Әй, әкімқара! Намыс, ұят қайда?
Кеңес одағының тұсында орыс пен Ресей қазақты барынша орыстандыруға тырысты. Дәстүрінен, тарихынан ажыратпақ болды.
Алматыда қазақша сөйлеген қазақ жастары кәрі орыс шовинистерінен сөз еститін. Биліктің саясаты сондай еді. Уәлиханды Валихан деп, Жүсіпті Джусуп деген жазғызғаны есімізде ғой. Сөйтсек, Қазақстанның тәуелсіздік алғанына отыз жылдан асса да, мұндай құлдық санадан әлі де арылмағандар өз арамызда бар екен.
Алматыдан небәрі 40 шақырым жерде Есік деген қала бар. Халық тығыз орналасқан Еңбекшіқазақ ауданының әкімшілік орталығы. Сол қаланың Жамбыл атындағы жастар саябағындағы орысша тілінде ілінген тақтайшада әлі күнге дейін «парк имени Джамбула Джабаева» деп жазылып тұр.

Бұл сорақылық еді. Қаланың әкімдігінде кілең қазақтар жұмыс істейді-ау. Қазақтың жыр алыбының есімі осылайша қорланып тұрғанын күнде көріп жүріп, біреуінің кеудесінде ұлттық намысы оянбай ма?
Қазақстан қазір тәуелсіз мемлекет. Жамбылымыз Джамбул болған кезеңді сағынып жүрген қай қазақтар? Ұят мынау, қысқасы. Өткенде Петропавлда Домбыра күніне арналған шараға әкімдіктен бірде-бір адам келмеген екен. Мерекелік шараға халық өте аз жиналып, әртістер концертті үш көрерменмен бастапты. Домбыра күнін менсінбейтін шенеуніктер есесіне тарихты бұрмалайтын қала күні мерекесін дүркіретіп тойлауға құмар. Орыстың Петропавл бекінісі құрылғанға дейін бұл жердің Қызылжар деген қазақтың мекені болғанын мойындамау, мәңгүрттік емей немене?