытай аумағындағы әуежайлардың біріне мәжбүрлі түрде қонды.

Журналист Михаил Козачковтың жолаушылардың шағымына сілтеме жасап хабарлауынша, ұшу барысында әуе кемесіндегі дәретханалар істен шыққан. Осыған байланысты экипаж қауіпсіздік мақсатында рейсті тоқтатып, Қытайдағы әуежайға қону туралы шешім қабылдаған.

Жолаушылардың айтуынша, қазіргі уақытта қазақстандықтар Қытай әуежайының гейт аймағында күтіп отыр. Оларға ауызсу мен азық таратылған. Әуе компаниясы өкілдері барлық жолаушыны қонақүйге орналастырып, рейсті келесі күні таңертең Астанаға жөнелтуге уәде берген.

«Ұшу кезінде дәретханалар бұзылып, экипаж рейсті тоқтатуға мәжбүр болды», - дейді жолаушылар өз өтініштерінде.

Айта кетейік, бұл кейінгі апталарда Air Astana рейстерінде тіркелген алғашқы жағдай емес.

  • 2025 жылғы 17 желтоқсанда Алматы- Астана бағытындағы ұшақ бортта түтін пайда болуына байланысты қайтадан Алматы әуежайына оралған.

  • 18 желтоқсанда Алматы-Бангкок түнгі рейсі Дели әуежайына мәжбүрлі түрде қонған. Ол кезде ұшақтың сол жақ қозғалтқышынан дыбыс шыққаны хабарланған.

  • 26 желтоқсанда Фукуок-Алматы бағытындағы KC 162 рейсі де дәретханалардың істен шығуына байланысты әуежайға кері қайтқан болатын.

Соңғы оқиғалар Air Astana рейстерінің техникалық жай-күйіне қатысты жолаушылар арасында алаңдаушылық туғызып отыр.

Тегтер: