Air Astana Таяу Шығысқа ұшатын рейстерді 10 наурызға дейін тоқтатты
Air Astana компаниялар тобы Таяу Шығыс елдеріне орындалатын тұрақты рейстердің тоқтатылу мерзімін ұзартқанын хабарлады.
Әуе тасымалдаушының соңғы мәліметіне сәйкес, Дубай, Жидда, Медина және Доха қалаларына рейстер 2026 жылдың 10 наурызына дейін (қоса алғанда) орындалмайды. Сонымен қатар осы бағыттар бойынша әуе билеттерін сату 17 наурызға дейін уақытша тоқтатылған.
Жолаушыларға қандай мүмкіндік бар?
Компания жоспарлары өзгерген жолаушылар үшін бірқатар жеңілдіктер қарастырған:
- билеттерді 30 сәуірге дейінгі басқа күндерге тегін ауыстыруға болады;
- сапардан толық бас тартқан жағдайда 11 наурызға дейін билет ақшасын қайтарып алуға мүмкіндік бар.
Air Astana өкілдерінің айтуынша, жолаушылар мен экипаж мүшелерінің қауіпсіздігі – компания үшін басты басымдық. Осыған байланысты мамандар Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайды тәулік бойы бақылап отыр.
Ұшу кестесіндегі өзгерістер туралы қосымша ақпарат кейінірек жарияланатыны айтылды.
Компания жолаушыларға әуежайға бармас бұрын рейс мәртебесін ресми сайт немесе мобильді қосымша арқылы тексеруді ұсынды.